Оларды еңсеруге мемлекет көмектесетінін Үкімет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде мәлімдеді
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды. Өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуы мен үдемелі индустриялық-инновациялық және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатымен келген Үкімет басшысы әуежайдан бірден 200 төсектік облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ат басын тіреді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан аталмыш нысан құрылысының біраз жұмысы атқарылғанын, ауруханаға заманауи озық медициналық құрал-жабдықтар орнатылатынын жеткізді.
Нысанның жобалық-сметалық құны 4400,0 млн. теңгені құрайды. Облыстық бюджет есебінен инженерлік желі құрылысына 117,39 млн. теңге бөлініпті. Құрылысты толық аяқтау үшін қосымша 1053,07 млн. теңге қаражат қажет көрінеді.
Болашақ аурухана аумағы 7,2 гектар жерді алып жатыр, бас ғимараттың жалпы аумағы 25744 шаршы метр құрайды. Балалар ауруханасы бас ғимаратының төрт бөлігінде барлық талапқа сай гематология, кардиоревматология, пульмоналогия, аллергология, офтальмология, эндокринология, жансақтау, функционалды және сәулелі диагностика, басқа да бөлімдер орналасады.
Бұдан өзге, аурухана кешенінің құрамына патологанатомиялық корпус пен шаруашылық, азық-түлік блоктары, дербес жылу қазандығы, оттекті газдандырылған трансформатор, кәрізді сорғылау стансалары және бау-бақша кіреді.
Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Үкімет басшысына балалар ауруханасы туралы ақпарат беріп, құрылысқа жылу қазандығы, оттекті-газдандырылған станса және т.б. қосымша корпустар салу, аумақты көркейту, сондай-ақ аурухананы толықтай медициналық құралмен жабдықтау үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерді. Премьер-Министр бұл мәселені зерттеп шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Кәрім Қажымқанұлы аурухана құрылысын жүргізіп жатқан серіктестік басшысынан құрылыс жұмыстарын мерзімінде бітіруге бола ма деп сұрады. Серіктестік басшысы негізгі жұмыстардың аяқталып қалғанын, енді ішкі өңдеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Ғимаратты уақытылы пайдалануға беруге толық мүмкіндік бар екеніне сендірді.
Үкімет басшысы аталмыш нысанда жұмыс жасап жатқан Ақтөбе педагогикалық институтының “Атамекен” студенттік құрылыс жасағының мүшелерімен кездесті. Жасақ комиссары Бибігүл Ақжігітова медицина мекемесін тұрғызудағы құрылыс отрядының үлесінен хабардар етті, облыста жастарды еңбекке тарту бағытында жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелілігіне нақты мысалдар келтірді. Облыстық балалар ауруханасы – бұл ақтөбелік жастардан бастау алған республикалық “Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” эстафетасына қатысушылар еңбек етіп жатқан құрылыс нысандарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Одан кейін Кәрім Мәсімов еліміздің Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында іске қосылған “Ақтөбенің металл емес құбырлар зауыты” акционерлік қоғамына барды.
Зауыттың бас директоры Ян Тампаев шыны талшықты құбырлар шығаратын кәсіпорынның бүгінгі тынысымен таныстырды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 320 шақырым шыны талшықты құбыр шығара алады. Халықаралық талап пен өнеркәсіптік қалыпқа сай металл емес құбырлар сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және өзге де салада қолдануға арналған.
Зауыттың коррозияға төзімді және өткізгіштік қабілеті жоғары өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Кәсіпорын өз өнімдерінің 70 пайызын Ресейге өткізетін көрінеді. Қазіргі таңда мұнда 60 мың теңге мөлшерінде орташа жалақы алатын 250 адам жұмыс істейді.
Еліміздің Үкімет басшысы зауыттың ыстық сумен жабдықтау жүйесі үшін шыны талшықты құбыр өндірісінің тетігін басып, іске қосты. Айта кету керек, мұндай құбыр шығару тек Қазақстанның емес, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында алғаш рет қолға алынып отыр. Алдағы уақытта өнеркәсіптің түрлі саласында қолданылатын шыны талшықты резервуарларды шығару да ойластырылуда.
Сапар кезінде Үкімет басшысы мен оның қасындағы ресми өкілдерге үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның аясында екінші жартыжылдықта Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Аталмыш бағдарлама бойынша осы жылы 24 жобаны іске қосу жоспарланса, олардың 12-сі алғашқы жарты жылдықта пайдалануға берілгені белгілі. Үкімет басшысы “Ақтөберентген” кәсіпорны шығаратын көшпелі сандық рентген флюрография, маммография қондырғыларымен танысты. Кәсіпорында биыл алғаш рет компьютерлік томография шығарыла бастады. Бұл денсаулық саласының біраз жұмысын жеңілдететін болады. Сондай-ақ Үкімет басшысы үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында пайдалануға берілетін жобаларды жүзеге асырушылардың әрқайсысының хабарламаларын тыңдады. Облыста бұл бағытта іргелі істер атқарылып жатқанына көз жеткізді.
Осы арадан Үкімет басшысы бастаған делегация Мәртөк ауданының Саржансай ауылында орналасқан “Айс” ЖШС тауарлы-сүт фермасына бет түзеді. Бұл ферма Ақтөбе қаласының сүт өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймайды, оны экспорттауға да алғышарт жасайды. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында алғашқы жартыжылдықта іске қосылған болатын. Бұл фермада жылына 7,2 мың тонна сүт өндірілетін болады.
Тауарлы-сүт фермасының жұмыс барысымен қонақтарды “Айс” ЖШС директорының орынбасары Смағұл Бисембаев таныстырды. Жобаны жүзеге асыруға 3116,8 млн. теңге инвестиция салынған. Қаржы көзі “ҚазАгроФинанс” АҚ-пен бірге жеке құрылтайшы есебінен тартылыпты.
Тауарлы-сүт фермасының құрамына 550 сиырға арналған екі қора, 1200 басқа арналған үш бұзау қора, тәулігіне 23,6 тонна сүт сауылатын зал, 1000 тонналық екі астық қоймасы, құрама жем цехы мен өзге де көмекші нысандар кіреді. Тауарлы-сүт фермасын іске қосу арқылы 73 жаңа жұмыс орны ашылды. Серіктестік директорының орынбасары Смағұл Бисембаев қазірдің өзінде 200 асыл тұқымды сиыр әкелінгенін жеткізді. Ол сондай-ақ қуаңшылыққа байланысты биыл еккен мал азығындық дақылдардың шықпай қалғанын, сондықтан малға қажетті жемшөпті Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан сатып алуға тура келгенін айтты. Үкімет басшысының назарын мал азығын тасымалдайтын темір жол көлігі бағасының тым қымбаттығына аударып, осы мәселені шешуге ықпал етуін сұрады.
Содан кейін үкіметтік делегация жаңа сүт-тауарлы фермасын аралап көрді.
Сапар кезінде Премьер-Министр “Қазкоммерцбанк” АҚ Ақтөбе филиалы жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Қазіргі кезде “Қазкоммерцбанк” АҚ Ақтөбе филиалының орталық кеңсе мен 5 операциялық бөлімшелерін қосқанда, клиенттерге қызмет көрсететін 6 нүктесі бар.
Орталық кеңсенің жалпы аумағы – 4007 шаршы метр. Бірінші қабатта заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетіледі, электронды кезек пен банк қызметіне байланысты клиенттерді қызықтыратын сауалдарға кеңес беріледі. Сондай-ақ осы жерде тұсаукесер мен кездесу өткізуге, сұхбат жүргізуге арналған мәжіліс залы орналасқан.
Ғимараттың үшінші қабатында орналасқан мәжіліс залында Үкімет басшысы Ақтөбе облысының іскерлік ортасының өкілдерімен кездесті. Кездесу кезінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова Үкімет басшысына “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жүзеге асырылуы және облыс әкімдігінің екінші деңгейлі банктермен бірлесе жасаған жұмыс нәтижесі жайында баяндады. Ол бұл бағдарламаның жұмыссыздықты болдырмауға негіз қалайтынын, жаңадан өз ісін ашушыларға көп жеңілдік беретінін атап өтті. Облыста көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына бөлінген қаржыны толық игерудің алғышарты бар екенін мәлім етті. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша облысқа 629 млн. теңге бөлініпті. Қазірдің өзінде 69 жоба екінші дәрежелі банктерге өтініш түсіріпті. “Лайф” жеке емханасының құрылтайшысы Ғалымжан Елеуов нысан құрылысындағы инженерлік желі үшін 40 млн. теңге көлемінде “Жол картасы-2020” бағдарламасымен қаржыландырылғанын мәлімдеді. “БТА Банк” АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дания Еспаева кәсіпкерлікті, соның ішінде ауылдық тауар өндірушілерді несиелендіру туралы ойын айтты. Филиал берген несиенің 25 пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді екен. Пайыздық өсімді төмендету және биылғыдай қуаңшылықты жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету қажеттігін алға тартты. “Қазагроқаржы”, “Азық-түлік корпорациясы” АҚ тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бетбұрыс жасалса деген тілегін жеткізді. Әйтеке би ауданындағы “Құмқұдық” ЖШС директоры Александр Чемоданов ауа райының қолайсыздығынан туындап отырған қиындықтарға тоқталды. “Атамекен” Одағы” Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев Ақтөбе облысында “Жол картасы” бағдарламасына жиһаз компанияларының атсалысқанын оң тәжірибе ретінде бағалады. Сондай-ақ кәсіпкерлікке кедергі болатын өзекті мәселелер жайлы өз ойын бөлісті.
Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Елеусін Сағындықов өңірдегі үкіметтік деңгейде шешімін күткен күрмеуі қиын шаруаларды көтерді. “Балапан” бағдарламасының түбегейлі жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Балалар мекемесімен қамтамасыз етудің 80 пайыз құрайтынын тілге тиек етті. Облыс басшысы Көктауда 200 тұрғын үй салынып жатқанын, оларға алыс-жақын шетелден келетін қандастарымыз орналасатынын айтты. Бұдан соң Үкімет басшысы “Қазагроқаржы” АҚ, “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының” басшыларын тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Кәрім Қажымқанұлы жалпы облыстағы егіншілік саласындағы қалыптасып отырған жағдайды сараптау керектігіне назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа бір аптаның ішінде қуаңшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға қолдау-көмек көрсетудің шұғыл шараларын алуды қадап тапсырды. Өз кезегінде министр Ақылбек Күрішбаев солтүстік өңірлерден Ақтөбеге қажетті астықтың жеткізілетінін мәлімдеді. Елімізге жылына 3,5 млн. тонна астық керек екен. Былтырдан қалған астықтың өзі 3,6 млн. тонна көрінеді. Яғни, нан өнімдерінің бағасын ұстап тұрудың мүмкіндігі мол. Ол сондай-ақ облыс жағдайында дәнді дақылдар өсірудің өзекті мәселелерін зерттеу қажеттігіне тоқталды. Топырақ құнарлылығы төмен жерлерде мал шаруашылығымен айналысу керектігін алға тартты. Сондай-ақ өңірде күздік дақылдар өсіруге, тамшылатып суарумен айналысуға бағыт ұстау тиімді болатынын жеткізді. Қуаңшылыққа байланысты арнаулы комиссия құрылғанын, ауа райынан зардап шеккен әр шаруашылықтың жағдайы жете қаралатынына, қолдау-көмек жасалатынына назар аударды.
– Сіздің облыста “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясы арзан бағамен сатып алған 28 мың тонна астық бар. Сол астық облыста қалдырылады. Бұған қосымша солтүстік өңірлерден 20 мың тонна астық ауыстырылады. Сөйтіп, нан бағасын тұрақты ұстаудың мүмкіндігі туады, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Премьер-Министр болған соңғы нысан “Іzeet Greenhouse” ЖШС жылыжай кешені болып табылады. Өңірдегі ірі құрылыстың бірі саналатын жылыжай кешенінің жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Ол облыс орталығының азық-түлік белдеуін құру мақсатында жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаның мақсаты – облыс тұрғындарын жыл бойына қызанақпен қамтамасыз ету. Өндірісте голландық “Dalsem” фирмасының құрал-жабдығы пайдаланылады. Жылыжай кешені іске қосылса, жылына 1500 тонна көкөніс өндіріледі.
Жылыжай құрылысы “Қазагроқаржы” АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобалық-сметалық құны – 1230,0 млн. теңге. Жобаны жүзеге асыруда “Қазагроқаржы” АҚ арқылы 994,9 млн. теңге бөлініп, оның 80,9 пайызы игеріліпті.
Осы нысанның құрылысын жүргізіп жатқан “Керемет орталығы” ЖШС-ның технологиялар жөніндегі директоры Степан Папуровтың айтуынша, жылыжай кешені үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беріледі.
Премьер-Министр нысанның құрылысымен және жабық жағдайда өсірілетін көкөніс технологиясымен танысты. Осы жерде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жұмыс сапарының қорытындылары туралы әңгімеледі.
– Облыстағы экономикалық жағдай қанағаттанарлық. Алғашқы жартыжылдықтағы экономиканың дамуы тәуір. Индустриялық бағдарлама бойынша Ақтөбе облысы алдыңғы қатарда келеді. Ауа райының қуаңшылығы салдарынан егін шықпай қалды. Жалпы, егіншілікте ылғал сақтағыш технологияға баса назар аудару керек. Өңірде ауыл шаруашылығы кешенін дамыту, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысуға бағыт ұстау жайлы облыс басшысына, Ауыл шаруашылығы министріне тапсырма бердім. Қуаңшылықтан зардап шеккен Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына еліміздің солтүстік облыстарынан астық жеткізуге қаржы бөлінеді. Жемшөп жеткізуге де көмектесеміз. “Жемшөп жоқ” деп асыл тұқымды малды “пышаққа” іліктіруге жол берілмейді. Шаруашылық құрылымдары алған несиенің мерзімін созу мәселесі де ойластырылады. Жалпы, Ақтөбе облысында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру табысты жүргізілуде екеніне көз жеткіздім. Өткен жылдары облыс қаржылық дағдарысқа бой алдырған жоқ. Соның нәтижесінде биыл экономикалық дамуға, ілгерілеуге қол жеткізіп отыр, – деп қорытты өз ойын Кәрім Қажымқанұлы.
Үкімет басшысының айтуынша, Ақтөбе облысы өзге өңірлерге қарағанда, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Алайда, соңғы жылдардағы ауа райының қуаңшылықты болуы ауыл шаруашылығына елеулі қиындық тудырып отыр. Сондықтан бұл саланың тиімді жолдарын іздестіру ұсынылды. Ауыл шаруашылығында қайтарым бермейтін жерлерде егіншілікпен айналысудан гөрі, мал өсіруге бағыт ұстау қажеттігі әңгіме болды. Үкімет басшысының Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары барысында бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Кейбір мәселелерді тиісті министрліктерге шешуге тапсырма берілді. Әсіресе, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының экономиканы дамытудағы мүмкіндігіне көз жеткізілді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары іскерлік жағдайында өткенін атап айту керек. Өз істерін ашуға талаптанушы кәсіпкерлер “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жеңілдіктеріне көз жеткізсе, ауа райы қуаңшылығынан абдырап қалған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үкіметтік деңгейде көмек жасалатынын естіп, марқайып қалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.