02 Сәуір, 2015

Ел егіс науқанына дайын

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-850Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров баспасөз мәслихатын өткізді. Ол бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің егіс науқанына дайындығы жөнінде айтты. Көктем ерте келетін оңтүстік өңірде дала жұмыстары басталып та кетіпті. Осыны айтқан вице-министр биылғы жылы ауылшаруашылық дақылдары 21,5 млн. гектар алқапқа егілетінін жеткізді. Дәнді дақылдар 15,2, оның ішінде бидай 12,2 млн. гектарға себілетін көрінеді. Ал, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмысты күшейту мақсатында министрлік бірқатар шаралар қабылдапты. Мәселен, бидай өндірісін субсидиялау нормалары қысқартылып, қосымша бөлінген қаражат есебінен өзге басым дақылдарға көтеріңкі субсидия нормативтері белгіленген. Кейбір сандарға зер салсақ, биыл бидай алқаптары – 235, күріш 8,5 мың гектарға қысқарыпты. Соның есебінен дәнді-жем, бұршақты және жарма дақылдарының алқабы 104 мың гектарға ұлғаятын болады. Майлы дақылдарды 2,2 млн. гектарға, жемшөп дақылдарын өткен жылғы деңгейден 349 мың гектарға өсіре отырып, 3,7 млн. гектарға жуық алқапта орналастыру көзделіпті. Биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, шаруаларды одан әрі несиелендіруге 60 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген. Бұл былтырғы 20 млрд. теңгеге артық. Көрсетілген қаражат қарыз түрінде екінші деңгейлі банктер мен Азық-түлік келісім-шарт және Аграрлық несие корпорациялары арқылы беріледі. Сондай-ақ, бүгінде барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тұқыммен қамтамасыз етілген. «Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша, 2,2 млн. тонна тұқым сақталды, бұл қажеттіліктің 94 пайызын құрайды. Десек те, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 162,5 мың тонна көлемінде дәнді дақылдар тұқымының тапшылығы болған. Әйтсе де, тапшылық облысішілік, облысаралық алмасу және бидайды форвардтық сатып алу бағдарламасы есебінен 100 пайызға толтырылды. Ал, қажетті дизель отынының көлемі 366 мың тонна мөлшерінде. Операторлардың шығындарын ескергенде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 81 теңгені құрайды», деді С.Омаров. Егіс науқанына керек техниканың әзірлігі де көңіл көншітерлік. Осы кезде республикада 154 мың трактор, 90 мың дәнсепкіш, 334 мың топырақ өңдеу құралы, 5 мың бүріккіш, 3,4 мың заманауи жоғары өнімді себу кешені бар. Вице-министрдің сөзіне илансақ, науқанды жақсы өткеруге осы техникалар жеткілікті. Шарада бидай экспорты да назардан тыс қалмады. «2014-2015 жылдарға Қазақстанның экспорттық әлеуеті 7 млн. тонна деңгейінде жос­парланып отыр. Бүгінде 4,7 млн. тонна жөнелтілді, бұл астық дәстүрлі бағыттарда экспортталды. Негізінен, бидай Орталық Азия, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Қытай елдеріне жіберілді. Мұнымен бірге, 1,1 млн. тонна көлемінде ұн экспортталды. Енді Таяу Шығыс бағытындағы перспективаға тоқталсам, негізінен біздің астықты Иран жағы тасымалдайды. Осы орайда аталған елге дейінгі теміржолдың құрылысына байланысты биыл экспорт көлемі екі есеге артады деп үміттенеміз», деді министрдің орынбасары. Елімізде бау-бақша мен жеміс-жидек өндіру саласындағы жұмыстар жөнінде қойылған сұраққа: «Қазақстан жеміс-жидекпен өзінің ішкі нарығын 80 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», деп жауап берді С.Омаров. Өз еліміздің Астана базарларындағы жеміс-жидектерінің көлемі мен үлесі қан­дай екенін білетін журналистер вице-ми­нистрдің бұл жауабына күмәнмен қарады. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».