Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында Қазақстан мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау келісімі қаралды. Сондай-ақ, депутаттар сот жүйесіне және дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеуге қатысты заңдық құжаттарды да талқыға салды.
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі – «Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын депутаттар қызу талқыға салды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің мәліметіне қарағанда, келісімге қол қою үшін тараптар арасындағы келіссөз 18 жылға созылған. Аталған құжат инвестицияны көтермелеу және қорғау үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасауға және инвестициялық ахуалды жақсарту мен елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Жалпы, Жапониядан Қазақстанға келген тікелей инвестициялар көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды екен.
Бұдан кейін министрге бірқатар сауалдар қойылып, оған нақты жауаптар берілді. Сенатор Георгий Ким шет мемлекеттермен барлық келісімдер қазақ тілінде жасалуы тиістігін алға тарта келіп, аталған келісім тек ағылшын тілінде әзірленгендігіне назар аудартты. Министр елімізге жапондық инвестицияның қажеттігін алға тарта отырып, осы елмен 30-ға тарта келісімнің бар екендігін, соның барлығы да ағылшын тілінде жасалғандығын алға тартты. Дей тұрғанмен, бұл келісімдердің мәтіні қазақ және орыс тілдеріне де аударылатын болады.
Жапондық капиталдың энергетика саласына келіп жатқандығын тілге тиек еткен Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников аталған келісім қандай жаңа технологияларды тартуға ықпал ететінін сұрады. Өткен жылы бірқатар бастамаларға қол жеткізілгенін сөз еткен министр жапондық компаниялар тек екіжақты құжатқа қол қойған елдерге ғана инвестиция салатынын жеткізді. Қазақстандық делегация осы елге барған кезде оған қатысқан 500-ге тарта шағын және орта бизнес өкілдері келісімге қол қоймайынша өздерінің инвестиция салуға тартынатындарын білдіріпті. Осылайша заң жобасын талқылаған сенаторлар оны қабылдау керек деп ұйғарды.
Бұдан кейін «Азаматтық немесе сауда істері бойынша сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы оң шешімін тапты. Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде сот құжаттары мен соттан тыс құжаттарды тапсыру туралы конвенция 1965 жылы Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясында қабылданған (Гаага конференциясының мүшелері болып 79 мемлекет және 1 Өңірлік экономикалық интеграция ұйымы табылады (ЕО)). Конвенцияда сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру тетіктері көзделген. Бұл шетелде жүрген азаматтарымызды қорғау туралы конституциялық кепілдікті орындауға мүмкіндік бермек.
Құжаттар дипломатиялық өкілдіктер мен мемлекеттік орталық органдар арқылы тапсырылып, олар заңдастырудан және шығыстардан босатылады. Ал ерекше тәртіппен сұрауды тапсыру қажет болса, осындай қаражат аванс есебінен алдын ала төленуге тиіс. «Егер сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне немесе ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, тапсырудан бас тартылуы мүмкін. Сұрау салу конвенцияның талаптарына сәйкес келмесе, орындаудан уақытша бас тартылуы мүмкін», деді министр мәселенің мәнісін түсіндіре келіп. Бұл ретте, сұрау салуды басқа мемлекет конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіруге міндетті. Конвенцияның 68 қатысушы мемлекетінің ішінде 27 мемлекетпен екіжақты шарттар жасалмаған, сондықтан құжатты ратификациялаған жағдайда осы елдермен тікелей ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туады екен.
Сонымен қатар, депутаттар Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын да қабылдады. Конституциялық заң судьяларды зейнетақымен қамсыздандыру институтын қайта ұйымдастыру арқылы отставкадағы судьяларға өмір бойы ай сайынғы қамтылым төлеудің енгізілуін көздейді. «Құжат бойынша кемінде он бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар және заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларға өмір бойы төлемді қамтамасыз ету көзделеді», деді Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ильяс Испанов. Оның айтуынша, төлем судьяның соңғы атқарған қызметінде алған жалақысының 50 пайызы көлемінде болады және судьяларды әрі қарай ынталандыру үшін әр қосымша істеген қызметтік жылы үшін 1 пайыз қосылып отырады.
Сол сияқты «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы да депутаттардың қолдауына ие болды. Негізінен, кодекс жобасымен азаматтардың сайлау құқығын қозғайтын сот актілеріне шағым жасау институты енгізілгендігін ескере отырып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға осындай істер бойынша шығарылған бірінші сатыдағы соттар шешімдерінің түпкілікті болып табылатындығы туралы ережені алып тастайтын түзетулер енгізіліп отыр. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы барлық істерді жатқызу жолымен Жоғарғы Сот қарайтын істер санаттарының тізбесі кеңейтілген.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екі оқылымда қаралып, қабылданды. Заң жобасының ережелерi дербес ұйымдардың қызметiн реттеуді ғана емес, орта және жоғары бiлiм беру жүйесiн одан әрi жетiлдiруді де көздейді.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов заң жобасымен Еңбек кодексіне, Бюджет кодексіне, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, «Білім туралы», «Назарбаев Университет», «Назарбаев зияткерлік мектептері және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты. Тұтастай алғанда, заң жобасы дербес білім беру ұйымдарының академиялық басқару жүйесін жетілдіруді және сапасын қамтамасыз етуді қарастырады екен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».