23 Шілде, 2010

Солтүстік жайлы жай-ау, бірақ...

707 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің директоры Марат Жұмабаевпен әңгіме – Марат Жиеншеұлы, түстік жақ­қа келетін оралмандар көшінде әлі жөнге келмей жатқан мәселелер аз емес сияқты. Жалпы, 1991 жыл­дармен салыстырып қарағанда қазіргі көші-қон жағдайы қалай? – Әрине, көші-қон жайы қатып қалған ереже, тәртіпке бағынбайды ғой, уақытына сай өзгерістер, то­лықтырулар да болады. Қазіргі кезде “Халықтың көші-қоңы туралы” заң жобасы талқылануда. Алыстағы ағайынды қабылдап алу кезінде кездесетін сіз айтқандай, жөнге кел­мей жүрген жайлар осы жаңа жоба арқылы жүйеленіп қалыптасар деген ойымыз бар. Шетелдердегі бауыр­ла­рымызды тарихи отанына, ата­ме­кеніне көшіріп әкелу бұл Елба­сы­ның еліміз тәуелсіздікке қолы жет­кен күннен бастап жүргізіп келе жат­қан елдік саясаты екені бәрімізге аян. Ол кезде 1991-1992 жылдары ағай­ындар Моңғолиядан екі үкімет­тің келісімімен еңбек шарты бой­ын­ша көшіп келе бастады. Сөйтіп, туған жерге табан тисе болғаны деп алып-ұшып жеткен нағыз пат­риот­тар легі осылай келген еді. Қазір сол кезде келген ағайындарымыз об­лыс­тың Баянауыл, Май ауданының Ақжар ауылында, Екібастұз, Ақсу қаласы аумағына қарасты ауылдарда тұрып жатыр. Ал 1993 жылдан бас­тап оралман отбасыларын арнайы квота бойынша көшіріп ала бас­та­дық. Өзгеріс деп отырғанымыз да осы. Одан кейінгі бір жылдары елі­міз экономикасында қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты жалпы шетте жүрген ағайындарды квота бойынша көшіріп әкелу саябырсып қалды. Одан кейін бұл үрдіс қайта жанданып, 2001 жылдан бастап квота саны жыл сайын қосыла бас­та­са, 2005 жылдан бастап тіпті, шет­тен көшіп келу квотасы алдағы үш жылға деп бекітілді. Осылайша осы жылдар аралығында елімізге 1 мил­лионға жуық бауырларымыз қоныс аударып келсе, олардың 6521 отбасы немесе 29445 адамы солтүстікке, біз­дің өндірісті облысқа келіп қоныс­тан­ды. Мәліметтерге сүйенсек, 1991-2001 жылдар аралығында 2142 отбасы немесе 9062 адам көшіп кел­ген болса, қалған 4379 отбасы, яғни 20383 адам 2002-2010 жылдардың еншісіне тиіп отыр. – Бұл ағайындардың бәрі Моң­ғо­лиядан келгендер ме? – Жоқ, қазір олай емес, ал­ғашында негізінен Баянөлгей, Қобда жағында тұратын қандастарымыз келген болса, бұл күндері олардың қатарында Өзбекстан жақтан жеткен 2248, Ресейден 1548, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Қытай, Ауғанстан ел­де­рінен 190 отбасы қоныс аударып келді. Өткен жылы тағы да 253 от­ба­сын, биылғы жылдың алғашқы бес айында 77 отбасын қабылдап алдық. Қоныстанушыларды елімізде қабылданған көші-қон ережелеріне сәйкес көшіп келу квотасына ен­гі­зіп, оларға тұрақты тұратын жер­ле­ріне мүліктерімен қоса апару жө­нін­дегі шығыстарын өтеу, келген жері бойынша тұрғын үй сатып алуға, бір жолғы жәрдемақы төлеу ісі қабыл­данған талаптарға сәйкес жүргі­зіле­ді. Олардың балалары түгелдей мек­тепке қабылданып, зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрақты тіркеуге тұр­ған жерлерінен еліміздің заң­намаларына сәйкес зейнетақы та­ғайындалады. Алайда, жасырары жоқ, соңғы екі жылда көші-қон қар­қыны бәсеңсігені рас. Бұл ең әуелі әлемдік экономикалық дағдарыстың бауырларымыз тұрып жатқан ел­дер­дің экономикасына кері әсер етіп, олардың көшіп келуіне қаражат тап­шы­лығы қолбайлау болып отыр­ған­дығынан деп ойлаймыз. Ал біздің елі­міз көші-қон саласына белгілен­ген қаржыны да, жақсы ниет пен жылы көзқарасты да аяп отырған жоқ. – Солтүстікке оралман келуін ке­ле­ді-ау, бірақ... дегеніміздің де өзін­дік бір себептері бар. Тұрғылықты қа­зақтар бола тұрса да кейбір ауыл­дар­да оралмандардың балаларын оқы­та­тын қазақ тілді мектеп табылмады. Мы­салы, Успен ауданының Павловка деген ауылына барған Өзбекстаннан келген оралман отбасының баласы жал­ғыз өзі 10 сыныпта қазақша оқығаны бар. Мектеп болмаған соң біразы қайта көшіп те кетті. Рас, қазір облыстағы қазақ мектептерін­дегі оқушылардың санын ағайын­дар­дың балалары толтыра бастады. Екін­шісі, айнала қаптаған өндіріс орындары бола тұра жұмыссыздыққа тап болды, ортаға бейімделіп кету, бейімдеу мәселесі шет қала берді. Осы ретте “Нұрлы көш“ бағдар­ла­масынан біздің облысқа тиер пайда бар ма? – Қазір қазақ тілінде білім бе­ре­тін сыныптар да, мектептер де же­теді. Алғашқы кездері шынын айту керек, бұған дайындық болмаған да шығар. Ауылдардың өзінде көбі орыс тіліндегі мектептер еді. Кейін­нен аралас сыныптар өмірге келді. Жалпы “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша біздің облыста да өңірлік жоба жасалды. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігімен келісіліп, бекітілген де болатын. Жобаны дайындау ба­ры­сын­да соңғы он жылда облы­сы­мызға көшіп келген оралмандардың қоныстану үрдісіне талдау жасалды. Оларды жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, басқадай әлеуметтік жағдайларын толық шешуге де баса назар аударылды. Облыстың 2015 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес экономикалық даму мүм­кіндіктері зор Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының түйілісіндегі облыс орталығына қарайтын қазіргі Ленин кенті аталатын бұрынғы Қазанғап би ауылы осы жобаға қатысушыларды қоныстандыру аумағы деп таңдап алынды. – Әрине, бір-біріне жақын тұрған өндірісті үш қаладан жұмыс табылып, балаларын да оқытып ағайындар бір арқа-жарқа қуанышқа кенелгеніне не жетсін. Бау-бақша, мал өсіруге де ыңғайлы жерлер екені белгілі. – Осы жерден жаңа мектеп, ба­ла­бақша, аурухана, басқа да әлеу­меттік нысандар салынатын болады. Жаңа жоба жоспар бойынша 2012 жылы қолға алынбақ. – Кейбір ағайындар квотаға қол жеткізу қиын, жоқ дегенде жарты жыл жүреміз дейді. Толып жатқан құжат толтыру қағаз­бас­ты­лық­тан, тексерулерден, кезек күтуден, шаруаларын ана ті­лінде түсіндіре алмай, ма­ман­дардың жауапсыздығынан шаршаған­дарын айтады. – Қоныс аударып келген байырғы ұлт өкілдері оралман мәртебесін алып, тұрақты тіркеуге тұрып, квотаға еніп, құжаттарын елі­міздің азаматтығын алуға тапсырып, банкіде ашылған есеп-шотынан ақшасын алғанға дейін бірсыпыра уақыт өтетіні рас. “Оралман мәр­те­бесін беру ережесіне сәйкес оралман мәртебесін беру жөніндегі өтініш және қажетті құжаттарды қабылдау, “Оралман” электрондық дерекқор ба­засы арқылы өтініш берушінің әрбір отбасы мүшелерінің мәлі­мет­терін басқа аумақтық органда тір­кел­гендігі туралы тексеру жүргізу, оралман мәртебесін беру жөніндегі шешім қабылдап, куәлігін беру жұмыстарын орындау ережеде он жұмыс күн ішінде атқарылуға тиіс болса, біздің қызметкерлер жеңіл­де­тіп екі күн ішінде дайындап беріп отыр. Алайда оралман мәртебесін алғаннан кейін тұрақты тіркеуге тұ­руға облыстық ішкі істер департа­ментінің жергілікті жерлердегі көші-қон полициясы бөлімшелері орал­ман отбасыларын екі айға жуық тек­середі. Тұрақты тіркеуге тұрғаннан кейін ғана оралмандар ережеге сәйкес көшіп келу квотасына енгі­зіле­ді. Ал тұрақты тұратын жеріне бару және мүлкін апару жөніндегі шығыстарын өтеу, келген жері бойынша тұрғын үй сатып алуға, бір жолғы жәрдемақы төлеу ісі олар құжаттарын азаматтыққа тапсыр­ған­дығы туралы ІІД-нің көші-қон полициясы басқармасынан қолдау хатын әкелгеннен кейін ғана іске асырылады. Жергілікті көші-қон полициясы мекемелері оралмандар­дан азаматтыққа құжат қабылдап алу, тексеру, басқа органдардың ке­лі­сімін алуға жоқ дегенде 15-20 күн кететіндігін тәжірибе көрсетіп отыр. Сөйтіп, оралман ағайынның мем­ле­кет тарапынан алатын жәрдем­ақысына қол жеткізгенге дейін кем дегенде үш ай бойы терлеп-тепшіп жүретіні сол. Қазір бұл мерзімді қысқарту жөнінде көші-қон поли­циясы басқармасымен жұмыс жасап жатырмыз. Ол жерлерде қазақ тілін жақсы білетін, оралмандарды түсіне алатын мамандардың болуын қолға алдық. Түбі бұл мәселелер шешімін табады. – Ауыл, аудандарда тұратын орал­ман отбасыларына барып тұрасыз ба? Ара­сында білімді ағайындар аз емес болар? – Әрине, біздің жұмысымыз оралмандарды қабылдап алып, олар­­ға тиесілі қаражатын төлеумен шек­телмейді. Мәселен, өткен жылы біз жергілікті жерлерде ағайындармен 36 рет кездесу ұйымдастырып, 2 рет дөңгелек үстел өткіздік. Биылғы жылы да оралман отбасылары тығыз қоныстанған Ақсу қаласының Па­ра­мановка, Пограничник, М.Омаров, Еңбек және Үштерек, сондай-ақ Павлодар ауданының Кеңес, Заря, Максимовка ауылдарында болып кездесу өткіздік. Аталмыш елді мекендерде жалпы 850-ге жуық оралман отбасылары тұрады. Әр кездесуден кейін оралмандарға жеке қабылдау жүргізіп, олардың жеке мәселелерін шешуге ықпал жасап отырамыз. Айталық, Ақсу қаласында өткен кездесуде және жеке қабыл­дауда болған азаматтардың жұмыс­пен қамту, баспана, басқадай мәсе­ле­лер жөнінде өз өтініштерін біл­дір­ді. Еңбек жасындағы ағайын­дар­дың жұмыс іздеуде көптеген қиын­шы­лықтарды бастан кешіріп отыр­ғандықтарын ескеріп, ауылдық жер­лерде тұратын жұмыссыздарды есеп­ке алу, оларды мүмкіндігінше даяр­лау, қайта даярлау курстарына жіберу жөнінде Ақсу қаласының әкіміне, облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар басқармасына арнайы тапсырма беруін сұрап, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының атына және Ақсу қаласы әкіміне хат жолдадық. Алда­ғы айларда оралмандар шоғырланып орналасқан Екібастұз қаласының елді мекендерінде кездесу өткізуді жос­парлап отырмыз. Ал білімді орал­мандар жөнінде айтар болсақ, облысымыздағы еңбек жасындағы оралмандардың 1593-і жоғары білімді, 1810-ы кәсіби орта білімді, 6584-і орта білімді, 4277-і бастауыш білімді болса, білім саласының қыз­мет­керлері 877, медицина сала­сы­ның мамандары 412, мәдениет сала­сының мамандары 116, ауыл ша­руашылығы мамандары 3563 адамды құрайды. Ал 9165 адам басқадай мамандық иелері. Облыс бойынша үш жоғары мектепте сабақ беретін 12 оралман ұстаздың 2-еуі ғылым докторы, 4-еуі ғылым кандидаты. Мемлекеттік қызметте 11 оралман жұмыс істесе, олардың екеуі ауыл әкімдері. Менің орынбасарым Мұхит Жақсылықұлы 1991 жылы Моңғолиядан қоныс аударып келген азамат. Ал облыстық және респуб­ликалық ақпарат құралдарында біз­дің облыстан 9 оралман журналист қызмет атқарады, әр түрлі жоғары оқу орындарында оқитын 570 сту­денттің 63-і облыс әкімінің гран­ты­мен оқып жатыр, колледждерде 660, кәсіптік-техникалық училищелерде 174 оралман бала білім алуда. – Ауылға барған оралман қалай күн көреді? – Оралмандарды жұмыспен қамту мәселесі біздің департаменттің және жергілікті әкімдіктердің алдында тұрған басты мәселе. Мә­селен, бүгінгі күні 14264 адамның 6612-сі тұрақты жұмыспен қамтыл­ған, 6794 адам өз бетінше жұмыс істеп жүр. Жұмыссыздарды аудан, қала әкімдерімен келісіп, “Жол кар­тасы” бағдарламасына сай жұ­мысқа тартпақшымыз. Облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының берген мәліметі бойынша, 2010 жылдың қаңтар-мамыр айла­рында жергілікті еңбекпен қамту мекемелеріне өтініш жасаған 49 оралман жұмыссыз ретінде тіркеліп, 14 адам тұрақты жұмысқа, 21 адам қоғамдық жұмысқа, 10 адам қайта даяр­лау курстарына жіберілген. Осы­дан келіп жұмыссыз болса орал­ман­дар неге еңбекпен қамту мекеме­ле­ріне келмейді деген сұрақ туын­дай­тыны анық. Біздіңше, оралман­дар­дың жұмыспен қамту мекемелеріне аз келулерінің себебі бар. Оларға еңбекпен қамту мекемелері ұсынған жұмыстарының жалақысы төмендігі, сонымен қатар көбінің тіркелген жерлерінде жұмыс тауып, тұрақты тұра алмауларында болып отыр. Жұмыс бар қалалы жерлерге орал­ман­дар тіркеуге тұра алмайды, сон­дықтан ауылды жерлерге тіркеледі. Тіркеуге тұрған ауылды жерлерден жұмыс таба алмағандықтан, олар қала және қалаға жақын елді ме­кен­дерге, өндірісі бар кенттерге қоныс аударып, сонда тіркеусіз тұруға мәж­бүр. Тіркеулері жоқ болғандықтан, жұмыс бар жердің еңбекпен қамту мекемелеріне жұмыссыз ретінде кезекке тұра алмауда. – Сондықтан өндірісті өңірде оралмандар ауылын салуды тездету керек дейсіз ғой. Облыстағы Желе­зин­ка, Успенка аудандарына Өзбек­станнан келген оралман отбасылары қоныстанды. Сол кездегі облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов өзге ұлт өкілдері тұратын аудандарға осы оралман­дар­ды орналастыруды қолға алып кетіп еді. Сол жерлерде жаңа қазақ мек­теп­терін ашты, мешіттер салынды. Елге ел қосылып, бала саны көбейді. Бұл ары қарай жалғасын табуы керек сияқты. – Бүгінгі күнге дейін оралман­дар­ды жұмыспен қамту мақсатында облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сымен бірлесіп, облысымызда тұ­ра­тын еңбек жасындағы оралман­дар­дың дерек қоры жасалды. Дерек қорына еңбек жасындағы оралман­дардың туған жылы, тұрған жері, мамандығы, жұмыспен қамтылған немесе қамтылмағандығы жөніндегі мәліметтер енгізілді. Аталмыш деректер қорына ай сайын жаңадан қоныс аударып келген оралмандар енгізіліп, толықтырылып отырады. Сонымен қатар облыс әкімдігі квота бойынша көшіп келген оралман отбасының бір адамын жұмыспен қамту жөнінде шешім қабылдап, “Жол картасына” оралмандарды көптеп тартуды тұрақты бақылауға алып отыр. – Қазір “Халықтың көші-қоны туралы” заң жобасы талқылануда. Сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма? – Алғаш көш басталған 1991 жылы еліміз көші-қонды реттейтін бірнеше қаулы қабылдады. Кейіннен көш ауқымы кеңейе халықаралық маңызы зор көші-қон үрдісі тек Үкіметтің бірнеше қаулыларымен рет­теле қоймайтын күрделі іс екен­ді­гін түсіндік. 1997 жылы “Халық­тың көші-қон туралы” Заңы қа­был­данып, көші-қон мәселесімен айна­лы­сатын мемлекеттік мекеме құрыл­ған еді. Еліміздің халықаралық дең­гейдегі бет-беделі өсіп, экономи­ка­мыз қарқындап дамып, көші-қон­ның арнасы кеңейе түскендіктен бұл салада шешімін табуға тиіс мә­се­ле­нің көбейіп, күрделене түскен­дігі­нен, бұрынғы жылдары аталмыш заңға бірнеше рет жаңартулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Жаңа­дан жасалып жатқан заң жобасына өткен жылы пікір-ұсыныста­ры­мыз­ды жібергенбіз. Халықтың көші-қоны туралы дайындалып жатқан жаңа Заң жобасы көші-қон төңіре­гін­де бүгінгі күні қордаланып қалған көптеген мәселелердің түйінін тар­қатуға оң ықпал етеді деп сенеміз. Әңгімелескен  Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.