24 Шілде, 2010

Қырғыздарға көмектің алды келді

456 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қысылғанға қол ұшын созуға дайын тұратын халқымыздың қа­сие­ті бұл күнде бауырлас Қырғыз­стандағы жағдайға байланысты тағы бір танылып отыр. Көрші елді қиындықтан шығаруға, қолтықтан демеуге барынша көмек-қолдау жасалып жатқаны мәлім. Соның жарқын айғағы Қарағандыдан Ош және Жалалабад қалалары тұрғын­дарына арналып 2 вагонға лық толтыра қарақұмық тиелуі болды. Кеше тілшілер қосынына атал­ған тағам түрі 188 тоннасының 128 тоннасы оштықтар, 60 тоннасы жалалабадтықтар қолына апарылып тапсырылатындығы хабарланды. Олар Абай ауданының Южный кентіндегі мемлекеттік резервтік қоймадан қос вагонға артылып жіберілді. Бүгін не ертең кеден бекетінен өтіп, қабылдап алушылар қолына тимек. “Резерв” РМК филиалының директоры Әлмұса Жақанов айтқандай, қарақұмықты арнаулы жасақ тиісті жерлерге жеткізіп салады. Қырғыз ағайындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта басқа да көмек түрлерін жөнелту жалғастырылады. “Көрші ақысы – тәңір ха­қы­сы”, дегендей, халқымыз өзінің көршілік парызына берік. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.