03 Шілде, 2015

Сақтаныңыз: селфи!

568 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Селфи немесе Дарвин сыйлығы Адамзат баласының ең ақымақ өкілдеріне берілетін «Дарвин сыйлығы» дейтін бар. Эволюция атасы Чарльз Дарвиннің құрметіне аталған бұл «атақ» ақымақтығымен өзін өзі жер жастандырып, адамдардың генефондын тазартқандар үшін тағайындалады. Бірақ, өзінің түбіне өзі жеткендер мұндай сыйлыққа ие болғандарын білмей өтеді. Өкінішке қарай, адамзат баласы қаншама өркениетке қол жеткізіп, дүние көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатса да, «Дарвин сыйлығын» алушылардың саны азаймай отыр. Кәдімгі өмірде ақылға сыймайтын әрекетімен бақилық болғандарға, яғни енді осы сыйлықты иесіне алып беруге «селфи» деген де септесуде. Мысалы, әлмисақтан беріліп келе жатқан «Дарвин сыйлығының» 2014 жылғы номинанттары қатарын селфилетемін деп жүріп, мерт болғандар толықтырды. Күндіз-түні әлеуметтік желілерге әдемі суретін салып қойып, «лайк» жинаумен өмірлерін өткізіп отырғандар да өткен жылы бұл сыйлық кімдерге бұйырғанын білсе керек. Алайда, «селфимания» дертіне шалдыққандарға ол да тоқтау сала алмай тұр. Өкініштісі, өткен жылы түбіне селфи жеткендер ішінде дап-дардай адамдар да бар. Өзінің фотоальбомын әсерлі суреттермен толықтыра түспек болған 42 жастағы Лас-Вегас тұрғыны рельстің үстінде отырып, жақындап қалған пойыздың фонында селфи жасайды. Жай ғана теміржолдың жанында тұрып суретке түсу әркімнің қолынан келеді деп ойлаған селфиші суретке түсумен әуейіленгені соншалықты, өзін пойыз мыжып өткенше отыра берген. Әрине, оның төбесіне пойыз төніп келе жатқан селфиі ғаламторды кезіп жүр. Бірақ, машинистің сигнал бергеніне қарамай, жүйткіп келе жатқан жүйрік пойыз жолында бір селфи үшін неге омалып отырып қалғанын ешкім түсіндіре алмайды. Осынау қайғылы оқиғамен айналысқан медициналық сот сарапшылары тергеу амалдары үшін оны өзі селфилеткен жерінде қан-жоса болған қалдықтарын қайта түсіруге және қала әкімшілігі пойызды тоқтатуға мәжбүр болады. Дегенмен, пойызда келе жатқан 130 жолаушыға зақым келмеген, оларға сапарларын әрі қарай автобустармен жалғастыруға тура келген. «Селфи» деген сор Қазақстанға да баяғыда жеткен. Айтқандай, «селфи» сөзін (selfie – өзін өзі фотоға түсіру) – 2013 жылы Оксфорд университетінің сөздігін құрастырушылар «жыл сөзі» деп мойындаған. Олар бұл қорытындыны былай түсіндіреді: 2012 жылы селфи сөзін қолдану 17 мың пайызға... дейін өскен. Сонымен, өмірін өзін өзі суретке түсірумен өткізіп жүрген атақты селфишілер бізде де жетіп-артылады. Олар таңертең тұрғаннан бастап, түнде талықсып ұйықтап кеткенге дейін ішкенін, жегенін, кигенін, көргенін гаджетке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеумен болады. Желілерде отыратын жұртшылық туысқандарының атын ұмыта бастаса да, тұрақты селфилеткендердің иті мен мысығына дейін біледі. Шын мәнінде өзіне өзі ессіз ғашық болып отыратындардың бітпейтін селфилерінің ар жағында былыққан өмірі, күйіп кеткен тамағы, шашылған киімі, жайраған тірлігі жатқаны сөзсіз. Мәселен, селфилеткендердің сұлу өмірінің ар жағы мүлде басқа. Уақытын «Инстаграмда» ұрлатып, күндіз-түні қара басына сүйсініп отыратындардың ішінде опық жеп жүргендері жетеді. Мәселен, әлеуметтік желіде бітпейтін суреттерімен белгілі болған бір бикешіміздің соңғы 2-3 жылдағы өмірін алайықшы. Бастапқыда бір баласы бар оның бұртиған ерні, қайқиған кірпігі бәріне ұнап, күндер өте келе оның парақшасына жазылғандар саны қырық мыңға жеткен болатын. Сәнқой қыз өзінің бітпейтін селфилерімен жалықтыра бастағанда, оған «Селкілдей бермей, балаңа қарасайшы!», «Қыдырғанға күнде ақшаны қайдан аласың?», «Неше түрлі көйлекке қаржыны қайдан табасың?» деген комменттер жазылып жүрді. Өкінішке қарай, есесіне оған еліктейтіндер өте көп еді. Қысқасы, селфилетіп жүріп күйеуге шыққан, селфилетіп жүріп тағы да ажырасып тынған, осындай виртуалды өмірі үшін өз өмірлерін сарп етіп отырған жастар неге көбейіп барады? Басқалардың жалған өмірі неге жеткіншектерімізді жалықтырмайды? Әйтпесе, әлеуметтік желілерден жеритін кез баяғыда келіп жеткен жоқ па? Қазіргі заман адамын есірткіден бетер еліттірген бұл дерттің ендігі емі қандай? Күндіз күлкіні, түнде ұйқыны жинастырып қойып, гаджетке үңіліп отырған ұрпақты енді одан қалай суырып аламыз? Бұл сауалдар бүгінде психологтарды да, психиатрларды да алаңдата бастады. Ал егер бұл дерт болатын болса, онда оның қандай дауасы бар? Жауабы жоқ. Бірақ, есесіне сарап­шылар «интернет-тұлғалардың» күн­ді­гіне қанша рет автопортреті үшін дабыл қа­ғуға болады, қаншасы жай интернетті қызық­тау екендігін ажыратуға тырысып бағуда. Бұл мәселені біздің әріптестеріміз де көтеріп жүр. Мәселен, КТК телеарнасы біз­дің жоғарыдағы кейіпкеріміз сияқты парақ­шасына жазылушыларының саны 40 мыңға жеткен (көптеген газеттердің таралымы 5 мыңнан әзер асады, 2 мың данамен шығатын журналдар бар), селфи жасамайтын күні жоқ Луиза деген қыздан сұхбат алды. Әңгімесіне құлақ түрсең, өмірінің мәні – селфи. Сорымызға қарай, ол жалғыз емес, селфи жасамаса тұра алмайтын адам қазір әр екі үйдің бірінде бар. Мәселен, бастапқыда психологтар бұл үрдіс өткінші деп есептеген еді. Алайда, селфи деген дерт қазір өршіп тұрғаны өтірік емес. Ендігі жерде психологтар өз өзін суретке түсірумен әлек болып жүргендердің баршасының ақыл-есінің дұрыстығына күмән келтіріп, диагноз қоя беруге болады деп отыр. Мысалы, жұрт нарциссизм деген аурудың бар екенін біледі. Демек, селфимания да осы дерттің екінші түрі, дейді психолог Ирина Терентьева. Сол сияқты, КТК журналистері әйеліне жіберген «ню» стиліндегі селфиі айдаладағы корей қызының телефонынан бір-ақ табылып, Азия ойындары кезінде басы бәлеге шатылған у-шу бойынша қазақстандық бас жаттықтырушы Медет Әбжановтан да сұхбат алды. Ол әйелі екеуі эротикалық селфи алмасып тұратынын, теледидарда хиджабқа оранып отырған жұбайы бұдан оғаштық көрмейтінін ортаға салып отыр. Қысқасы, жастарымыз жалын атқан шағында армандарына қарай адымдаудың орнына, өздерінің суреттеріне сүйсініп, телефонға телміріп қалғанына қаншалықты алаңдауға болады? Психологтардың айтуынша, ендігі жерде әбден қоғамға дендеп кеткен бұл дертпен психиатрлар айналысуы қажет. Шындығында да алаңдайтын, тіпті дабыл қағатын жерге жеткен сияқтымыз. Сөзіміз дәйекті болсын, осы жуырда жақын досымның үйіне шаруамен бас сұқсақ, үйінде шатақ шығып жатыр екен. Ұлының мектеп бітіру құрметіне жаятын дастарқанға қызы бір көйлегін кимеймін деп әлек салып жатыр. Қыз дегенде де ол балабақшаға бармаймын деп қиғылық салатындай жас­та емес, университет бітіріп, жұмыс істеп жүрген маман. Сондағы айтқан уәжі: «Мен мұнымен селфи жасап қойғанмын, мұндай көйлегім бар екенін жұрттың бәрі біледі...». Не күлерін, не жыларын білмей отырған замандасқа мұндайда не дерсің?! Ал психологтардың айтуынша, замана осындай болып тұрғанда аптасына 3-4 селфи жасау қалыпты жағдай көрінеді. Ал егер селфиіңіз жиілеп кетсе, алаңдай бастауға тура келеді. Егер күніне жоқ дегенде 3-4 селфи жасайтын болсаңыз, онда психиатрға ешкім мәжбүрлемей-ақ баруға тура келеді. Біз жоғарыда селфиге деген тәуел­ді­лік, психологтардың ғана емес, трав­мато­лог­тардың да көмегіне жүгінуге мәжбүр ететінін аздап жаздық. Алайда, өзін өзі суретке түсіремін деп жазым болғандар саны мұнан әлдеқайда көп. Қайран біздің ата-бабалар бір кезде ұрпағы адам ақылына сыймайтын жағдайда, соғыс болмай-ақ, апат келмей-ақ ажал құшатынын білді ме екен?! Мысалы, осы заманның интернетте отыратын халайығы жақсы біледі, неше түрлі жағдайларды жариялайтын сайттар бар. Соның бірі Ofigenno.cc керемет селфи жасаймын деп жүріп, ана дүниеден бір-ақ шыққандарды тізіп берді. Сондықтан да «Бір рет селфи жасап, оны жарияламас бұрын жеті рет ойлан» деген жаңа мәтел шығаруға тура келеді. Өзгелерге сабақ болуы үшін түбіне селфи жеткендерді біз де еске сала кетуді жөн көрдік. Жардан құлап өлген жұбайлар. 2014 жылы Пор­тугалияға курортқа демалуға бар­­­ған ерлі-за­йып­тылардың қай­ғылы өлімі ға­лам­тор арқылы әлемді шарлады. Әйелі мен кү­йеуі биік жартастың шетінде өздерін өз­­дері суретке түсіріп тұрып, аяқтары тайып ке­­тіп, тура балаларының көзінше жардан құ­лап өлді. Ана дүниеге қол ұстасып кет­кен жұптың ұлы мен қызына психиатр дәрі­­герлерге ұзақ уақыт бойы ем жүргізуге тура келді. Жеткіншек пен әжет күбісі. Бұл қай­ғылы оқиға 2015 жылдың қаңтарында орын алды. Бұл бозбала алдымен әлеуметтік желіге «Спонж Бобтың» костюмін киген селфиін салады. Жеткіншек «сұмдық» лайк жинаған суретінен кейін желідегі достарын одан да бетер ризашылыққа бөлеу үшін әжетханада ерекше селфи жасамақшы болады. Жылтырға аяғы тайып кеткен баланың басы унитазға қатты соғылып, жарылған жері қанжоса болып, жедел жәрдем келгенше жантәсілім етеді. Қыз бен көпір. Санкт-Петербургтің сүйкімді бойжеткені Ксения Игнатьеваның кәмелеттік жасына жарты ай қалғанда түбіне селфи жетті. Ол өзін Питердің көрікті жерлерінде суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауға әбден әуестеніп алған. Ол хоббиін одан әрі жетілдіріп, достарын таң қалдыру үшін биік көпірдің жақтауына шығып құс қанатты селфи жасамақшы болғанда, аяғы тайып кетіп, құлап бара жатып сасқанынан қолдарымен жалаңаш электр желісіне жармасады. Күшті электр қуаты оны аман қалдырмағаны аян. Қайғылы қоштасу. Мәселен, Еуропа халықтарында күйеуге шығатын қыз той алдында «девичник», яки үйленгелі отырған жігіт «мальчишник» жасайды. 26 жастағы Коллет Мореноның көңілді бейнесін достары ешқашан ұмытпайтын болар. Құрбысы Эшли екеуі машинамен жүйткіп келе жатып селфилетумен болады. Бір кезде құрбысы көліктің рөліне ие бола алмай, қарсы беттегі жолға шығып кетіп, жол апатына ұшырайды. Бұл ажал құшқан сұлулардың соңғы селфиі болатын. Ал Коллет тұрмысқа шығар алдында құрбыларымен қоштасу кешіне асығып келе жатқан-ды. Тағы да қыз, тағы да көпір. 23 жастағы Польша студенті Сильвия Рейчел Испанияға жасаған саяхатынан мәйіт болып оралуға да осы селфи себепкер. Бойжеткен Испаниядағы атақты Пуэнте-де-Триана көпірінің үстінде есте қаларлық ерекше селфи түсіруге әрекет етіп жатқанда, 4 метр биіктіктен құлап кетіп, бетон қабырғаға соғылып өлгені, жүрегі бірден тоқтағаны белгілі болды. Айдың ең ақымақ өлімі. 18 жастағы Анна Урсуды да ет-жақындары адам ақы­лына сыймайтын жағдайда қара жердің қой­нына тапсырды. Ол өз құрбысымен пойыз­дың үстіне шығып, ерекше кадр түсір­мек болады. Аннаның өлімі де «Дарвин сыйлығына» сұранып тұр. Вагонның үстінде жай ғана селфи жасау қызықсыз көрінген қыз суреті әсерлірек болуы үшін аяғын аспанға көтеремін деп, электр желісін жанап кетеді. 27 мың ваттық электр қуаты көзді ашып-жұмғанша қызды күйдіріп жібереді. Денесінің 50 пайызын күйік шалған Анна ажал құшты. Табытқа салған махаббат. Қазіргі таң­да интернет арқылы танысып, табысып жатқандар түк те таңсық емес. Холлоуэй Чейни мен Джейсм Николас та әлеуметтік желі арқылы достасып жүріп, Оңтүстік Африка Республикаларының біріндегі қалада кездесуге ұйғарым жасайды. Ғашықтар алғашқы кездесулерін мәңгілік есте қалдыру үшін қыратқа шығып суретке түспекші болады. Джеймс фотоаппараттың штативін орнатып жүргенде, Холлоуэй жардың шетіне тым жақындап кеткені соншалықты, ол опырылып кетіп, төменде күтіп тұрған ажалына қарай зулайды. Өмір мен өлім арасындағы экстрим. Пуэрто-Рико қаласының тұрғыны Рамон Гонсалес кәдімгідей танымал, табыскер реппер болатын. Бір күні оның ойына ерекше селфи жасау туралы идея келіп, бір қолымен мотоцикл рөлін ұстап, екінші қолында – телефон, селфи жасамақ болады. Әрі қарайғы сценарий белгілі. Мотоцикл қарсы бетке шығып кетіп, жүйткіп келе жатқан көлікке соғысады. Нәтижесінде Рамон жалындаған жас шағында бір селфидің кесірінен бұл өмірден кетті. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы мысалдар аз емес. Біздің осы мақаламыздан кейін жұрт селфи жасамай қояды деп ойлаудың өзі күлкілі. Бірақ, қасиетті уақытты селфилетуге сарп етуге немесе бір сурет үшін ажал құшуға бола ма? Сол селфидің құны адам өміріне тұра ма? Осы қайғылы селфилерді тізіп шыққан сайттардың өзі оны жариялағанда доста­рың­мен әлеуметтік желілерде бөлісуді өті­неді. Селфиге тым әуес болмауға, абай бо­л­уға кеңес береді. Әйтпесе, жоғарыдағы жағ­дайдың бәрі жазатын да, сүйінші сұрайтын да жәйттер емес. Селфиге қатысты мәселе мұнымен де шектелмейді. Мәселен, британдық The Daily Mail басылымы да 2014 жылы ең ақымақ сел­фи­лердің тізімін жасады. Кейбір селфилерге қарап отырып, адам баласының ақы­мақтығында шек жоқ екендігіне кө­зің жете түседі. Кейбір селфилердің фоны адам­ның ашу-ыза­сын туғызады. Антирейтингке ілік­кен селфилерді көріп, тіпті, адам бала­сы қай­да кетіп барады деп шошынуға мәжбүр­сің. Мәселен, әлеуметтік желінің тұрақты пайдаланушылары да суға кетіп бара жат­қан адамның фонында селфи жасағанды, табыт­тың тұсында өзін өзі суретке түсір­ген­дер­ді, дәрігерлер пациент өмірімен алы­сып жатқанда селфилеткен медбикені, тіпті, өр­тене бастаған ұшақтың ішінде селфи жасап үлгергендерді көрді. Өзімізде де жалаңаш селфилерін фейсбукқа салып, желідегі дос­тарын шулатып жүргендер жеткілікті. Қыздар құлын мүшелерін ашып, жалпақ жұртқа жариялауға қымсынбайтын болды... Күнде кигені, қыдырғаны, ішкен-жегені мен тоңазытқыштағы соғымымен селфилете берген бір танымал ақын қызымызды да әлеуметтік желідегілер төзімі таусылғанда жер-жебіріне жеткенін белсенді интернет қолданушылар біледі. Селфидің көпшілігі адамның сүйкімін кетіріп қоймай, жап-жақсы жұмысынан, тұрақты жалақысынан айырғанына да куә болдық. Мәселен, өткен жылы ресейлік бір медбике жансақтау бөлімінде ота жасалып жатқанда қан саулаған қандауырды ұстап селфилеткені жұрттың ашу-ызасын туғызып қана қоймай, жұмыстан қуылуына себепкер болғанын оқыдық. Өзіміз де әп-әжептәуір танылған, тіпті, Ресейдегі сұлу актрисалардың қатарынан орын алған қазақ қызын әлеуметтік желі ар­қылы тауып, сұхбаттасуға әрекет жаса­ғанда, бастапқыда бір түйір ана тілін білме­геніне өкпелеп жүрсек, кейін кейіпкерімізді зерттеп отырып, көбінесе әжетхана айналарында өз-өзіне сүйсініп, селфилете беретінін түсінбей, әңгімелесуден бас тартқанымыз рас. Енді не десек те, адам баласы өзі ойлап тапқан игіліктерге тәуелді ғана емес, соның икемінде адамгершілікті ұмытып бар жатқандай ма? Селфилеріне басылған «лайктарды» санаумен ғұмырын өткізіп жатқандар өзгеге қарайласпақ түгілі, өз әке-шешесінің халін сұрауға мұршасы жоқ. Қала адамдарының қазіргі қайғысы осы болса, дала баласы да осы келеңсіз үрдіске ілесе бастағаны енді бізді ойлантуы тиіс. Сонымен, сөз түйіні – сақтаны­ңыз:  селфи! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».