Парламентаралық одақтың ұйытқысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінде өткен Парламенттер спикерлерінің дүниежүзілік 3-ші конференциясы қорытынды декларация қабылдаумен аяқталды. Әлемнің 180 елінің екі жүзге тарта парламенттік топтары қатысқан айтулы басқосу 2015 жылға дейінгі Мыңжылдық дамуы мақсатының орындалуы барысын және алдағы міндеттерді айқындап берді.
Соңғы 2005 жылғы өткен конференциядан кейін әлем сан алуан өзгерістерді басынан кешірді. Әсіресе, жаһандық экономикадағы құбылыстар, климаттың өзгеруі, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздік және адам саудасы мен миграция мәселесі әлі шешімін таба қоймаған. Бұдан басқа мол шығынға ұшыратқан табиғи апаттардың орын алуы, лаңкестік, қару-жарақтардың заңсыз айналымы, қарақшылық және өзге қылмыстардың өзгеше ұйымдасқан түрінің сипат алуы байқалуда. Оның үстіне әлемде тұрмыс деңгейі әр түрлі елдер арасындағы алшақтық артып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық мемлекеттердің тәуелсіздік теңдігін қамтамасыз еткенімен, ұлттық парламенттер бұл бағытта өзінің қолдауын білдіруі тиіс. Бұның барлығы да Парламенттер спикерлерінің дүниежүзілік 3-ші конференциясында қабылданған декларацияда көрініс тапты.
Қазақстан да Мыңжылдық дамуы мақсаттарын орындауда кедейшілік санын қысқарту, экология, ана мен бала денсаулығын жақсарту, гендерлік теңдік және бастапқы білім беруге қолжетімділік мәселелерін басты назарда ұстауда. Өзінің жасаған баяндамасында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының басшылығымен Мыңжылдық мақсаттарында көрініс тапқан соңғы үш мәселе жүзеге асырылғандығын ерекше атап өтті. Үкімет күн тәртібіне “МДМ плюс” деген міндеттеме қабылдап, өзге елдердің тәжірибелері, тиісті мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық статистика, сараланған ұлттық басымдықтар негізінде еліміз үшін лайықталған қосымша мақсаттарды жүзеге асыруды қолға алған. Осы кезге дейін еліміз МДМ орындауға қатысты төрт баяндама әзірлегені белгілі. Әйтсе де, мемлекет тарапынан жіті қадағалауды талап ететін тұстар да жоқ емес. Ол әсіресе ана мен бала өлімі, ВИЧ/СПИД және туберкулез сияқты мәселелермен тығыз байланысты. Алайда, қазірдің өзінде Қазақстан 2015 жылға дейін МДМ көрсетілген міндеттердің біразын орындайтынына сенімді екенін байқатты.
Осындай міндеттерді жүзеге асыруда әлем парламенттерінің ұйысқан ошағы болып табылатын Парламентаралық одаққа ерекше үміт артылуда. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да өз сөзінде әлемге кәсіпқой әрі өткір тілді парламенттер қажет деп тегін айтпаса керек. Сондай ықпалды одақ ол – Парламентаралық одақ болып табылады. Одақтың қабылдаған шешімдері міндетті саналмағанымен, оның ықпалы халықаралық ұйымдар мен үкіметтерге, әлемдік қауымдастыққа жүріп отырғандығын мойындау керек. БҰҰ жанынан консультативтік мәртебеге ие ПАО оның Хатшылығымен және өзге де құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұның алдындағы отырыстар БҰҰ тарапынан немесе бірлесе ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылғаны белгілі. ПАО Хатшылығы Женева (Швейцария) қаласында орын тепкен. Оның Бас хатшысы Андерс Джонсон (Швеция) болып табылады.
Негізінен, Парламентаралық одақ – әр түрлі мемлекеттердің ұлттық парламенттік топтарын біріктіретін, байырғы халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1889 жылы құрылған. ПАО құрамына қазір 155 мемлекеттің парламенттік топтары кірсе, одақтың негізгі міндеті халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту ісіндегі бірлескен жұмысты және парламенттер арасындағы байланыстарды ынталандыру болып табылады. Одақтың қазіргі президенті Намибия Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Тео-Бен Гурираб. Ол 2008 жылы 15 қазанда үшжылдық мерзімнен тұратын осы қызметке сайланған-ды. Қазақстан Республикасы Парламенті ПАО мүшелігіне 1993 жылы 4 наурызда қабылданса, еліміз 1998 жылдан “Еуразия” геосаяси тобының құрамына кіреді. Ал 2000 жылдан еліміз одақтың жыл сайынғы өтетін барлық іс-шаралары мен конференцияларына қатысуда. Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандық делегация жыл өткен сайын парламентаралық бірлестіктегі жұмысын жандандыра бастады.
Мінберден сөз алған спикерлердің дені адам құқын құрметтеу және заңдылықтарды сақтау демократияның негізінде жатыр дегенді тілге тиек ете кетті. Мұндай міндеттерді жүзеге асыру үшін ұжымдық ерік-жігер қажет немесе қоғамдағы келеңсіздіктерді әділ сайлау өткізу арқылы түзетуге болады дегендер де болды. Сөз орайы келгенде аймақтық проблемалар да айтылмай қалған жоқ. 2015 жылдары халықаралық деңгейде әйелдердің санын заң шығару органдарында орташа есеппен отыз пайызға арттыруға ұмтылыс жасау керектігі де қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ету тетігі ретінде ұсынылды. Нәзік жандардың қоғамдық өмірде белсенді әрекет етуіне кедергі болатын барлық дискриминациялармен күресу басты назарға алынды. Сондай-ақ, БҰҰ-ның өкілетті сипатын және демократиялық принциптерін күшейту арқылы оның тиімділігі мен орнықтылығын арттыру ерекше маңызға ие екендігі де атап көрсетілді. Ұйымның өзі, оның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің рөлі артатындай болып реформалануы тиіс. Осы ретте конференцияға қатысушылар тарапынан БҰҰ ядролық қарудан азат, бейбітшілікке қол жеткізу және ядролық қарусыздану тұрғысындағы 5 пункттен тұратын ұсынысы ерекше қолдауға ие болды. Бұл ұсынысты Қазақстан да жоғары бағалайтындығын жеткізген Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев еліміздің ядролық қарусыздану бағытынан айнымайтындығы көпшілікке аян екендігін тағы қуаттады. Жақында Семей өңіріне жасаған сапарында БҰҰ Бас хатшысы еліміздің антиядролық ұстанымын жоғары бағалаған болатын. Міне, осы жоғары баға халықаралық міңберден айтылды.
Қорыта айтқанда, ұлттық парламенттер шеңберіндегі, жалпы, парламенттер арасындағы ынтымақтастық пен үнқатысу, саяси партиялардың пікірталасын арттыруда өзіндік үлес қосып отырған Парламентаралық одақ жұмысы ерекше. Аталған халықаралық маңызды шара және ондағы қабылданған декларация әлемнің барлық елдерінде ұлттық парламенттердің рөлінің артуына, олардың белсенді әрекетіне игі ықпалын тигізуі шарт.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.