15 Қазан, 2015

Алдағы қыс қандай болады?

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Қазгидромет»Алдағы қыс айлары жылдағыдан суық болғалы тұр. Бұл жөнінде 2015-2016 жылдардың суық маусымдарына арналған консультативтік болжамдар бойынша баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» РМК Гидрометорталығының директоры Баян Сазанова айтты. Шараға мекеменің бас директорының орынбасары Нұркен Сұлтанов пен Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы да қатысты. Биылғы қыс айларында өткен жылмен салыстырғанда және көпжылдық тәжірибеге сүйене айтқанда көп айырмашылық болмайды екен. Тек қаңтар айында ызғарлы жел соғып, қалыпты нормадан 1-2 °С төмен болады деп болжаныпты. Осыны мәлімдеген орталық директоры, әр айдың онкүндіктерінде орын алуы ықтимал ауа райы туралы әңгімеледі. «Қараша айына жасалған болжам бо­йынша ауа райы құбылмалы, жауын-шашынды әрі қатты жел жиі соғуы мүмкін. Оған қоса, тұманды және көктайғақ болады. Сондай-ақ, қарашаның бірінші және үшінші онкүндіктерінің соңында суық ауа массаларының енуіне байланысты күн райы күрт суытады. Солтүстік аймақтарда түнде – 20, күндіз 12 градус аязға дейін төмендесе, оңтүстік аймақтарда түнде – 10, күндіз 3 градус аяз болады», деді ол. Ал қар жауатын мерзім туралы, республикамыздың солтүстік, шығыс және орталығында айдың бірінші онкүндігінде ақ ұлпа түсіп, батыс пен оңтүстік-шығыста үшінші онкүндікке қарай қар жауатынын айтты. Қыс айлары жөніндегі болжамдарға да тоқталды. «Осы жылдың желтоқсан айында еліміздің басым бөлігінде қар аз жауады және ауаның орташа айлық температурасы былтырғы осы мерзімдегідей болады деп болжануда. Бірінші онкүндіктің соңында және жаңа жыл мерекесі қарсаңында Батыс Сібір және Таймыр түбегінен енетін ультраполярлық суық ауа массаларының салдарынан ауа температурасы солтүстікте және орталықта минус 28 градусқа, шығыс өңірлерде минус 36 градусқа төмендейді. Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес алдағы жылдың қаңтар айы Таймыр түбегінен үздіксіз енетін суық ауа массаларының ықпалынан ызғарлы, яғни ауаның орташа айлық температурасы қалыпты мөлшерден 1-2°С төмен болады деп болжануда. Ең төменгі температуралар айдың басында, ортасында және үшінші онкүндікте байқалады. Еліміздің солтүстік жартысында минус 45 градусқа дейін төмендесе, оңтүстік жақта 30 градус аяз болады. Ал ақпан айында циклондардың жиі өтуіне байланысты қар шамадан тыс көп жауып, аяздың әлсіреуіне және ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде мөлшерден 1-2 градус жоғарылауына, яғни жылынуына себепші болмақ. Дегенмен, болжамға сәйкес бірінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндікте екі суық толқын келеді деп ойлаймыз. Ол кезде республиканың солтүстік жартысында минус 30 градусқа, оңтүстік аймақтарда 20 градус аязға төмендейді», деді Б.Сазанова. Оның сөзіне қарағанда, көктемнің алғашқы наурыз айы жылы климаттық мөлшерден 1-2 градус жоғары болып, көктем ерте келеді екен. Бұл әсіресе айдың екінші жартысында анық байқалатын көрінеді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».