Бақ қонып, құт дарыған қазақ даласы ұрпағына бар байлығын жомарттана жайып тұр. Қазақстан өзінің осы бір ұлан-ғайыр дархан даласының географиялық орналасуының арқасында Еуропа мен Азия елдерін байланыстыратын алтын көпірге айналды. Мемлекет басшысының жақында жариялаған Ұлт жоспарын іске асыру арқылы Қазақстан ірі көлік-логистикалық хабқа айналмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамда «Эйр Астана» халықаралық бағыттарға ыңғайластырылады және әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) жаңа бағыттар ашады. «Эйр Астананың» дамуы «ҚТЖ»-ның баламалы маршруттарды дамыту жөніндегі жоспарымен үйлестіріледі, бұл жүктерді жеткізу құнын екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді» деп атап көрсетілген. Осыған орай «Эйр Астана» әуе тасымалдаушысы аталған бағыттарға ұшу сапарларын ұйымдастыру, жаңа бағыттарды бағындыру міндеттеріне кірісті.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын салудың соңғы кезеңін жүзеге асыруда. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік-логистикалық кешен алаңында басқа да нысандар құрылысы салынуда. Жақын арада кедендік рәсімдеу орталығы және контейнерлік терминалдар қолданысқа енгізілетін болады. Көлік-логистикалық кешен құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. 2016 жылы халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізімен ұштасатын автокөлік жолы пайдалануға берілмек.
Тағы бір айта кететін мәселе, «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымында арнайы «Airport Management Group» ЖШС құрылып, отандық бірқатар әуежайларды дамыту міндетін қолға алды. «Қазақстанның 11 мемлекеттік әуежайын дамытуға 2030 жылға дейін 250 миллиард теңге немесе 1 миллиард еуро қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаржыға әуежайлардың ұшу-қону алаңдары жаңғыртылып, жаңа терминалдар құрылысы салынып, ұшақтарға қызмет көрсететін жаңа техникалық қондырғылар сатып алынбақ. Бұл аталмыш мемлекеттік әуежайлардағы қызмет көрсету сапасын жақсартып, қауіпсіздікті арттырады», дейді «Airport Management Group» компаниясының басқарма төрағасы Клод Бадан.
«Airport Management Group» ЖШС «KTZ Express» акционерлік қоғамының 100 пайыздық серіктес кәсіпорны болып табылады. Ол мемлекеттік әуежайларды басқару мақсатымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымында дүниеге келген болатын. Өткен жылдың қыркүйек айында 11 мемлекеттік әуежайдың алтауының – Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Шымкент және Қызылорда әуежайларының мемлекеттік пакет акциялары 7 жыл мерзімге «Airport Management Group» ЖШС-іне басқаруға берілді. Алдағы уақытта бұл компанияға Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларының әуежайлары да беріледі. Компания басшысының айтуынша, олар бұл әуежайларды халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртып, ұшу-қону қауіпсіздігін жақсартады. Сонымен бірге, олар алдағы уақытта бұл мемлекеттік әуежайлардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесін де өз міндеттеріне алып отыр.
Қазіргі уақытта «Эйр Астана» елордадан Сеул, Париж және Тбилиси қалалары бағыттарына халықаралық ұшу сапарларын жүзеге асырады. Еске сала кететін болсақ, биылғы жылы 29 наурызда «Эйр Астана» әуекомпаниясының «Бойнг-757» әуе кемесі Астанадан Парижге алғаш рет тікелей ұшу сапарын жүргізді. Енді бұл халықаралық ұшу сапары аптасына үш рет (сәрсенбі, жұма, сенбі) қатынайды. Оның ұшу уақыты 7 сағатты құрайды. Алдағы уақытта «Эйр Астана» компаниясы Дубай және Гонконгпен тікелей әуе байланысын орнатпақ. Ал 2016 жылы Жапония астанасы Токио қаласына тікелей ұшу бағытын ашады. 2019 жылы қазақстандықтар Нью-Йорк қаласына тікелей ұшу мүмкіндігіне ие болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, болашақта Астанада төрткүл дүниемен тікелей байланыс жасайтын тоғыз жолдың торабы түйіседі.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».