24 Шілде, 2010

Дәрумендер фестивалі

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәуелсіздігіміздің арқасы. Елімізде тұңғыш рет өткізіліп жатқан шаралар легі аз емес. Алматыда Қазақ Тағамтану академиясының бас­та­­масымен және АCІERTO компаниясы қолдап, бірінші рет дәрумендер мен минералдар фестивалі болып өтті. Алайда, бүгінде елімізде 200-ге тарта дәрумен сататын, тарататын делдал және өндіруші компания болса, қазірге оның саусақпен са­нар­лығы ғана осы шараға қатысып, ағзаға нәр, әл-қуат беретін өнім­дерінің сапасын насихаттады. Ең бастысы, алдағы уақытта дәрумен­дер фестивалін өткізу дәстүрге айналмақ. Игі бастама барысында Қазақ Тағамтану академиясының прези­ден­ті – еліміздің денсаулық сала­сын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан профессор Төрегелді Шарманов­тың: “Әлемдегі 6 түрлі ажалдан та­ғам мәзірін өзгерту арқылы ғана қашып құтылуға болар еді”, дейтін қанатты сөзі айтылмай қалған жоқ. Дәрумендер фестиваліне қатысу­шы­лар әртүрлі аталымдар бойынша сапа байқауына да қатысты. Ал Сараптама комиссиясы ең үздік деп танылған “Никомед”, “Фарко” “Фитолеум” және “Арт-лайф” компанияларын арнайы дип­ломдармен марапаттады. Көп­те­ген дәрігерлердің көңілінен шық­қан “Вита Фарм+” және “Омега-3 Кардио” компаниялары болса  “Дәрігерлер көзайымы” жүлдесінің иегерлері атанды. Қазақ Тағамтану академиясы­ның вице-президенті Игорь Цой­дың айтуынша, мұндай шара тұ­тынушыларға және бүгін арнайы келген дәрігерлерге  тікелей тауар өндірушілермен әңгімелесуге және препараттары туралы толық ақпа­рат алуға мүмкіндік тудырады. – Алдағы уақытта бұл шараны дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Бүгін, өкінішке қарай, елі­мізде жұмыс істейтін 200 компа­ниян­ың 10-ы ғана қатысты. Бола­шақта қатысушылар саны артады деген сенімдемін. Бұл шара ең ал­дымен халықты дәрумендер туралы ақпараттандыру үшін ұйымдас­ты­рылып отыр. Түсінік жұмысының аз­дығынан көпшілігі дәруменді күн­делікті тамақ рационына енгі­зіп, ішу керек екендігін біле бер­­мейді. Бұлар көптеген аурулардың алдын алуда пайдасы зор, – деді Игорь Цой. Осы бір қызықты шара қала­лық­тарды елең еткізгені анық. Фес­тивальға қарапайым тұтынушылар ғана емес, республикалық сани­тар­лық-эпидемиялогиялық қызмет мамандары, белгілі ғалымдар қа­тысып, оған ғылыми сипат бер­генін де атап өткен жөн. “Атриум” ойын-сауық орталы­ғында өткен фестивальға келушілер де әртүрлі байқаулар мен лотерея ойындарына қатысып, өндіруші­лер­дің сыйлықтарына ие болды.  Сондай-ақ балаларға саламатты өмір салтын насихаттайтын  мульт­­фильмдер көрсетілді. Салтанатты жағдайда өткен фестивальда Мем­­­лекеттік сыйлықтың лауреаттары Игорь Цой, Юрий Синявский сынды профессорлар дәрумендер туралы, оның соңғы жетістіктері туралы ой бөлісті. – Бүгінгі жұмысбастылық, пси­хологиялық күйзеліс пен мегаполис шуылы жағдайында тек күнделікті азықпен ағзаға қажетті қуатты алу мүмкін емес. Адамға тәуліктік ағза­ға қажетті кальцийді алу үшін кемі жеті балық немесе 4 кило сельдерей жеуі керек. Бұл мүмкін емес! – деп сөз бастаған Дұрыс тамақтануды насихаттау жөніндегі ұлттық үйлес­ті­рушы Гауһар Үшкемпірованы Қазақ Тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский де қуаттап, адамдардың жасына, жынысына, өмір сүру салтына қарай дәрумендерді таңдап, тұрақ­ты пайдаланып отыру қажеттігін ғылыми тұрғыда дәйектеді. Қысқасы, бұрын-соңды болып көрмеген фестиваль қалалықтарды бір елеңдетіп, елдің назарын сала­м­ат­тылыққа тағы бір аударып өткені ақиақат. Алдағы жылдары оған қатысушы компаниялар саны да, келушілер қатары да арта түседі деп күтілуде. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы