15 Қазан, 2015

Газ келді, газбен бірге «жаз» келді

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ACD_9843Қызылорда облысының аудан орталықтары мен ауылдарын газбен қамту ісі қызу жүріп жатыр. Көгілдір отын ең алғаш болып Жаңақорған ауданына жетті. Осылайша 25 мыңнан астам адам тұратын аудан орталығы отын мен көмірдің қиыншылығынан құтылды. Ең бастысы, еліміз бойын­ша алғаш рет бір ай ішінде облыс­тың бірден бес ауданы газбен қам­тамасыз етіледі. 10 қазан күні Қызылорда облысының әкімі Қы­рымбек Көшербаев пен «ҚазТранс­Газ Аймақ» АҚ-тың бас директоры Ибулла Сердиев Жаңақорған ауданында газ беру сәтіне куә болып, көптің қуанышымен бөлісті. Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын газдандыруға қажетті қаражат бөлінген. Ал облыстың қалған ау­дан­дары келесі жылы газбен қам­тылатын болады. Бұл жұмыстарға қажетті 16 миллиард теңгені Еуропа қайта құру және даму банкі инвестициялайтын болады. «Аудан халқы енді пеш жа­ғып, күл шығару машақатынан құтылатын болды. Бәріміз үшін арман болған көгілдір отын үйімізге жетті. Бұдан артық қандай қуаныш болсын», дейді жаңақорғандық Гауһар Бекмырзаева. – Елбасы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырған. Бұл соның жемісі. Жалпы алғанда, облыс­та әлеуметтік мәселелер тиімді шешіліп келеді «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолы салынды. Енді аудан орталықтарына газ жеткізетін құбырлар салынып бітті. Алдағы уақытта жаңақорғандықтар үшін шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселе ауыз судың жағдайы да оңынан шешілмек. Су құбырларын салу жобасы 2016-2018 жылдарға жоспарланғанымен, біз жұмысты биыл бастай беруге шешім қа­был­дап, жақында алғашқы 200 миллион теңгені бөлетін болдық. Таяуда жұмыс басталады. Осылайша, рет-ретімен халықтың тіршілігі үшін қажетті мәселелерді шеше береміз,– деді Қырымбек Елеуұлы. Жаңақорғанға газ жеткізген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың бас директоры Ибулла Сердиев те аудан жұртшылығының қуа­ны­шымен бөлісті. – Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – облысқа отандық газ жеткізілетін болады, яғни газ тоқ­таусыз беріледі. Халықтың әлеу­меттік аз қамтылған топтарына жеңілдіктер қарастырылған. Тұр­ғындардың жағдайына қарай оты­рып, пайызы төмен несие­лер арқылы біртіндеп төлеу мүм­кіндігін де ойластырдық. Сонымен қатар, тамыз бен қазан аралығында пеш және есептеуіш құралдарын сатып алушыларға 45 пайыздық жеңілдік беріледі, – деді ол. Жаңақорғандықтардың қуа­нышында шек жоқ. Талай жыл­ғы армандары орындалған аудан тұрғындарының атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Зи­наб­дин Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп, Елбасына Сыр жұрт­шы­лығының атынан алғыс айтты. Осы аптада Шиелі ауданын газдандыру басталады, одан кейінгі кезекте – Қазалы және Арал аудандары бар. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.