Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, өзіміз дербес ел болып еңсе тіктегенімізге де жиырма жылдан асты. Осы уақыт ішінде тіл тағдыры толғантқан жанашырлар көп болғанмен, пайдалы қарекетке барғандар әлдеқайда аз секілді. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытатын кафедралар ашылып, ғылыми еңбектер жазылып, алғашқы әдістемелер қалыптасып, оқу құралдары шыға бастады. Мемлекет қолдаған бұл игі істі бір қауым ел болып жұмыла атқара бастады. Қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқытуға бар ықыласымен кіріскен, кірісіп қана қоймай жаңа үлгідегі оқу құралдарын жазуды, өзіндік қолтаңбасымен теориялық негіздемесін алғаш болып қалағандардың бірі – әдіскер, ұстаз Зейнехан Сейітханқызы деп нық сеніммен айта аламыз.
Ғылым адамдарының жолы әр қилы болады. Зейнехан Сейітханқызы ғылым жолына ұстаздық, әдіскерлік қызметі арқылы келді. Ұстаздық қызметті атқара жүріп, профессор Т.Сайрамбаевтың жетекшілігімен айналасы үш жылдың ішінде кандидаттық диссертациясын қорғады.
Көрген, түйгенін, ұстаздық тәжірибесін жинақтап оқу құралын жазды. Ол құралды пайдаланған оқушы да, оқытушы да разы болды.
Қажеттілігі сол – соңғы кездерде үрдіске, тіпті міндетке айналған кәсіби бағдармен оқыту, кәсіби оқу құралын жазуды З.Сейітханызы 90-шы жылдардың соңында-ақ бастаған екен. «Қазақ тілі» экономика факультетіне арналған (1997), «Қазақ тілі» халықаралық қатынастар мамандығына арналған (1998), «Қазақ тілі» гуманитарлық мамандықтарға деп кете береді.
Жазған-сызғаны көпшіліктің көңілінен шығып, кәдеге жарағанын сезінгенде оны ғылым тілімен жүйелеп, докторлық диссертациясын қорғады. Жаза баспады. Себебі, көкейде ғана емес, тәжірибеде де піскен, мазмұны гуманитарлық болғанмен заты эмпирикалық, деректері нақты, тілді оқытудағы жаңа бағдарды ұстаным еткен еңбек болды. Еңбектерді толығымен талдау бұл мақаланың мақсатына кірмегендіктен, бір ғана мысалмен шектелейік.
Зерттеудің «Жаттығулар – нағыз оқу құралы» бөлімінде: «Біздіңше, оқулық – оқыту құралдарын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың нысаны болып табылады. Ал оқулықтың да, оқытудың да нағыз құралы жаттығулар. Тек қана жаттығуларды орындау мақсатқа жеткізеді. Олардың болмауы оқыту мақсатының болмауына әкеледі. Оқулықтарда, оқу құралдарында беріліп жүргендердің барлығын жаттығу дейміз бе?». Бұл сұрақтың жауабын зерттеуші былай деп тұжырымдайды, олар: жаттығудың мақсатты болуы, арнайы ұйымдастырылуы және жүйемен, кешенді берілуі», деп жазды З.Күзекова монографиясында. Ең бастысы бұл тұжырымды ғалым барлық оқу құралдарына арқау етіп, жүзеге асырып келеді. Тіл бірліктерін қызметтік өрісіне сай меңгертуге бағытталған жаттығулар жинағы – «Қазақ тілінің практикумы» осы тұжырымның тәжірибедегі дәлелі.
Функционалды-семантикалық өріс ұғымын лингвистикаға неміс ғалымы Трир енгізгені, ал орыс тіл біліміне А.В. Бондарконың зерттеулері арқылы жеткені мамандарға таныс.
Профессор Күзекова зерттеуінің ерекшелігі не десеңіз – қазақ тілін «өріс» арқылы оқытуды негіздеуінде. Ал өріс тіл бірліктерінің функционалдық семантикасына, яки мағыналық семантикасына сүйенетіні белгілі. Бұл жақсы теорияны іске асырса, әрине қазақ тілінің көсегесі көгеретіні анық. Алайда, қазақ тіл білімінде тұрпатты грамматика сараланып жазылғанмен, қызметтік грамматиканың кенжелеп қалғаны құпия емес. Бұл тарапта орыс тілі білімінің әлдеқайда алға кеткені біздің тілші мамандарға қай салаға назар аудару қажеттігіне жөн сілтегендей.
Функционалдық грамматиканың теориясын жазу бір басқа да, оның тілдегі көрінісін тайға таңба басқандай жіктеп беру – бір басқа. Осы тұста З.Сейітқанқызының осы бір абыройлы, әрі ауыр істі өз қолына алғандығы ғылымда жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді. З.Күзекованың оқу құралдарының ерекшелігі де сол текстотека сауаттылығы, аутенттілігі өз алдына тілдік білік-дағдылардың жаттығулар жүйесі арқылы бекітілуінде. Өріс арқылы жүзеге асатын бұл тапсырмалар студенттің коммуникативті қажеттіліктерін жүзеге асыруды меңгерткендіктен – білім беру ісінде сұранысқа ие.
Бұлай қорытынды жасауға толық негіз бар. «Рарирет» баспасынан «Қазақ тілі практикалық курсының» 3-басылымы, «Қазақ тілі» (экономика факультетіне арналған) оқу құралы 4-басылымы, «Қазақ тілі» (халықаралық қатынас факультетіне арналған) оқу құралдарының 2-ші басылымдарының өзі білімгерлердің қолында жүргеніне 6-7 жылға тақап қалды. Оқу құралдарының өміршеңдігі қажеттілікке байланысты болады. Нарық заңдарына сай қызмет ететін баспа үйлері З.Күзекованың оқулықтарын қайталап шығарып жібергенін кейде автор өзі де білмей қалатын кездері болып тұрады.
Зейнехан Сейітханқызы ғылымға өзін шөліркеп кештеу келдім деп есептейді. Сондықтан да қандай бір жаңалықтың, алғашқы бастамалардың басы-қасында жүріп бел шеше кірісті. Халықаралық тест жүйелерін (TOEFL, IELTS, ТРКИ ) зерттей отырып, ҚАЗТЕСТ жүйесінің негізін қалады. Оның негіздемесін, стандартын, алғашқы тест үлгілерін, анықтамасын түзуі оны Қазақстандағы бірден-бір тестолог ғалым ретінде танытты. Тестолог мамандарының қалыптасуына ұйытқы болды. Мемлекеттік деңгейде тілдік білімді анықтауға қызмет етіп отырған, «Болашақ» бағдарламасымен білім алушылардың білімін анықтайтын негізгі критерийлердің бірі ҚАЗТЕСТ бұл күнде дамып келе жатыр, әрі болашағы зор жүйе десек артық емес. Алайда, бұл жүйенің алдында З.Сейітханқызының зор еңбегі тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өзін насихаттағанды ғалым жақтыра бермейді.
З.С.Күзекова ғылыми ізденіс жолында оқулық жазумен оның теориясын негіздеумен шектеліп қалған жоқ. Озық идеясын республика деңейінде жалғастыруды мақсат тұтты. Осы құралдары мен практикумының негізінде «Қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарлама» мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартының» негізгі авторы болды.
Француз жазушысы Жозеф Жубер «оқыту үшін екі есе оқу керек» деген екен. Бұл қағидатты Зейнехан Сейітханқызы өзіне ұстаным еткен ұстаз. Тұшымды теориялық еңбектерін айтпағанда, әрбір оқу құралы, әрбір сабағы, әрбір тапсырмасын жазуға үлкен дайындықпен кіріседі. Тағы да сол ойшылдың «қағаз бәріне төзгенмен, оқырман төзе алмас» деген ойы Зейнехан Сейітханқызының да зерттеушілік жолындағы құбыланамасы тәрізді, оның үнемі ізденісте жүретіндігін көрсетеді. Қай уақытта, қай жерде болмасын «бұл туралы мен ... ана сабағымда жазған едім, қазір оған көңілім толмайды, оған енді басқаша қырынан келуім керек» немесе «бұл оқулықты мен мүлдем басқаша, жаңаша етіп жазып шығуым керек, екі-үш сабағын жазып та қойдым», «материалдарым дайын, жаңа пән енгізсем деп жүрмін», «студенттерге бұл өте ұнады, таң қалды, бұдан әрі дамытатын шығармын» деген сөздерінен өз ісіне деген үлкен махаббатты сезінеміз. Сезінеміз де қызығамыз.
Соңғы кезде білім беру саласында мобильділік, яғни ұтқырлық термині ерекше қолданысқа ие. Басқаша айтсақ, барлығына үлгеру, кедергілерді жою, тоқтамау, тоқырамау. Зейнехан Сейітханқызына ұтқыр, яғни мобильді ұстаз десек жарасады.
Бір айдың ішінде екі рет АҚШ-тың екі университетінде өткен конференцияларда баяндама жасау, университеттің ғана емес шетелдік университет грантын да ұтып алу, 5 деңгейлік «Қазақ тілі» оқу құралын жазу, ағылшын тілін үйренуді қатар алып жүру, т.с.с. жалғаса береді.
Сабақ бере жүріп, оқулық жазды, практикум жазды, сол арқылы функционалды грамматиканың қазақ тіліндегі берілуін, өрісін танытты. Осы жүйемен оқып шыққан азаматтың білімін бағалаудың критерийлерін қалыптастырды, қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқытудың ЖОО-ға арнап типтік бағдарламасын, мемлекеттік стандартын жасады, осылай айта берсек кете береді. Бірақ бұл айтуға ғана оңай, мұның артында зор еңбек, үлкен ізденіс жатыр. З.Сейітханқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Бірақ ешқашан тоқмейілсіген емес. Әрқашан ізденіс үстінде жүреді. «Өткенді құрметтей отырып, жаңалыққа ұмтылу» филология ғылымдарының докторы, Назарбаев Университеттің профессоры З.Сейітханқызының өмірлік кредосы.
Бақыт АҚБҰЗАУОВА,
Назарбаев Университеттің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.