04 Шілде, 2015

Алып

405 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
01-06-12 Қай кезеңде болмасын ұлы адам­дар­дың өмір жолы тарих­шылардың да, журна­листердің де, тіпті, қарапайым адам­дар­дың да назарын аудартып, жан-жақты зерделеніп келген. Өйт­кені, халықтың тағдыр-талайына ықпал еткен адамның жетістікке жету сырын әркімнің білгісі келетіні даусыз. Соңғы жылдары Президент Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев туралы шық­қан кітаптар мен ма­қалалар аз емес, бұл еңбектердің барлығы біздің Елбасы­мыздың бірегей тұлғасын көрсететін құнды дүниелер. Алайда, отан­дас­тарымыз бен шетелдік өкіл­дердің көкейіндегі сан алуан сұ­рақтарға тек Мемлекет басшы­сының өзі ғана мейлінше толық жауап бере алатыны сөзсіз. Сондықтан да, менің ойымша, Пре­зидент Н.Назарбаевтың танымал журна­лист Сауытбек Абдрахмановпен жанды сұхбат түрінде құрылған «Өмір өт­келдері» атты жаңа еңбегінің құндылығы ерекше. Бұл − Қазақстан халқының игі­лі­гі мен беделі жолындағы Елбасының алып еңбегінің маңызын паш ететін аса қы­зықты да мазмұнды кітап. Елбасының соқпақты жолы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев өзіне ғана тән фило­софиялық тереңдікпен, сондай-ақ табиғи қарапайымдылықпен өзінің өмірбаяндық еңбегі туралы былай дейді: «Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!». Әлемдік тарих шынайы көш­басшылар келешегі зор міндеттер мен мақсаттарды дұрыс қоя білу, барлық қиындықтар мен тос­­қауылдарға қарамастан, олар­ды іске асыруға күш салу, халық­қа сенім ұялатып, ұлтты даму­дың жаңа белес­теріне бастау сияқты бірегей қабілет­термен дара­ла­на­тындығын көрсетіп отыр. Жаратушы стратегке тән мұн­­дай қасиетті кез келген сая­сат­кер мен мемлекет басшы­сына дарытпаған, шынайы стра­­тегиялық ойлау қабілетіне ие көш­бас­шы­лардың тапшылығы, өкінішке қарай, ерекше сезі­летін қазіргі әлем­де біздің Президентіміз сирек құбылыс бо­лып табылады. Бірақ, Табиғаттың бер­гені өз алдына, Көшбасшыға тән дарын өмір­дің бел-белестері мен саяси кү­­рестерде шыңдалады. Ал мұн­дай жағ­дайлар Нұрсұлтан Әбіш­ұлының өмірінде аз болған жоқ. Ол әке-шешенің махаббаты мен соғыстан кейінгі ауыл өмі­рі­нің қиын­дық­тарын сезініп өскен туған үйінен жасөспірім шағында жыраққа кетті. Ол қазақтар үшін үйреншікті емес металлур­гия саласында, мүлде жаңа мәдени-психологиялық ортада білім ала бастады. Сол жылдары көптеген адамдар үшін түсініксіз және келешегі бұлың­ғыр болып көрінген бұл жағдай Елбасының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Болашақ Мемлекет басшысы ретіндегі оның бітімі енжарлық пен тамыр-таныстықтан ада, ал адамдарды іскерлік және адамгершілік қасиеттері бойынша әділ бағалаған еңбек ұжымында шыңдалды. Елбасы қызмет жолын осылай бастады, ықпалды туыстарының қамқорлығынсыз «өзін өзі қалыптастырып», Тарихты жасаушы «self-made leader» саясаткер ретінде шетелде кеңінен танымал болды. Елбасы сол үшін де зор құрметке лайық. Бірақ, алда табанды еңбекке, бас­қа­ру­дың ескірген әдістерінен арылу қажеттілігі туралы азапты ойларға, дауқұмарлар мен қаскүнемдерге қар­сы қызу күреске, «қайта құру бастық­сы­мақтарынан» түңілуге, туған жердің қамы үшін терең алаңдаушылыққа, тоқырау инерциясын тайсалмай еңсеруге және теңдессіз реформаларға толы тұтас Өмір тұрды. Бұл Елбасының осын­дай құбылмалы да қауіпті әлемде халық тағдыры үшін өзіне тарихи жауапкершілік жүктеген соқпақты жолы еді. Бүгінгі күннің биігінен біз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың КСРО күйреген қиын-қыстау сәтте Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін жариялауға аса жо­ғары жауапкершілікпен қарап, белгілі саясаткерлердің сан түрлі желік­пе сөздеріне қарамастан, табысты мем­лекет құру жолында кездескен бар­лық кедергілерді асқан шеберлікпен еңсергеніне көз жеткізе түсеміз. Күрделі демографиялық ахуал, шекараның рет­телмеуі, аса қиын экономикалық жағ­дайдың болуы себептерінен Қазақ­станға толыққанды мемлекеттілік беруден бас тартылғаны белгілі. Оған қоса, саяси элиталардың алдын ала бол­жам­сыздығынан бірқатар посткеңестік республикалар үшін сол кезең нағыз зұлматқа айналған еді. «Осындай тұста мен ең алдымен Қазақстанның тағдыры туралы, өз халқымның ертеңгі күні ту­ра­лы ойлануға, толғануға тиісті едім. Экономикаға қолайлы жағдай жаса­луы үшін, еліміздегі көпұлтты жұрт­шылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оны шын мәніндегі егемен елдердің одағы ретінде жаңаша құруға қолдан келгенінше әрекет еттік. Бұл саясаттан біз ұттық. Себебі, ешкім бізге ішімізде де, сыртымызда да айып таға алмады. Өз тәуелсіздігімізді дау-дамайсыз жарияладық», – деп еске алады автор. Тәуелсіздік алған кездің өзінде Нұр­сұлтан Әбішұлы көптеген саясаткерлердің тісі батпайтын істерді жүзеге асыра алды, ол қиын ахуалды өзгертіп, кемшіліктерді артықшылықтарға айналдырып, қатып-семіп қалған саяси жүйенің тар өрісі мен көне экономикадан өсіп шыққан халықтың ойлау жүйесін өзгерте білді. Президент Н.Назарбаевтың шынайы көшбасшылығына сенген жаңа құрылған елдің азаматтары нарықтық экономикаға, сапалы білім мен күшті бәсекелестікке мүлдем балама жоқ екенін түсінді. Технологиялық төңкерістер мен саяси дүрбелеңдер дәуірінде беделді ұлтқа айналғымыз келсе, тынбай еңбек етуіміз керек, бірақ мұны ақылмен, экономиканы реформалап, мемлекетті байыта отырып жасауға тиістіміз. Бұл орнықты экономика, ұлтаралық келісім және халықтың әл-ауқаты негізінде «қазақстандық модель» құра білген біздің Елбасымыздың ұстанымы деуге болады. Сондықтан да, Елбасы халықпен сұхбатында жауапкершілікке, жаңашылдыққа және еңбекке баса назар аударады. Жастар Елбасының ерекше қамқорлығында, ол жастарға басты басымдықты – оқу және болашақ жолында білім алу деп айқындап берді. Еліміздің әр өңіріндегі зияткерлік мектептер, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет Елбасының стратегиялық ойлау қабілеті мен өскелең ұрпақтың қажеттіліктеріне деген әкелік қамқорлығының айқын көрінісі. Посткеңестік кеңістіктегі ең табысты мемлекет құрылысы жобасының авторы Н.Назарбаев өз кітабында еліміздің ұлт­тық мүдделерін негізге алған Қа­зақ­станның сыртқы саясатының мәнін барынша анық көрсетіп береді: «Біз әуелден өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді батыстық демократия қағидаттарына негіздеп, алдыңғы қатарлы азиялық мем­лекеттердің тәжірибесін және еліміз­дегі көптілді, көпдінді қоғамның ерекше­ліктерін ескере отырып құруды ойлас­тырған едік. Сол ойымызды орындауға сыртқы саясатымызды орайластыра алдық. Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін нығайтуға әлемдік қауым­дастықпен ықпалдастықты күшейтуді құ­рал етіп қолдана білдік. Халықаралық бедел деген салиқалы сыртқы саясат пен дәйек­ті ішкі дамудың жиынтығы. Біз соған қол жеткіздік. Бұл – біздің үлкен табы­сымыз». Президент Н.Назарбаевтың беделі таң­данарлық феноменнің негізін құ­райды: оның барлық бастамалары мен ұсыныстары заманауи халықаралық қатынастардың ықпалды факторына айналды, жаһандық сипатқа ие болды. Елбасы адамзат тарихына бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді, мұндай құрметті мәртебеге бір де бір мемлекеттің басшысы лайықты болмаған. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлерінің съездері − бі­регей форумдар, олардың тікелей автор­лығы әлем картасындағы жаңа мемле­кеттің негізін қалаушы Президент Н.Назарбаевқа тиесілі. Халықаралық қоғамдастық оның ТМД-ның бастауында тұрғанын, ШЫҰ құруға ауқымды үлес қосқанын жақсы біледі. Қазақстан шекарасын заңдық тұр­ғы­дан ресімдеу Елбасының тарихи еңбегі болып табылады. Кітап авторының өзі дәл ескерткеніндей, «шекараны таспен қор­шамау керек, шекараны доспен қор­шау керек». Президент Н.Назарбаев 2010 жылғы сәуір айындағы Қырғызстандағы өткір саяси дағдарысты шешуде басты бітім­гер­шілік рөл атқарды. Қазақстан басшы­сының халықаралық беделі Украинадағы күрделі қақтығыстарды реттеу жөніндегі маңызды аралық миссияны орындауға мүмкіндік береді. Елбасы он жылдық үзілістен соң Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуге және Еуразиялық қауіпсіздік декларациясын қабылдауға қол жеткізе алды. Сонау 1994 жылы Еуразиялық Одақ туралы идеяны айта отырып, 20 жылдан соң Елбасы бұл одақты мүлдем жаңа геосаяси және гео­экономикалық жағдайларда құруға қол жеткізді. Шын мәнісінде, ол елді сыртқы қатерлерден қауіпсіздендірді, жасампаз реформалар үшін жағдай жасады. Саяси тұрақтылық, ойластырылған реформалар және жауапты сыртқы сая­сат ел экономикасына посткеңестік ел­дер кеңістігі үшін теңдессіз инвестиция­лар ағынын (200 млрд. долларға жуық) қамтамасыз етті. Қазақстан Көш­бас­шысына ірі халықаралық инвесторлар сенді, олар қаржы қаражаттарынан басқа алдыңғы қатарлы технологиялар мен менеджментті енгізді. Президент Н.Назарбаевтың жаңа кітабын оқыған кезде өз елін қираған посткеңестік үйіндіден көтерген, оны тұрақты даму жолына салған және Қазақ­станды халықаралық дәрежедегі ықпалды ойыншыға айналдырған көрнекті мемлекет қайраткері мәртебесімен авторды әлем­дік саясаттың биік шыңына алып келген бүкіл өмір жолы көз алдыңа келеді. Сондықтан, бүкіл әлем өткен прези­денттік сайлаудағы реформалар бағдары­ның жаппай қолдауға ие болуын Қа­зақстан Президентінің өз елі мен әлем­дік қоғамдастықтың игілігі жолындағы қызметінің заңды нәтижесі ретінде қабылдады. Ауқымды трансформациялар қарсаңында Сонымен бірге, «Өмір өткелдері» кітабы өткен кезеңді баяндаса да, бола­шаққа арналған еңбек болып саналады. Өт­кенге сын көзбен қарамай, жарқын болашаққа үмітпен қарау қиын, бұл өмір­лік аксиома. Бұл кітап Елбасы қа­лып­тастырған реформалар аясында еліміз­дің болашағы туралы ойларға нәр береді. Қазақстанға Ұлт жоспарын ұсына отырып, Президент Н.Назарбаев зама­ны­на сай көрнекті реформатор ретінде­гі өзінің реномесін бекіте түсті, ол мем­ле­кетіміздің алдағы бірнеше жылдарға арналған ауқымды даму болашағын нақты суреттеп берді. Мазмұны бірегей «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, елімізді жаңғыртуға басымдық бере отырып, дағдарысқа қарсы шараларды қамтитын «Нұрлы Жол» Стратегиясы, сондай-ақ, біздің мемлекетімізді сапалық тұрғыдан жаңартатын бес институттық реформа және оларды іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам жаңа бағдардың матрицасын құрайды. Соңғы ғасырлар ширегінде мұндай түбегейлі өзгерістер әлемдегі елдердің бір де бірінде жүзеге аспаған. Сондай-ақ, Президенттің реформалары халықаралық мәнге ие, өйткені, олар жаһандық апаттар жағдайындағы дағдарысқа қарсы тиімді шаралардың және жедел дамудың көрнекі үлгісі болып табылады. Қазақстан өспелі жаһандық бәсе­ке­лестік кезінде күрделі геосаяси жағ­дайларда өтетін ауқымды трансформа­ция­лардың қарсаңында тұр. Біздің көшбасшымыз «ХХІ ғасырда жеңіл желпі жүріп өту» болмайтынын ескер­те отырып, барша ұлтты нақ осы қатал бәсекелестікке дайындап отыр. Біз­дің уақыттың парадигмасы осындай. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі – біздің елі­міздің үлкен жеңісі, бірақ бұл арқаны кеңге салуға емес, қайта әлемдік нарыққа қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек етуге бастауы қажет. Елбасы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіруі жөнінде күр­делі міндет қойып отыр, бұл ең дамы­ған 30 елдің клубы деген сөз. Н.Назарбаев өзінің жақында берген телевизиялық сұхбатында өте орынды айтып өткендей, біздің ұрпақ өз жұмысын әділ және адал істеуі керек. Шындығында, ұрпағымыз бізді өз уақытымыздағы мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді және барынша пайдаланып отырғанымыз бойынша баға­лайтын болады. Президент Н.Назарбаев санкциялық қақтығыстар басталғанға дейін-ақ қазіргі заманның басты талабын дәл айқындады: бұл − бәсекеге қабілетті ұлт құру. ХХІ ғасыр­дың болмысына ие болуға тиісті қазақ­стандықтарды экономиканы кеңі­нен әртараптандыру жөніндегі ауқымды міндеттерге алып келеді. Елбасы реформалар тұрақты түрде өтетін процесс екендігін, өз уақытынан ілгері жұмыс істеу, саяси, экономикалық, әлеуметтік, тіпті, мәдени сын-қатерлерге айқын жауап беру қажеттілігін үнемі ескертумен келеді. Тоқырау кез келген қоғам­ды бұзады. Бірқатар елдерден көріп отыр­ғанымыздай, түбегейлі өзгертулерсіз аты шулы тұрақтылықтың өзі елеске айналады. Біздің көшбасшымыз реформаларға, сы­байлас жемқорлықты жоюға, қоғамдық сананы трансформациялауға екпін жа­сайды, тек осындай жолмен ғана Қазақ­стан заманауи және беделді мемлекет ретінде нығая түсетінін жақсы түсінеді. Бұл стратегиялық мақсатқа жету үшін алдымызда мемлекеттік аппаратты жаңғырту, оны толығымен кәсіби аппарат етіп жасау міндеті тұр. Елбасы заңның шынайы үстемдік етуін қамтамасыз ету туралы үлкен міндеттер қойып отыр. Индустрияландыру жаңа тынысқа ие болады, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі орта таптың рөлі күшеюі тиіс. Президент қазақстандықтарды еліміздегі ұлт бірлігін сақтауға, Мәңгілік Елді қастерлеуге, «әлеуметтік лифтілерді» пайдалануға, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуға шақырады. Елбасының ойынша, Қазақстан ашық және халық алдында есепті мемлекет болуы тиіс. Сонымен бірге, біз күшті президенттік билікті сақтап қалуымыз керек, оның жарқын үлгісі әлемдік сая­сатта беделі мойындалған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болып табылады. Біздің тарихи тәжірибеміз, ұлттық діліміз және геосаяси жағдайымыз тұрғысынан, Қа­зақстанда мықты көшбасшының болуы ел дамуындағы стратегиялық мін­деттерге сай келеді. Демократияны нығайта отырып, Парламент өкілеттігін кеңей­тіп және орталықсыздандыруды жү­зеге асы­рып, «мықты Президент – ықпал­ды Парламент – есепті Үкімет» форму­ла­сын­дағы саяси жүйенің тұрақтылығын назар­дан шығармауға тиістіміз. Көшбасшылық жеке қасиеттерден басталады Ел игілігі жолындағы өмірі мен қыз­ме­ті арқылы Президент Н.Назарбаев Қа­зақ­­станның алдында дамудың жоға­ры шегін белгіледі, оның әлемдік қоғам­дас­тықтағы белсенді рөлін айқындады. Заманауи менеджменттің танымал майталманы Ф.Хесселбайн «көш­бас­шылық көшбасшының өзінің жеке қасиеттерінен басталатындығын» жіті көрсетіп берді. Тарихта шешімдері тарихтың барысын өзгертуге ықпал еткен, бірақ адами қасиеттердің болмауына байланысты ұмыт болған, тіпті, қуда­лан­ған мемлекет қайраткерлері туралы мысалдар аз емес. Біздің Елбасымыз іскерлік қасиеттерімен ғана емес, сонымен бірге, адамгершілік қасиеттерімен де барынша дараланады. Елі үшін жеке сипаттағы кез келген жағдайға қарамастан, өте қиын шешімдерді қабылдауға барады. Аталған кітапты оқи отырып, оқырман Елбасы рөлінің қаншалықты жауапты және алуан қырлы екенін түсінеді. Н.Назарбаевтың саяси қызметі тарихтағы көрнекті тұлғаның жасампаздық рөлінің көр­некі үлгісі болып табылады. Ол біз­дің елімізге төнген жаңа сындар мен қа­тер­лерді басқа саясаткерлерден тереңірек түсінеді және үнемі туындап отыратын мәселелерді шешу үшін мығым және тиімді әрекет етеді. Елбасы халықты ең дамыған мемлекеттер қоғамдастығына сеніммен бастап барады. Осыған орай, Нобель сыйлығының лауреаты, әлемдік саясаттың патриархы Шимон Перестің: «Пре­зидент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – біздің заманымыздың ұлы құры­­лыс­шысы. Бұзу оңай, салу қиын. Оның құ­рылысын шынымен де ұлы деп атауға болады», – деген сөздері өте әділ айтылған. Расында да, тәуелсіз Қазақстанның тарихы бұл – біздің мемлекетіміздің негі­зін қалаушы – Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың табысты көш­бас­шылығының тарихы десек асыра айтқандық болмайды. Бізге, Елбасының замандастарына ұлы мемлекет қайрат­кері, көрнекті реформатор және жасампаз тұлғамен бір дәуірде өмір сүру сыйы бұ­йырды. Қазақстан Президенті бүкіл ең­­бек жолын еліне беріле қызмет етуге арна­­ған халқының адал ұлы, сонымен қатар, ол әлемдегі ең озық та табысты мем­ле­кет­тердің бірінің Көшбасшысы ретін­де барша адамзатқа да тең дәрежеде ортақ тұлға. Шарль де Голль бірде «Жер бетіндегі ең тамаша ойлап табылған нәрсе, бұл – Франция» деп қисынды айтқан болатын. Біз де Президент Н.Назарбаевсыз, оның шынайы Көшбасшылығынсыз елестете алмайтын және оның есімімен бірге ілгерілеу мен тұрақты даму жолына мәңгі алға ұмтылатын еліміз туралы да осылай сеніммен айта аламыз. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.