15 Қазан, 2015

Қытайдан Қазақстан сурдошылары 12 медальмен оралды

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
15.10.2015 ASTАСТАНА. Қытайдың Тайпей автономиялық Республикасының Таюань қаласында ұйымдастырылған  Азия-Тынық мұхит ойындары аяқталды. Бұл туралы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» баспасөз қызметкері   Төлеген Жәкітайұлы хабарлады. Әлемнің 33 мемлекетінен барған сурдошылар  арасында қазақстандықтар сегізінші орынға табан тіреді. Ұтқан жүлде саны 12 медальға жетті. «Сегізінші  рет ту көтерген сурдлимпиадашылардың сайысындағы біздің спортшыларымыздың көрсеткен өнерлері осал болған жоқ. Әсіресе, алғашқы күндері таэквандошылар мен жеңіл атлетшілер, соңынан жүзушілер жүлделерді уыстап алып шықты. Бұл сапарда тек бадминтон, футбол, үстел теннисінің спортшылары олжасыз қайтты. Ұтқан жүлделердің ұзын саны 12 медаль. Тарата айтсақ, 1 алтын, 6 күміс, 5 қола медаль», деді Төлеген Жәкітайұлы. Оның айтуынша, төрт жылда бір рет өткізілетін Азия-Тынық мұхит ойындарынан Қазақстан сурдлимпиадашыларының ең қомақты оралғаны осы жолы болды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1996 жылы Малайзияда ұйымдастырылған бұл бәсекеге қазақстандық спортшылар тұңғыш   рет қатысып, 1 күміс, 4 қола медальмен оралыпты. 2000 жылғы Азия-Тынық мұхит ойындары дәл биылғыдай Қытайдың Тайпей өңірінде өткен. Қазақстан сурдошылар Тайпейден бар-жоғы 2 қола медаль ұтқан көрінеді. Содан белгісіз себептермен, тек 2012 жылы Оңтүстік Кореяда болған Азия-Тынық мұхит ойындарына ғана қатысқан қазақстандықтар тұңғыш рет осы доданың алтын медалына қол жеткізген. Оған қоса 2 күміс, 5 қола медаль, барлығы 8 жүлдені уыстап қайтады. «Енді міне, араға 15 жыл салып Қытайдың Тайпей өңіріндегі Азия-Тынық мұхит ойындарына тағы қатысқан біздің сурдошыларымыз өткеннің есесін толтырып қайтқандай болды. Алғашқыда осы Тайпейден тек 2 қола медаль ғана алса, осы жолы алтын бастаған 12 медальды олжалады. Сурдлимпиадашыларымызға «Жүлде құтты болсын!» дейміз», дейді ол. Азия-Тынық мұхит ойындарының бас жүлдесін 31 алтын, 32 күміс,25 қола медаль ұтқан жапондықтар талассыз иемденді. Екінші орын 29 алтын, 19 күміс, 25 қола медальға қол жеткізген Тайпей автономиялық республикасына бұйырды. Ал, үшінші орынды 19 алтын, 18 күміс, 15 қола медальмен шектелген Қытай сурдлимпиадашылары алды. Бұл тізімде Қазақстан спортшылары 1 алтын, 6 күміс, 5 қола медальмен сегізінші орыннан көрінді. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: egemen.kz 15.10.2015 AST-1.jpegСуретте паратаэквандодан 68 кило салмақта күміс жүлдені жеңіп алған Тимур Кулесов.