Кеше Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен сарапшылар кездесуі болып өтті. «Ашық үкіметті енгізу: жоспарлар мен ағымдағы жағдайлар» атты эксперттік кездесуде бес институттық реформаны жүргізу жайы сөз етілді.
М.Әшімбаев сарапшы кездесуінде «Ақпараттарға қолжетімділік туралы» заң жобасын жан-жақты таныстырып өтті. Комитет төрағасының сөзінен белгілі болғандай, қазіргі таңда құрамына 65 ел кіретін OGP (Open Government Partnership) пен ашық үкімет әріптестігі орнаған. Бұндағы мақсат мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік басқарудағы құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күресу мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақсарту үшін жаңа технологияларды пайдалану. Бұл жерде мемлекеттің жұмысы жайлы азаматтар үшін заңдық тұрғыдан бекітілген және кепілдендірілген нақты ақпараттың қолжетімдігі қарастырылғандығын айта кету керек. Мемлекеттік органдардың өз құзыреттері мен міндеттерін атқарғаны жайлы халық алдындағы есептілігі де назардан тыс қалмаған. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдерді жүзеге асыруға және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға қоғамды белсенді жұмылдыра білу де басты бағыттардың бірі. Комитет төрағасы сөз реті келгенде күзде Парламент пен Үкімет бірлесе 68 заң жобасын жетілдіру бойынша жұмыс жасайтынын, соның ішінде Елбасы белгілеп берген реформаны жүзеге асыруда маңызды саналатын «Ақпараттарға қолжетімділік туралы» заңдық құжатының бар екендігін алға тартты. Әрине, әлемдік экономикадағы қиындықтарды қаперге алғанда, еліміздің ұзақ мерзімді дамуындағы перспективасы ретінде тиімді әрі ашық үкіметті құру маңызды.
М.Әшімбаев 2011 жылдың 20 қыркүйегінде өмірге келген OGP ұйымының құрамына еліміздің кіруі үшін ең алдымен «Ақпараттарға қолжетімділік туралы» заң жобасын қабылдап алу қажеттігін алға тартты. Еліміз бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдер стандарттарына барынша сәйкес болуы тиіс. Бұл ұйымға мүше елдердің ашық үкіметті құрудағы үш принципінің бірі ашықтықты қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда, бірінші жағдайда тұрғындар мемлекеттік органдар тарапынан қабылданған шешімдердің қалай болғанын көруі және барлық құжаттарға қол жеткізуі тиіс. Екіншісі, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі. Кез келген қоғамдық ұйым министрден немесе әкімнен кез келген жобаның жүзеге асырылуы барысын сұрай алуы қамтамасыз етілуі қажет. Соңғы принцип, елімізді басқарудағы қажетті шешімдерді әзірлеуде тұрғындардың барынша жұмылдырылуы. Заң жобасының басты мақсаты Қазақстан Конституциясының 20-бабы 2-тармағында көрсетілген: «Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді», деп көрсетілгендей, азаматтардың кез келген ақпаратты алу құқығын қамтамасыз ету. Бұл жерде ескерілген басты принцип ақпаратты алуда заңдылықтың сақталуы қажет. Бұдан кейін ақпаратты иеленушінің ашықтығы мен мөлдірлігі қамтамасыз етілуі тиіс. Соңғы принцип, ақпарат толыққанды болуы және шындыққа негізделуі тиіс. Алынған ақпаратты мемлекеттік органның сайтына ендіруге болады. Тұтынушы оның тексерілген және нақты екендігіне көз жеткізе алуы тиіс. Өйткені, кейбір мемлекеттік органдар тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпараттарды сайтқа салып жатады. Сондықтан да, заңдық құжатта осы жағы да ескерілген. Төртінші принцип, маңызды ақпаратқа дер кезінде қолжеткізумен байланысты. Ақпаратқа қажеттілік туындаған жағдайда оған деген қолжетімділік сол кезде-ақ орындалуы уақыт талабынан туындап отыр.
Сарапшылар кездесуінде Парламент Мәжілісінің депутаты Елбасының бес институттың реформасын жүргізуде ашық үкіметті енгізуге қатысты көптеген жайттарды ортаға салып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен залда отырған сарапшылардың бірақатар сұрақтарына жауап қатты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».