Осының алдында “Малдардың осы ауруға қарсы егілмегенін біле тұра, олардың жаппай қырыла бастағанынан секем алып, ауыл-елді басқарып отырған әкімдер дәрігерлерге дер кезінде хабар беріп, дабыл қағулары керек еді. Жалпы, ауылдық аумақтар бойынша тұрғындарға бұл жайында хабарлап, сақтандыру шаралары атқарылмаған. Ақсу қаласы аумағына қарасты ауылдарда адам өліміне әкелген төтенше оқиға мал ұстап отырған облыстың басқа аудандарының, ауыл әкімдерінің жұмыстарына сабақ болар деген ойдамыз.. деп мақала жазған едік.
Таяуда облыстық әкімдікте өткен жиылыста облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жиналғандарға мынаны хабардар етті, яғни, мал ауруы індетінің таралуына жол беріп, адам өліміне әкеліп соқтырған, облыс жұртшылығын дүрліктірген, адамдарға қорқыныш ұялатқан жағдайдың алдын ала алмаған облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Төлеген Закарияновқа, Ақсу қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке қатаң сөгіс берілді. Ақсу қаласы әкімінің ауылдық аумақтар жөніндегі орынбасары Рүстем Сәдуақас, Жолқұдық ауылының әкімі Кәбира Қалуменовалар қызметтерінен кетті. Ал, Астанадан келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Сақташ Хасенов осы министрлікке қарасты облыстық аумақтық инспекцияның бастығы Ерболат Батырхановтың қызметінен босатылғанын жеткізді. Ендігі жауабы жоқ сұрақ ол сібір жарасы ауруы ауылдарға қайта оралып соқпасына кім кепіл?.. Жаңа келген басшылар қандай сақтық шараларын қолға алмақшы?.. Малдары жазғы жайылымда жүрген ауылдықтарды мазалап отырған қазіргі сұрақ осы. Сақтықта қорлық жоқ. Расында да Ақсу қаласы аумағына қарасты Қаракөл мен Ревровка деген ауылдар емес, малға тиген бұл індеттің кесапаты бүкіл облысты дүрліктірді. Ажалынан бұрын, күтпеген жерден ауылдың екі тұрғыны қайтыс болды.
Ауру малды сойып, етін таратып та үлгеріпті. Ауыл тұрғындары бірінен-соң бірі жалпы саны 120 шақты адам дәрігерлік бақылауға алынды. Дертті жұқтырған жеті адам аурухана төсегінен бір-ақ шықты. Облыс орталығы, Ақсу қаласы маңындағы ауылдардың көптеген тұрғындары да тексеруден өткен. Тіпті, біразы ауру малдың етін жегендерін айтпай, жасырып қалған көрінеді. Кімнің сау, кімнің ауру екенін айыра алмай дәрігерлерге қиындық тудырғаны осы. Ал, өлім аузында жатқан ауру болса, бұдан бұрын да бір ауру жылқыны сойып, облыс орталығындағы базарлардың біріне өткізіп жібергенін айтады. Бұл онсыз да қорқыныш тудырып тұрған жағдайды қиындатып жіберді. Дереу жедел әрі шұғыл шаралар жүргізілді. Бойына індет тараған жылқы еті облыс орталығындағы “Манақбай” атты сауда базарына түсіп, іле-шала тағы бір сауда дүкені арқылы арзан бағамен сатылып та кетіпті . Адам өміріне қауіп төндіретін осындай жауапсыздық кесірінен кейін облыс басшылығы аудандардан жеткізілетін ет, сүт өнімдерін жәрмеңкелерде сатуға уақытша тыйым салды. Қалалықтар қазір шынында да, қанша жерден тексерілген десе де базарлардан ет, сүт өнімдерін сатып алуға қорқып қалды. Қорқып, жүрексініп қалған себептері де бар. Әлгі “Манақбай” сауда базарына алынған ауру жылқының еті ешбір ветеринарлық тексерусіз түскен. Етті сатып жіберген екінші бір дүкеннің иесі мен сауда базарының әкімшілігіне 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленіпті. Қала халқын ауру малдың етімен улай жаздаған осы базардың ветеринарлық қызметінің инспекторы жұмысынан босатылды. Егер халықтың денсаулығына жауапты деген ветеринар дәрігердің өзі осындай қылмысқа барып тұрса, осыдан кейін адамдарда қалай үрей болмасын, базардан барып қалай ет сатып алады?
Бұл қылмыс емей, немене?.. Кейбіреулер дәрігерде кінә жоқ, мүмкін оны базар басшылығы ауру етті сатуға мәжбүрлеген де болар, жұмыс орнын сақтап қалу үшін осындай жолға барған шығар деген де уәж айтады. Ол да мүмкін. Базар басшысы “е, жарайды, айыппұл төлеп құтыла саламын” деп ойлайды, ал, тағы бірде осы жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Мәселенің мәнісі осында. Сол “Манақбай” , “Қамқор” базарлары” ет сататындай да жер емес. Ішкі санитарлық тазалығы жоқ екені көзге көрініп тұр. Жәрмеңкелерде неге тыйым салынды дегенге келсек, аудандардан келетін ет, сүт өнімдеріне бұған дейін де дұрыс тексеріс, қарау болмаған сияқты. Аудандар “осыншама ет, сүт өткіздік” деп жәрмеңкенің дақпыртын көтерумен жүрді. Ал, нақтылай алғанда санитарлық-ветеринарлық қадағалау қызметі “ ауру малдардың еті саудаға өтіп кетеді-ау” деген қауіп-кетерді қаперге алмағандай. Жалпы, осы жәрмеңкелердің де қалай өтетінін көзіміз көріп жүр. Көшенің ортасына апарып жәрмеңке өткіземіз. Кімнің не сатып жатқаны да белгісіз. Тазалық та, реттілік, бақылау да жоқ. Мәшине толы ет. Мәшине толы сүт, май, нан өнімдері шетінен алып сата береміз. Ауылда жаппай мал қырыла бастаған уақытта сол ауылдың әкімдері бастап дабыл қағып, ветеринар дәрігерлерге хабар беріп, халықты құлақтандырып, сақтық шараларын жүргізуі керек еді. Малдардың індетке қарсы егілмегенін, вакцина, дәрі-дәрмектің дер кезінде келмегенін бәрі білді. Біле тұра көзжұмбайлық жасалды. Ауылда мал ұстап, мал бағып отырған соң, ветеринарлық сауаттылық қажет. Ішіп-жемі етпен де байланысты ауыл-қала үшін малдың саулығы – адамның саулығы. Енді ғана сібір жарасы екінші рет қайталанбасын деп айналаны улап, залалсыздандырып жатырмыз. Ауру ошағы шыққан жер аумағы енді ғана қоршауға алыныпты. Сол жердегі жайылымда бұған дейін ауылдың барлық малы жайылып жүрді. Бұл облыс бойынша жүргізілетін ветеринарлық қызметтің жыл бойы атқаратын басты жұмыстары болу керек емес пе? Ветеринар дәрігерлердің өздері 1967 жылдары облыстың қай аудандарында сібір жарасы таралғанын жақсы біліп отыр. Сөйте тұра сақтық шараларын қолға ала алмады. Ауылдарды дүрліктірген сібір жарасы ауруының таралуына орай қылмыстық іс қозғалыпты. Кімдерге деген заңды сұрақ туындайды. Облыстағы ауылдардың малдарын егуге дер кезінде вакцинаны жеткізбеген кімдер сонда?
Дәрі-дәрмектер неге кеш жеткізіледі? Жалпы, осы ауылдық аумақта маусым айынан бері 5 мал өлген көрінеді. Мал дәрігерлері секем алып, дабыл қақпаған. Әкімдер де үнсіз қалды. Ақсудағы жағдайдан соң барып, бейқам отырған ауыл, аудан әкімдері “малды егу керек екен ғой” деп, дәрі-дәрмек іздеп зыр жүгіре бастады. Күнін малмен көріп отырған ауылға қашанда ең керек маман – мал дәрігерлері екенін ауыл, аудан әкімдері мүлде қаперсіз қалдырған сияқты.
Ауыл-елдің амандығы әкімдердің мойнында. Сол ел мен жер үшін, ауылдың өркендеуі үшін олар қызмет алып, әкім болып отырғандарын билік басына, қызмет орындығында отырып алған соң ұмытып кететіндері өкінішті. Ал, талап пен тәртіп бәрімізге бірдей. Малдардың ауру індетке ұшырағанын мал дәрігерлерінің, әкімдердің өздері білмей отырса, қарапайым ауыл тұрғындарына не айтуға болады?
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.