21 Мамыр, 2015

Жеңілдетілген несие шаруа қожалықтарында ірі қара мал басын көбейтуге жеңілдігін тигізе бастады

513 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай кезде де елді отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті. Осы тұрғыдан алғанда мал шаруашылығын дамыту үшін жасалған мемлекеттік бағдарламалар мен қолжетімді несиелер қаншалықты нәтижелі? Осы сауалдың нақты жауабын іздеп сейсенбі күні Алматы облысының Іле ауданына жол тартқан едік. 

Егер елдің есінде болса, осыдан дәл 4 жыл бұрын республикамызда ірі қара мал етін экспорттауды дамытуға бағытталған «Сыбаға» атты бағдарлама бастау алған-ды. Содан бері мыңдаған шаруа қожалықтарына ірі қара малдың басын көбейту үшін асыл тұқымды бұқалар мен етті ірі қара мал сатып алуда жеңілдетілген пайызбен несиелер беріліп келеді. Мұнан да бөлек, фермерлерге ша­руашылықтың айналым қаражаттарын толықтыруға да бюджеттен ақша бөлінген.

Қысқасы, осынау мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті – мал шаруашылығын тұрақты дамытып, фермерлік кәсіпорындарды ірілендіріп, ет өнімдерінің сапасын жақсарта отырып, бағасын арзандату болатын. Сонымен, «ҚазАгро» ұлт­тық басқарушы холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын еліміздің барлық аймақтарынан «Сыбаға» бағдарламасына қатысуға мүд­делілік танытып отырған шаруа қожалықтарының саны көбейіп келеді. Осы бағдарлама қолға алынғаннан бері корпорация сомасы 29 миллиард теңгеден асатын 2400 ден аса жобаны қаржыландырып, бұл 156 мыңға жуық ірі қара малын сатып алуға мүмкіндік берген. Мәселен, мұндай фермерлердің қатарында БАҚ өкілдері арнайы ат- басын бұрған Алматы облысындағы «Бектөбе» шаруа қожалығы да бар. Сонымен, баспасөз сапары ба­рысында журналистер ірі қара мал бағудың барлық жай-жапсарына әбден қанық болды. Жеңілдікпен берілген қарыздар ауыл шаруашылығы бизнесінде нақты табысқа қалай жетуге болатынын көрсетіп берді. Мысалы, Іле ауданындағы «Бек­төбе» шаруа қожалығының бас­шысы Еркебұлан Миғыманов шаруа­шылығын одан әрі кеңейтуге қаражат көзін іздестіріп жүрген. Өткен жылдың басында оның фермасында 44 сиыры мен екі жүздей қойы болған. Еркебұлан осындай жеңілдікпен берілетін несиенің бар екенін біліп, бірден өкілетті мекемелерге құжаттарын өткізеді. Аграрлық несие корпорациясы да өтінішті сараптай келе жобаны қаржыландырған. Осы қаржы қолға тиісімен «Бек­төбе» шаруа қожалығы 20 миллион теңге төңірегіндегі қаражатқа төрт асыл тұқымды бұқа мен 100 шақ­ты аналық бас ірі қара мал сатып алған. Содан бері де бір жыл өтпеген, есесіне желіндері жер сызған сиырлар бұзаулап жатқан жайы бар екен. Ұрғашы бұзаулар табын санын көбейту үшін фермада қалдырылып, ал өгізшелер ет комбинатына өткізу үшін жемдейтін жерлерде бағылып жатыр. Осы арада фермерлер жемшөпті өздері даярлап отырғанын айта кету керек. Бұл да аз маңызға ие емес. Бұл үшін арнайы учаскелерде арпа, бидайық, жоңышқа, жүгері өсірілуде. Қысқасы, шаруалар жо­ғары­дағы мемлекеттік бағдар­ламаның талаптары көкейден шығатындығын айтады. Ұзақ мерзімде өтеуге болатын төмен пайыздық несие, негізгі қарызды өтеуге қарастырылған жеңілдіктер қожалықтың аяғынан тұруына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Яғни, несие мерзімі мал басын көбейтіп, оларды бордақылап сатып, табыс табуға мүмкіндік береді. Ендігі жерде ауыл кәсіпкерлері алдағы уақытта ірі қара малдың басын 400-ге дейін жеткізіп, бордақылау цехын салып, ет пен сүт өндірісінің де көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Оған қоса фермада жұмыс істейтін көмекшілердің де жағдайлары қарастырылып, оларға үй, монша салынған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облысы филиалы директорының орынбасары Алуа Баймұхамбетованың айтуынша, өткен жылы Алматы облысындағы 83 шаруа қожалығы осынау мемлекеттік бағдарламаның арқасында 6500 ірі қара мал сатып алуға қол жеткізген. Биыл мал шаруашылығының өркендеуі өткен жылғыдан да жақсы деуге болады. Яғни бұл өңірде үстіміздегі жылы 9900 бас ірі қара мал сатып алу көзделіп отыр. Ал әлеуеті бар қарыз алушы­ларға қойылатын басты талап – бұрыннан өзінің 25 пайызға жуық ірі қара малы мен оларды ұстауға болатын қора-жайы, жемшөппен қамти алатын базасы, жақын маңда жайылымы болуы қажет екен.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

Алматы облысы, Іле ауданы.