ЕАЭО – еркіндік кепілі
Бүгінде кез келген елдің жақсы өмір сүруі, табысты болуы оның басқа мемлекеттермен, әсіресе, көрші елдермен қарым-қатынасына, өзара ынтымақтастық дәрежесіне байланысты. Сондықтан да, әлемдегі интеграциялық үрдіс үнемі қарқынды дамудың ең пәрменді жолы ретінде қарастырылып келеді. Мұндайда: «Қоңсысы дұрыстың – қосы дұрыс» демекші, аймақтық интеграцияның алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда әлемде көптеген интеграциялық ұйымдар бар. Олардың басым көпшілігі экономикалық бағытқа негізделген. Атап айтар болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Еуропалық одақ (ЕО), Мұнай өнімдерін экспорттаушы ұйым (ОПЕК), Үлкен Араб аймағының еркін саудасы (PAN-ARAB), Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы (ASEAN), Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEK) және т.б. Аты аталған интеграциялық ұйымдардың біразымен біздің еліміз тығыз байланыс орнатуда. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан Республикасы өзінің ХХI ғасырдағы табысқа жетуінің кілті төмендегі мәселелермен тікелей байланысты екенін айқындаған мемлекет. Олар – жаңғыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, инновация мен ғылыми жаңалықтар, сондай-ақ, интеграция мен әлемге ашық әрі еркін қарым-қатынастар жасау.
1994 жылғы наурыз айында, терең аса тарихы бар М. В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі беделді мінберден аса білікті ғалымдар алдында тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Еуразиялық стратегиялық идеясын жария етті. Ол бүгінде табаны күректей жиырма жылдық эволюциялық жолдан өтіп, бірқатар тәжірибе жинақталды. Бұл жоба уақыт сынынан өтіп, жаңа үлгіде жүзеге асуда. «Еуразиялық жобаның» ең басты жетістігі интеграциялық тұшымды іс-қимылдар болып табылатындығы дәлелденді. Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың алысты болжай білетін көреген саясаткерлігі мен заман тынысын дөп басатын кемеңгерлік қасиетін айдай әлемге айқын танытты.
Еуразиялық экономикалық одақ – бұл бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сұранысымен өлшенетін мегажоба. Оның қалыптасуы жаңа әлемдік архитектураның бөлінбес бөлігі ретінде адамзат тарихындағы ғаламдық ең күшті экономикалық-қаржы дағдарысына қарсы күрес үрдісінен бастау алады. Бұл – ой мен тәжірибенің бірлігі, жүйелі түрде, сатылай және талмай тұрақты түрде алға ұмтылудың нәтижесі. Әрі бұл жоба посткеңестік кеңістікте «Нұрсұлтан Назарбаевтың жобасы» деп аталып, Қазақстан оның отаны ретінде танылды. Өйткені, Қазақстан Көшбасшысының барлық интеграциялық үрдістердің бастамашысы және көптеген жаңашыл жобалардың, тың идеялардың авторы екенін бүкіл әлем біледі. Атап айтсақ, ТМД, АӨСШҚ, ШЫҰ және тағы басқа қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық біздің Елбасымыздың ықпалымен өмірге келген құрылымдар. Олар ықпалдасудың тұрақты да тиянақты дамудағы маңызды құралы ретінде тек аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де ерекше орны бар ұйымдар екенін уақыт өзі мойындап отыр.
Алғашында мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің идеясының уақыт талабымен үндес екенін, интеграцияның қажеттілігін алдымен көршілес елдердің көшбасшыларына дәлелдеді. «Бүгінде, Достастықтың барлық елдері әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың жолдарын іздестіріп жатқанда, экономикалық проблемаларды жеке-дара жүріп еңсеруге болмайтынына көз жеткен кезде, тағдыр еуразиялық интеграция тұжырымдамасының көкейкестілігін тағы бір рет тиянақтап отыр», – деп жазған еді Елбасы «Еуразиялық экономикалық одақ: теория әлде нақтылық» атты мақаласында. Президент сол кезде: «Сіздің идеяңызды қолдамайды деп қорықпайсыз ба?» – деген сұраққа: «Қорықпаймын. Бүгін болмаса да ертең қолдайды. Біздер бұдан ешқайда кетпейміз...», – деп жауап берген болатын. Міне, сол бүгін ақиқатқа айналып отыр.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлерге еуразиялық интеграцияны тереңдетумен жауап берудеміз. Біз Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырдық, Еуразиялық экономикалық одақ құруға келе жатырмыз. Бұл – жалпы өңірлік тұрақтылықтың, біздің экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Біз ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосылуға ұмтылысын қолдауға дайынбыз», – деп атап көрсетті.
2014 жылғы 29 мамырдағы Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінің басшылары салтанатты жағдайда Астана қаласында қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті мәселелері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде төмендегідей пайымдаулар жасауға болады.
Бұл тарихи құжат ХХI ғасырдың ерекше мегажобасы ретінде болашақта тиісті бағасын алатынына еш күмән жоқ. Құжат 4 бөлім, 28 тарау, 118 баптан және 28 қосымшадан, жалпы 700 беттен тұрады. Онда халықаралық ұйымдарға тән, тәуелсіз елдердің қатысу ұстанымдары, территориялық тұтастығы, әсіресе, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси ерекшеліктеріне құрметпен қарау секілді мәселелердің базалық негіздері арқау етілген.
Қазіргі кезеңдегі Еуразиялық экономикалық одаққа деген қоғамдық көзқарастың әртүрлі болуы заңды да. Бұл жерде еліміздің кейбір белсенділерінің айтып жүргеніндей, Экономикалық одақ – КСРО-ға қайта оралу, билік Ресейдің ықпалына түсіп, яғни тәуелсіздіктен айырмайды. Өйткені, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер одақтың экономикалық шекарасын нақты белгіледі. Ал Еуразиялық экономикалық одақ – бұл шын мәніндегі экономикалық құрылым, ал оның негізінде қандай да бір саяси ұстаным немесе саяси блок құрылуы еш мүмкін емес.
Бұл қадамның тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған нақты іс-шара екенін түсініп, Елбасының бастамасына барша қауым, тұтас қоғам болып қолдау көрсетіп отыр. Және осы Одақ аясында саяси құрылымдар – «ортақ парламент», «ортақ азаматтық» секілді мәселелер болмайтынын ескерген орынды. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау баурайында берген сұхбатында тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін кез келген одақтан шығып кете алатынымызды айтқанын көңілге медеу тұтқанымыз дұрыс.
Бұл жоба Елбасының туған халқының төрткүл дүние көшінен қалып қоймасын деген ізгі ниетпен күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп жасаған сан жылғы қажырлы еңбегінің бір парасы екенін түсінгеніміз жөн. Бұл жөнінде Ресей Президенті В.В. Путин: «Еуразиялық идеяның, Еуразиялық мемлекеттер одағының ғана емес, Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы – Н.Ә.Назарбаев», – деп жиі айтып жүр.
Бұл жоба шын мәнінде қалыптасқан мемлекеттің бастамасымен қабылданған ХХI ғасырдың алғашқы ширегіндегі айрықша тарихи мәні бар шешім. Онда оған қатысушы елдердің әрқайсысының ұлттық мүдделері ескерілген. Интеграциялық жаңа ұйым бұл Одаққа мүше мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, Қазақстан, Беларусь және Ресейді, өзге үміткерлерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады деген сенім бар. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер халықтарының талап-тілектері жан-жақты талқылаудан өтіп, олар ескеріліп отыр. Бұл орайда, ең бастысы – саяси тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттің тұрақтылығы. Одақтың құрамына әрбір ел ортақ іске тәуелсіз және егемен мемлекеттер ретінде қатысады.
Одаққа мүше мемлекеттердің тілдері мәселесіне тоқталар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі барлық халықаралық келісімдер, Комиссияның міндетті сипаттағы күші бар шешімдерінің барлығы бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан тілдік қағидаттар жөнінде ешқандай кемсітушіліктерге жол берілмейді. Ал өзіміздің ана тіліміздің дамуы біздің өз қолымызда. Ол үшін біз тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайту жолында аянбай әрекет етуіміз керек. Сондықтан, ұлттық келбетімізді сақтап қалуда қазақ тілінің қолданылу аясына ерекше көңіл аудару әрбір қазақстандықтың патриоттық міндеті деп түсінгеніміз абзал.
Әрине, бұл интеграциялық ұйымды құрудың жолы оңай болмағаны айтпаса да белгілі. Еуразиялық экономикалық одақты ұйымдастыру барысында осыдан екі жылдай бұрын Ресейде ұлтүстілік парламент құру жөнінде әңгіме қозғалған болатын. Бірақ, бұл идеяны Қазақстан мен Беларусь парламентшілері қолдай қоймады. Кейіннен ол басқаша түрде шешімін тапты. Шартқа қол қою барысында Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс жүргізу тәртібі бекітілді. Ол Комиссия Мәскеуде орналасып, онда Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық орталығы (штаб-пәтері) болатын болды. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Яғни, Одақтың құқықтық құрылымдары сонда шоғырланады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап Одақтың қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы орын теппек. Бұл да өркениетті консенсустың айқын көрінісі іспетті.
Одақтың атқарушы органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидаты негізінде ескеріліп, жұмысқа білікті мамандар тарту конкурстық негізде жүргізілетін болады. Комиссия қызметкерлері халықаралық мәртебені иеленеді. Лауазымды тұлғалар бойынша әрбір тарап тең дәрежеде болу нормалары бекітілген. Комиссия аппаратында жұмыс істеуге тілек білдірген үміткерлерге арнайы ақпараттық сайт ашылған, сол жұмыс жасайды. Бұған қазірден бастап-ақ Қазақстан, Беларусь, Ресей азаматтары іріктеуге қатысуға құқықтары бар.
Біз – «Көрші ақысы – құдай ақысы», «Жақсы көрші жаман туыстан артық» деп өскен, құдайы көршілермен достық, татулық, ынтымақтастық қарым-қатынасқа ерекше мән берген өрелі халықтың өкіліміз. Сондықтан бұл интеграциялық ынтымақтастықтың бізге берері мол болуы керек. Біріншіден, бұл, жоғарыда аталғанындай, тек экономикалық одақ болып табылады. Оған қатысушы елдердің әл-ауқаты мен тұрмыс-жағдайын, экономикасын өркендетеді. Сол арқылы кәсіпкерлік дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазақстан үшін 9 есе үлкен байтақ нарық базары, яғни 170 миллион адамды құрайтын алып кеңістікке жол ашылады.
Екіншіден, әрбір елдің экономикалық мүмкіндіктері, интеграциялық байланыстары, барыс-келісі көбейіп, алыс-берісі қарқынды дамиды. Бұл Одақтың геостратегиялық жағынан да айрықша маңызы зор. Қазақстанның Еуропа елдерінің тұтыну нарықтарына шығуға және Қытай мен Еуразиялық одақтың қуатты экономикалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін буын болуына кең мүмкіндік береді.
Үшіншіден, ұлттық экономикамызды көтермелеу үшін ірі, ұсақ деген мәселе болмауы керек, сондықтан да, онда барлық мәселелер жан-жақты таразыға салынып ескеріледі. Осы тұрғыда мұндай мүмкіндіктерді біз жаңа экономикалық одақтың бағыт-бағдарынан байқап-көріп отырмыз.
Төртіншіден, ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында Одақтың алдындағы басты миссиясы – оның ашық экономикалық қоғамдастық ретінде әлемнің аса маңызды экономикалық макроаймағына айналу. Ол, сайып келгенде, Еуропа мен Азияның «экономикалық алтын көпірі» болатын сапаға қол жеткізу арқылы одаққа мүше мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру.
Бесіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдер арасында әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық, әсіресе, оқу-білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге де игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Бүгіннің өзінде Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды ешқандай нострификациясыз өзара тану туралы келісім бекітіліп отыр. Сондай-ақ, үш елдің азаматтарына Одаққа мүше кез келген елдің жоғары оқу орындарында білім алуға теңдей құқық берілген.
Әлемдік тәжірибеде интеграцияланудың көптеген формалары бар. Ал жоғарыда аталған жайттар Еуразиялық экономикалық одақтың олардан нақтылы айырмашылықтары болатынын айғақтайды. Осы ретте әлемдік интеграцияланудың үздік тәжірибелерін өзімізге сәйкестендіріп қолдана білудің маңызы зор екенін мойындаған абзал. Өйткені, соның нәтижесінде осынау Еуразиялық одақтың өз ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсете білеміз. Әсіресе, мұнда Еуропалық одақтың жіберген кемшіліктерін қайталамау маңызды. Әлемдік экономиканың тұрақты дамуы осындай жаңа мүмкіндіктер ашудан көрінеді. Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдердің қарапайым тұрғындарына ауыртпалық емес, игілік әкелуге қызмет ететін болады.
Еуразиялық экономикалық одақ өзге елдер үшін ашық құрылым болып табылады. Қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстан қосылды. Бұл одақтың өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Тағы бір ескере кетерлік жайт, мұндай маңызды шешім мен экономикалық одақтың құрылуының өзі осы идеяның отаны болып отырған Қазақстан жерінде, оның жаңа елордасы Астана қаласында жүзеге асуы да әділеттіліктің бір көрінісі іспетті. Астана – Еуразия құрлығының ортасында орналасқан, бүгінгі заманның ең жас елордасы. Онда тарихи мәні зор көптеген саяси шешімдер мен халықаралық құжаттар қабылданған. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері, дәстүрлі Еуразиялық медиафорумдар өтті. Астана болашақта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мерейлі мекеніне айналады.
Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің қазіргі жағдайына үңілер болсақ, жаңа одақ құрып отырған алғашқы үштіктің ортасында жақсы үнқатысу, салиқалы түсіністік, мәмілелі келісім қалыптасқан. Сондай-ақ, мұндай үрдістер мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар арқылы да жалғасын табуда. Осы жағдайлардың барлығы Одақ мүшелеріне технологиялық тұрғыдан кооперациялануымызға жаңа жол сілтеп отырғандай. Әрине, бұл кооперациялану тек шикізаттық бағытта ғана емес, күрделі технологиялар мен инновациялық инфрақұрылымдар жасау бағытында да алға басатындығы анық.
Болашақта әлемнің алға қарай қарыштап ілгерілеуі интеграцияның даму үрдісімен анықталары анық. Кімде-кім ықпалдасудан тыс болса, өркениет дамуынан шет қалары сөзсіз. Бүкіләлемдік қауымдастық бүгінде Қазақстанды беделді әрі ғаламдық үдерістерге ықпал ете алатын мемлекет ретінде таниды. Біздің еліміз – бәсекелестікке қабілетті, әлемдік қауымдастықтағы мерейі үстем мемлекет. Елбасымыздың идеясымен өмірге жолдама алған осынау Еуразиялық экономикалық одақ – шын мәніндегі ХХI ғасырдың әлемдік деңгейдегі мегажобасы ретінде өзінің тарихи қызметін толыққанды орындайтыны даусыз.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
профессор.