03 Шілде, 2015

Екі мәрте Ішкі істер министрі болған Шырақбек Қабылбаев туралы не білеміз?

1098 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
фото академия 2015 (88) Еліміздің екі рет Ішкі істер министрі болған, ұзақ жылдар бойы ерен еңбек еткен Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметі жас ұрпақтар үшін үлгі-өнеге. Ш.Қабылбаев (1908-1976 жж.) – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. Ол 1908 жылы 9 наурызда Семей губерниясы (Қазақ КСР Семей облысы, Абыралы ауданы) Қарқаралы уезі Абыралы болысындағы №3 ауылында дүниеге келген. Ол кезде Семей қаласы – қазақ зиялыларының жиналған жері әрі Алаш орданың шығыс бөлімінің орталығы, мәдениеттің де орталығы болып саналатын. Ол кезде педа­гогикалық техникум сияқты оқу орны білім іздеп келген ауыл жастары үшін қол жетпейтін арман еді. 1916 жылғы дүрбелең, қазан төңкерісі, азамат соғысы, атыс пен шабыс, өкімет тарапынан халыққа жасалған озбырлық – осының бәрі жаңа ғана ержетіп келе жатқан жас жігітті сергек, қырағы, сақ болуға үйретті. 1931-1932 жж. Ш.Қабылбаев педа­гогикалық қызметпен айналысады. 1931 жылдың 15 қазанынан бас­тап 1932 жылдың 10 ақпанына дейін Семей қ., халыққа білім беру қалалық бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарады. Ағымдағы жылдың 10 ақпанынан бастап 25 қазанына дейін Семей облысының Жаңа-Семей қаласы колхоз жастарының үлгілі жетілік мектебінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1933 жылдың 20 қарашасынан бастап 1938 жылдың 10 наурызына дейінгі аралықта НКВД органында қызмет атқарды. 1936 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 1937 жылдың 1 маусымына дейін Қазақ КСР бойынша НКВД Басқармасы Алматы қаласы Ерек­ше бөлімінің МҚБ жедел уәкілі болып қызмет атқарады. 1936 жылдың сәуір айында оған «мемлекеттік қауіпсіздік сержанты» атағы беріледі. 1937 жылдың 1 маусымынан бас­тап 1938 жылдың 14 наурызына дейін Қазақ КСР бойынша НКВД Басқармасының Алматы қаласы МҚБ 3-ші бөлімінің 5-ші бөлімшесінің уәкілі болып қызмет атқарады. Аттестация материалдары бойынша осы қызмет атқару аралығында: «Ш.Қабылбаев НКВД ор­га­нының қызмет уақы­тында тәр­тіпті, тапсырылған жұмысқа адал қарайды. Ынталы, қиын жағ­дайларда жылдам бағдар жасай алады. Тұрмыста сыпайы. Партиялық-қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысады. Өзінің идео­логиялық деңгейін жоғарылатуға күн­делікті жұмыс жасайды», деп мінездеме берілген. НКВД органының қызметінен босатылғаннан кейін 1938 жылдың наурыз айынан бастап тамыз айына дейін Ш.Қабылбаев Қазақ КСР СХК құпиялы қызметінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1939 жылдың 7 қаңтарынан бас­тап Қазақстанның КП ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің көмекшісі болып жұмысқа кі­ріседі. Осы кезең­нен бастап Жұ­мабай Шаяхметов Шырақбек Қа­былбаевтың тәлім­гері және оқытушысы болып танылады. Пар­тиялық тапсырыс тәртібінде Ш.Қабылбаев ОК пар­тиясының ерек­ше секторында пар­тияның ұйым­­­дастырушысының орын­басары болып қызмет атқа­рады. 1941 жылдың 8 науры­зы­на дейін Қазақстан КП ОК хат­шысының көмекшісі және Қазақ­станның КП ОК кадр бөлімі нұс­қаушысы болып қызмет атқарды. 1941 жылдың 29 желтоқсанында жаңа жылдың қарсаңында Ш.Қа­былбаев Қазақстан делегациясын басқарып, азық-түлік тиелген 15 вагон-эшелонды Батыс майданда орналасқан Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизиясы болып аталған жауынгерлер құрамына сәлем-сауқаттарды тапсыратын Қа­зақстан КП ОК өкілі ретінде барды. Осы тұста 1942 жылғы 1 ақ­пан­дағы «Казахстанская правда» га­зетіндегі «В Восьмой Гвардейской» атты мақаланың дерек­теріне сүйенсек: «Алматы қаласы және Ал­маты облысы біздерге құрметті тапсыр­ма тапсырды. Біздер генерал-майор Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия болып аталған құраманың жауынгерлеріне Қазақстанның еңбекшілерімен жиналған сәлем-сауқаттарды тапсыру керек болатынбыз. Оны апаратын делегация құрамының бастығы етіп Ш.Қабылбаев тағайындалған еді. 29 желтоқсан күні делегацияны дивизия өкілі штаб комиссары жолдас Фролов қарсы алады. Біздер панфиловшы-жауынгерлердің ара­сында майдан өмірімен танысып, жауынгерлермен кездесіп, олардың алдында сөз сөйлеп, күш-жігерлерін көтердік. Екінші және үшінші күндері Момышұлының, Капровтың, Кургановтың және тағы да басқа бөліністерде болып, олардың алдында сөз сөйледік, Пан­филовшы-жауынгерлердің көз­де­рінен қуаныш көрдік. Іскерлігімен саяси жағын ескере отырып, 1954 жылдың 9 тамызында Ш.Қабылбаевты Қазақ КСР ішкі істер министрі жауапты лауа­зымына тағайындайды. Ол кезде Ш.Қабылбаев 46 жаста болған еді. Бұл Қазақстанның ішкі істер органдары тарихында жергілікті кадрлардың ішінен Ш.Қабылбаев КПСС ОК Қаулысымен Қазақ КСР Ішкі істер министрі болып бекітіледі. Республиканың Ішкі істер министрі болып тағайын­далғаннан кейін, 1954 жылдың 6 қараша айында оған «ішкі қызмет полковнигі» атағы беріледі. Ш.Қа­былбаев әуелі ішкі қызметтің пол­ковнигі, ал 1955 жылдың шілде айында ішкі қызметтің генерал-майоры (сол кездегі атау бойынша ішкі қызметтің 3-рангілі генералы) атағы беріледі. Оның министр болған кезінде ішкі істер органдары жүйесінде күр­делі өзгерістер мен реформалар жасау ісін жүргізу қажет болды. Рес­публика бойын­ша ішкі істер жүйесіндегі барлық кадрлардың күш-жігерін дұрыс жұмылдыра оты­рып, жүзеге асыруды талап етті. Үш жылдың ішінде (1954-1957 жж.) ІІМ 40 савхоздық үй-жайылымдар, кешенді тұр­ғын үй және шаруашылық объек­тілері толы 5 астықты пункт­тер, автокөлікті жолдар және басқа да маңызды объектілер са­лынды. Ол Қазақстанда ауыл шаруашылығын өткізу кезең­де­рінің жауапкершілігіне мили­ция­ның жұмысына өзі жетек­шілік жасады. 1958 жылы Ш.Қабылбаевтың тікелей басшылық жасауымен ІІМ екі ірі объект – Ыстықкөлдегі жоғары таулы автокөлік жолы және Алматы әуежайындағы ұшып-қону жолағын пайдалану табыс етілді. Сондай-ақ, тың игеру жолдамасы бойынша тек қана мамандар, еркін – патриоттар ғана келген жоқ, сонымен қатар, жеңіл пайда табамыз деп қылмыстық ортаның өкілдері де келді. Сол себептен қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сұрақтары күн тәртібінде басты сұрақтардың бірі болып табылды. Ішкі істер министрі Ш.Қа­был­баев кадр саясатын тиімді жүр­гізді. Милиция генерал-майоры К.Бесперстовтың айтуын­ша: «Ш.Қабылбаев кадрларды жақ­сы іріктей алды. Басшы­лық лауа­зымдарға жақсы ұйымдас­тыру­шылық икемділіктері бар, қыз­меткер, ақылды адамдарды жинақтады. Қазақстанның ішкі іс­тер органдарының жұмысына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери тәжірибесі мол, майданның барлық шептерінде болған адамдарды тартты. Осындай адамдар заңдылық пен құқық қорғау тәртібін орнату үшін министрдің мықты тірегі болды. Сондай-ақ, Ш.Қабылбаев қызметке кәсіби заңгерлерді, сараптамашыларды, инженерлер мен тілшілерді тартты». 1957 жылдың 17 наурызын­да Ш.Қабылбаевқа 3-рангілі ішкі қызмет генерал атағы беріледі. Ол кезде Ш.Қабылбаев 49 жаста болатын. Ш.Қабылбаевтың өмір жолында кедергілер мен бөгеттер көп кез­десті. Сол кедергілердің бірі – Теміртау оқиғасы. Сол уақытта Темір­тау қаласындағы металлургия комбинатын Қазақстан магниткасы деп атаған. 1959 жылдың жазында комбинат құрылысына жұмысшы жастар шеттен әке­лінді. Жұмысшыларға дұрыс материалдық жағдайлар жасалған жоқ, азық-түлік жетіспеді. Осының салдарынан 1959 жылдың тамыз айында жұмысшылар бүлік шығарады, милиция органдарына шабуыл жасайды. Осы оқиғадан кейін Ш.Қабылбаев жа­зықсыз жазғырылып орнынан, яғни ішкі істер қызметінен 1959 жылдың 18 қарашасынан бастап 16 желтоқсанына дейін тағайындалған лауазымынан партиялық жаза тәртібін салумен босатылады. Сондай-ақ, Ш.Қабылбаевқа және Қарағанды облысы ІІБ полковнигі Н.Н.Любых екеуіне Қазақ КСР 145-бабы бойын­ша (билігін асыру) қылмыстық іс қозғалады. Қабыл­баевтың осы тұстағы арызы алғашқы тергеу аяқталғаннан соң, КСРО Бас прокуроры Руденкомен жеке қаралып, негізсіз және дәлелденбеген кінәларды алып тастауға нұсқау береді. Содан соң, ол 1959 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 1960 жылдың 27 ақпанына дейінгі аралықта ЖӘҚҚ (жергілікті әуеге қарсы қорға­ныс) республиканың Алматы мек­тебінің курс бастығы болып қыз­мет атқарады. 1959 жылғы қайғылы тамыз күндерінен кейін Ш.Қабылбаевтың өмірінде ұзақ күткен тарихи әділдік орнады. КОКП ОК Бас хатшысы Л.И.Бреж­невтің келісімімен және Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Д.А.Қонаевтың ұсынысы бойынша Ш.Қабылбаев екінші рет жауапты да жоғары лауазымды қызметке тағайындалады. 1967 жылдың 1 қарашасында Ш.Қабылбаевқа 2-рангілі ішкі қызмет генерал атағы беріледі. Осындай тарихи тұлғаның ел ал­дындағы қызметін және оның ішкі істер органдары сала­сындағы мемлекеттік және кадр­лық саясатын жетілдіруге қосқан үлесін ескере отырып, 2014 жыл­ғы 9 желтоқсанда Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің №1287 Қаулы­сымен және ол жөнінде мәңгі есте қалдыру, болашақ жастарға үлгі-өнеге беру мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. Мирлан ҚЫЗЫЛОВ, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы.