24 Шілде, 2010

“ТУР ДЕ ФРАНС”: Тау жолындағы тартыс

429 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
22 шілде күні Турмале тау­ла­рының тарабында өткен “Тур де Франс” веложарысының 17-ші ке­зеңі көпшілік күткендегідей жа­ңа­лық әкеле қоймады. Атал­мыш қашықтық аламанның екі ли­дері аражігін бұрынғыдан ар­тық ажы­ратып бере алмады. Сөйт­кенмен, жұрттың бір бол­жа­мы дұрыс келді: “Астана” ко­ман­дасының капи­та­ны Альберто Контадор өзінің көшбасылығын ешкімге бермей, сары жейдесін сақтап қалды. Көмбе сызығын ойламаған жерден Люксембург оғланы Энди Шлек бірінші болып қиды. Оны­мен дөңгелек тістескен күйі сәл қа­лыңқы өткен Альберто қар­сы­ласына бірде-бір секунд ұтылған жоқ. Бұл жерде мәреге ертелеу жа­қындаған біздің жігіттің соңғы сәт­те қарсы­ла­сының бірінші өтуі­не әдейі жол бергенін жұрттың бә­рі байқады. Ол 15-ші кезеңде өзі­нен 30 секунд алда келе жатқан Эн­дидің көлігі шынжырын іліп ке­тіп, оны жолда қалдырып қой­ған айыбын осы­лайша “жуды”. Демек, енді бәрін де бү­гін Бордо мен Пойяк арасындағы 19-шы кезең – шабандоздардың жеке-же­ке ағызып өтетін 52 шақырым­дық қашық­тығы шешетін болады. Ал кеше түнде Сали-де-Беарн - Бор­до ортасындағы 18-ші кезең­ге лап қойған жүйріктер 198 ша­­қырымға созылған жазық белдеуді бебеулетіп өтті. Өкінішке қарай, газет жарыққа шыққанға дейін кезең нәти­желері біздің қолы­мыз­да болған жоқ. Дегенмен, маман­дар болжамын байыпқа алсақ, бұл аралықта лидерлер тобында пә­лен­дей өзгеріс бола қоймауы тиіс. Турмале атты тау жотасының жон­дарына жорық жосынын бас­таған 17-ші кезең тағы бір аңыз­дың тууына туырлық тастайды деп күтіп еді дүйім жұрт. Бірақ олай болмады. Тек көрермен көпшілік шын мәніндегі тау тарланы – “Таудағы кондор – Контадор” атан­ған біздің бай­тағымыз номын­дағы команда майтал­маны Аль­бер­тоға трассаның осы биік беле­сіндегі бөлігінде лайықты бәсе­келес пайда болғанын пайымдап үлгерді. Тау тарабында табан ті­ресе алатын сол бір қарымды қар­сы­ластың аты, әрине, Энди Шлек екенін оқырман аңғарып отырған шығар. Сөз арасында бұл бағланға да бір барлау жасай өтсек, оның ең алдымен ежел­гі велосипед­ші­лер әулетінен шық­қанын айтар едік. Бір жарысқа екі немесе үш бір­ге туған бауырдың қатар қаты­суы сирек кездесетін жағдай емес, әйткенмен Шлектердің ахуалы тіпті бөлек. Қазір ағайынды Фрэнк және Энди арасын олар­дың жас айырмасы да, мұндағы ма­манданған саласы да, та­лантта­рының әр қилы екенін де айыра ал­майды. Олар – қашаннан жұ­ды­рықтай жұмылған бір команда, қосақталған ажы­рамас жұп, та­ма­ша достар, сиам егіздері секілді қа­тар жандар. Ал бұл әулетте шай­­та­нарба тегершігіне ең алғаш өт­кен ғасырдың 30-жылдарында Гус­тав (Огюст) Шлек отырған екен. Жеке жүріп біраз жетістік­тер­ге жеткен оның жолын ұлы Джон­ни бұдан да сәттірек жалғас­тырып, осы “Тур де Франсқа” 7 рет қаты­сыпты. Енді сол Джонни мен Габиден туған үш ұл – Стив (1976 ж.), Фрэнк (1980) және Энди (1985) нағыз кәсіпқой ма­мандарға айналды. Қазір бұлар­­­дың үлкені спортпен қоштасса, қалған екеуі әдемі тандем құрып келеді. Кезекті кезең көп ретте кө­рермен көңілінде күп қалдырды. Ол әдеттегідей бір шоғырдың клас­сикалық тәсілмен сытылып алға шығуынан басталды. Жол енді тү­рілгеннен “қоянқашты” қақпа­қыл­ға салып, пелетонды артта қал­дыр­ған сол сап жеті шабандоз болып тізіле шапты. Құрамына неміс Бургхардт, испандар Перес пен Флеча, фран­цуз Пауриоль, орыс Колобнев, сло­вен Корен, норвег Хаген түзілген “қашақтар” біразға дейін жол бер­меді. Бірақ бұларды “генерал бо­лады” деп санаған да ешкім жоқ. Тек олардың негізгі топ­пен ара алыс­тығы 7 минутқа жет­кеннен кейін ғана арттағылар шын қуғынға көшті. Алдымен ұм­тыл­ған испан Карлос Састре мен оған дем берген латыш Коно­ва­ловс болды. Трасса­ның негізгі бәсекелестері А.Конта­дор мен Э.Шлек мәре межесіне жақын қал­ған шамада ғана ытырылып алға шықты. Бір-біріне лайықты қос қарсылас сол сәттерде түсе қалған қалың тұман­ның арасында бір-бірімен ұмар-жұмар болып тебін­десіп келе жат­ты. Сөре сызығынан да олар сол қатарласқан күйлері бірдей көлбей өтті... Осы кезеңнен кейін топ ба­­сындағы Альберто Контадор бас классификация бойынша 83:32:39 уақыт өлшемін көрсетіп тұр. Екінші орында – Энди Шлек, үшін­ші орында – Самуэль Санчес. Демек, топ басындағы үштікте өзгеріс жоқ. Ал “Астана” командасы құ­рамында сынға түсіп жатқан басқа жігіттердің жай-күйлері әрқалай. Мәселен, соңғы кезеңде сөреге 49-шы болып жеткен Александр Ви­нокуров нәтижесінде бас тізім­де сырғып, 16-шы тегершікке та­бан тіреп тоқтады. Бұлардан бө­лек, Да­ниэль Наварро – 48, Паоло Ти­ра­лонго – 52, Давид де ла Фуэн­­­те – 109, Хесус Эрнандес – 127, Мак­сим Иглинский – 131, Андрей Гри­вко – 135, Бенджамин Новаль 150 деген көрсеткіш­терді еншілеп келеді. Биылғы “Тур де Франс” ве­ложарысы 20 кезеңнен тұрады. Оның ең соңғы белесі ертең, жек­сенбі күні аяқталады. Осы күні Люн­жюмо елді мекенінен шыққан ве­лошабандоздар 102,5 шақы­рым­ды жүгіріп өтіп, Париждегі Елисей алаңында демдерін бір-ақ басады. Ал бүгін, сенбі күні 19-шы кезеңді трасса бойымен жеке-жеке жүгіріп өтіп өткеріп, Пойякқа аялдайтын олар кешке Люнжю­моға әуе жо­лы­мен ұшып жетіп тыны­ғады. Се­бебі, бұл екі арада арнайы трасса жоқ. Мамандар Сали-де-Беарн мен Бордо ортасындағы жазық­тағы жол­да үстірт кездеспейтінін айтады. Сон­дықтан ол таудан талықсып түс­кен сприн­тер­лердің ұзақ қашық­тық­ты жеке жүгіріс ал­дында біршама тыныс алуына мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті біздің басты үм­іт­керіміз тиімді пайдалана білсе, қанеки! Серік ПІРНАЗАР,  Астана.