ПЕТРОПАВЛ. 3 шілде. «ҚАЗТЕХМАШ» машина құрылысы зауыты» ЖШС-де шетелдік озық технологияларға негізделген алғашқы астық комбайны шығарылып, Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен ұлттық телекөпірде таныстырылу рәсімі жасалды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорында бұған дейін 2-3 тіркемелі, жемазық таратқыш,пресс жинағыш, 2 роторлы тырнауыш, дискілі шөп машинасы техникалары құрастырылып, өндірістік сынақтан ойдағыдай өтіпті. Финляндияның «Sampo Rosenlew Ltd» фирмасынан келген бас технолог Микко Лефяйярви негізгі қызмет ауыл және коммунальдық шаруашылықтары және жүк тасымалдауға арналған техникалар өндірісін ұйымдастыруға бағдарланғанын, 2018 жылға таман 400 комбайн, 500 трактор, 1200 өзге де техникалар бірлігіншығару мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді. Бұл жобаға сондай-ақ Австрия мен Польшаның фирмалары да инвестиция құйып отыр.
Бүгінде Қазақстанда астық жинайтын техникалардың 80 пайызға жуығы нормадағы 8-10 жыл орнына 13-15 жыл қолданыста жүргенін, соңғы 7 жылда бұл саладағы импорттың үлесі 340 миллион долларға артқанын ескерсек, заманауи технологиялармен жабдықталған, құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын серпінді жобаның болашағы кемел. Осында құрастырылған техникалар еліміздің Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарымен қатар Ресейге, Ауғанстанға, Монғолияға, Қытайға жөнелтілетін болады.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.