15 Қазан, 2015

Бірлескен істің берері көп

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ИсмагуловҚазір тұрғындардың тұрмысына қатысты өз өнімдерін жарнамалап, сапалы қызмет көрсетуге сенімділік танытып жататын өнім өндіруші компаниялар көп. Бірі тағам өндірсе, бірі терезе жасап, үшіншісі есік дайындап ұсынуда. Ақтауда өзінің сапалы есіктерін ұсынып, халықтың талғамына татитын өнімдерімен көзге түскен кәсіпорындардың бірі – «ТРИДЭ» сауда компаниясы. Ресейлік кәсіпорынмен бірігіп, серіктес ретінде жұмыс жасайтын қазақстандық компанияның директоры Руслан ИСМАҒҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік. – Руслан Бауыржанұлы, өзіңіз басқаратын компанияның айналысатын кәсібі, яғни заманауи есіктер дайындау тұр­ғын­дар үшін қажетті екені белгілі. Компания қай жылы құрылып еді? – Қазір еліміздің барлық өңірінде құрылыс қарқын алып тұр. Жеке баспаналар салудан бас­тап, түрлі әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік орындарға қатысты бірінен-бірі асып түсетін алып, сәулетті ғимараттар көптеп бой көтеруде. Ол ғимараттарға болсын, жеке баспаналарға болсын қауіпсіз, заманауи стандарттарға сай, әрі сәнді есіктердің қажет болатыны белгілі. Біз өз кәсібімізге осы бағытты нысана еттік және осы мақсатта 2007 жылы аталмыш компанияны құрған болатынбыз. Жұмыстың сапасын арттыру, өз тұтынушыларымызға сапалы өнім ұсыну және нарықтың талабына сай бәсекелестік ортада нық болу үшін өзімізге тәжірибе алмасып, сенімді серіктес бола алатын әріптес іздедік. Таңдауымыз ресейлік сыртқы есік дайындау­шы кәсіпорындар арасында жетекшілік сипатқа ие «Интекрон» зауытына түсті. Бұл тек Ресей ғана емес, ТМД аумағында өз саласының көшбасшысы болып табылады. 2012 жылдан бері көрші елдің осы зауытымен келісім-шартқа отырып, серіктес ретінде бірлесе жұмыс жасаудамыз. – Өнім дайындаудағы басты ұстаным қандай? – Заманауи жабдықтың өндірісте ұдайы жетілдіріліп отырған технологиямен үйлесім табуы, сондай-ақ жоғары санатты мамандардың көпжылдық тәжірибесі біздің жұмысымызға сапа мен бағаның дәстүрлі үйлесімін сақтай отырып, шедевр­лер жасау мүмкіндігін береді. Біз сыртқы есік жасаудағы өз ізденісіміздің көкжиегін кеңейте отырып, ең алдымен жаңа технологияларды пайдаланып, сапалы өнім жасауды мақсат еттік. Осы өз өніміміздің сапасына үнемі назар аударып отыруымыздың нәтижесі ретінде есіктеріміздің тұтынушылар арасында өтімді және ықыласқа ие екендігін айтқым келеді. Сапа жоғары, ал баға мәселесінің тұрғындар үшін әрдайым қолжетімді болуын қадағалап келеміз. «ТРИДЭ» компаниясы – бұл архитектуралық-дизайнерлік өнер­дің заманауи технологияларын пайдалана отырып, кез келген күрделі мәселелерді кәсіби жә­не жедел түрде шешіп жатқан кәсіпорын. Ол азаматтар мен бизнеске стандарттық та, сонымен қатар, әсемдік, сапа және қауіпсіздікті ерекше сақтайтын, заманауи өнім модельдерін уақыттан қалыспай ұсынатын мамандардың ұйымшыл тобы. Бүгіндері біз, соның ішінде тұрмыстық құрылыстардың, әкімшілік ғимараттардың әртүрлі құрылыстары, мемлекеттік мекемелер, мұнай компаниялары үшін бөлшек те, көтерме де аймақтық қоймалар мен сатылымдарды жемісті ұйымдастыра отырып, Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Атырау және Ақтөбе секілді қалаларда белсенді жұмыс атқарудамыз. – Жеке өнім өндіруші ретінде биік белестерге, ірі шараларға қатысушы бола алдыңыздар ма? – Иә, ірі шараларға қатысу кез келген өнім өндірушінің жұмыс сапасын арттыруға, өз кәсіпорнының болашағына лайықты бағдар жа­сауына ықпал етеді. Біздің ком­паниямыз өзіміздің ресейлік әріптесімізбен бірге өз өніміміз­бен­ Астана қаласындағы аса ірі­ ЭКСПО-2017 көрмесінің құры­лы­сына да қатысып жатыр­мыз. Мұны біз мақтаныш етеміз және компанияның шағын тарихындағы ірі шаралардың бірі ретінде бағ­а­лаймыз. Сонымен қатар, биылғы жылы наурыз айында компаниямыз мемлекеттік органдар,­ шағын және орта бизнесті дамыту институттарының, қаржы­лық ұйым өкілдерінің қатысуы­мен Астана қаласында өткен кә­сіп­керлерге арналған Start up көлемді форум-көрмесіне қатысты. Алдағы уақытта жоспарлап отырған межелеріміз аз емес. Біз бұл белестерді өзіміздің ресейлік әріптесімізбен бірлесе отырып бағындыратын боламыз. – Іске сәт! Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.