24 Шілде, 2010

1000 жас маман жатақханаға орналасты

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталық билік органдарының аппараттарын білікті де білімді мемлекеттік қызметкерлермен толықтыру мәселесін ұдайы назарда ұстап, тұрақты көңіл бөліп отырады. Жақында Мемлекет басшысы өңірлердегі білікті жас кадрларды орталықтағы мемлекеттік қызметке тарту, орталық аппараттардағы тәжірибелі кадрларды жергілікті жерлерге жіберіп, тұрақты кадр алмастыру тәжірибесін қалыптастыруды ұсынған болатын. Ал мемлекеттік қызметке тартылған жас кадрлардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешу де кезек күттірмейтін міндет. Жақында Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік қызмет іс­тері жөніндегі агенттігі Астана қа­ласының сол жағалауында 32 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан мемлекеттік қызмет саласының жас кадрларына ар­нал­ған 9 қабатты жаңа жатақхана ғи­ма­ратын пайдалануға берді. Төрт блоктан тұратын бұл за­манауи жа­тақ­ханада 1000 жас ма­манға арнал­ған тұрғын бөлмелер жабдық­тал­ған. Жатақхананың әрбір қаба­тын­да демалыс бөлме­лері, ас үй, кір жуатын орын және басқа тұрмыс­тық бөлмелер бар. Жас мамандар тұратын жатақхана бөлмелері жиһаздармен толық жабдықталған. Әрбір блокта спорт алаңдары бар. Сондай-ақ жас мамандардың дене тәрбиесімен шұғылданулары үшін волейбол, баскетбол алаңдары мен тен­нис корттары жұмыс істейді. Жаңа жатақхана ғимараты 32723 шар­шы метр аумақты алып жатса, оның тұрғынжайлары 10850 шар­шы метр көлемге қоныстанған. Жа­тақ­ха­нада барлығы 750 тұрғын­жай бөл­мелері бар. Оның 500-і бір орындық, 250-і екі орындық бөл­мелер. Бір орындық бөлмеге жас мамандар айы­на 16200 теңге, екі орындық бөл­ме­лерге 11700 теңге пәтерақы төлейді. Мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі агенттік төрағасының орын­басары А.Көмекбаевтың ай­туынша, бұл жатақханаға елор­да­дағы 45 мемлекеттік органның жас мамандары қоныстанатын бо­лады. Агенттік әрбір мемлекеттік органға тиісті квота береді. Ал квота алған мемлекеттік қызмет са­ласы жатақханаға кімді жібере­тіндіктерін өздері шешетін болады. Заман талабына сай жабдықталған бұл жас мамандар жатақханасын салуға бюджеттен 2 миллиард 759 мил­лион теңге қаржы бөлінген. Қазір орталық мемлекеттік орган­дардың 500 жас маманы жатақхана кілттерін алды. Ал тамыз айында қалған 500 маманға бөлмелердің кілті тапсырылатын болады. Жаңа жатақханадан жеке бөлме алған бір жас маманды әңгімеге тарт­тық. Өзін Асхат Ескендіровпін деп та­ныстырған жас жігіт Қоста­най облы­сынан келген екен. Ол облы­стағы аймақтық мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі басқарма­­да бір жылдан астам еңбек етіп, орта­лық аппа­рат­тың шақыруымен Аста­на­ға келіпті. Айналасы 1-2 айдың ішін­де агент­тік жас маманға жаңа жатақ­­ха­на­дан орын бөлген. “Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев жас кадрлардың жемісті еңбегі мен одан әрі өсу баспалдақтары үшін шынайы кө­ме­гін жасап отырады. Мен өз ба­сым жас маман ретінде Мемлекет басшы­сының қамқорлы­ғын үнемі сезініп келемін. Сол үшін Елба­сына айтар алғысым шексіз”, дейді ол. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.