ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев кеше Ұйымның Венадағы Тұрақты кеңесінің Қырғызстанға Полицейлік Консультативтік Топты жолдау туралы қабылдаған шешімін жоғары бағалады, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
“Қазақстан басынан бастап, ұйымның мандатына сәйкес, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы жағдайды реттеуге барынша тиімді қатысуын қолдағаны белгілі. Осы орайда біз әуел бастан Қырғызстанның Полицейлік Консультативтік Топты жолдау туралы өтінішін қолдаған болатынбыз. Мен ЕҚЫҰ-ның барлық 56 мүше-мемлекеті көрегендік танытып, Қырғызстанға полицейлік консультанттар жіберу жөнінде келісімге келгендеріне және біздің Венадағы өкілетті өкілдеріміздің шешімімен рәсімделгенін шын ниетіммен қолдаймын. Полицейлік Консультативтік Топтың жақында қантөгіс қақтығыстардың аренасына айналған аймақтарда болуы елдегі сенімнің артуына, тұрақтылықтың нығаюына және тәртіптің орнауына өз ықпалын тигізеді. Алматыда өткен ЕҚЫҰ министрлерінің бейресми кездесуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан алдағы уақытта да туыстас Қырғыз еліне ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, екіжақты форматта да өз қолдауын көрсете бермек”, деп атап көрсетті Қ.Саудабаев.
Үстіміздегі жылдың 22 шілдесінде ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі Қырғызстанға Полицейлік Консультивтік Топты шұғыл түрде жіберу туралы шешім қабылдағаны белгілі. ЕҚЫҰ-ның мүше мемлекеттерінің азаматтары ішінен құқық қорғау саласының мамандары арасындағы жедел түрде өткен іріктеуден кейін 52 адамнан тұратын бірінші топ шамамен төрт айға жіберілетін болады.
Қырғызстанның үкіметі мен ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесінің шешімі бойынша миссияның мерзімі, сонымен қатар қатысушылардың саны көбеюі мүмкін.
17 шілдеде Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінің соңында Қырғызстанға Полицейлік Консультивтік Топты жіберу туралы мүше мемлекеттер арасында келісімге қол жеткізілгені туралы хабарланған болатын.