22 Мамыр, 2015

Форумда әйелдер қауымына баса назар аударылды

326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар кездесу өткізді. Гүлшара Әбдіқалықова VIII Астана экономикалық форумы аясында йемендік құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының лауреаты Тавакуль Карманмен өткізген кездесуінде әйел құқық­тарын қорғау мен оны кеңейту саласындағы Қазақстанның жетістіктерін баяндай келіп, Дүние­жүзілік экономикалық форум­ның сараптама тобы 2012 жыл­дың қазан айында жарияла­ған ер мен әйелдің құқық теңдігі рей­тин­гісінде біздің ел 135 мемле­кет ішінен 32-орынды иелен­генін жеткізді.

Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова 2011 жылы Нобель сыйлығына лайық деп танылған Т.Кар­ман­ның «әйелдер қауіпсіздігі үшін зорлықсыз күрес және бейбіт­шілік орнатуға әйелдердің қатысу құқығы» бағытындағы еңбегін жоғары бағалап, оның құқық қорғау саласындағы жұмысына табыс тіледі және Йеменде тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына ниеттестігін білдірді. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Хелен Кларкпен жүз­десті. Жүздесушілер өзара тиім­ді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен оларды елі­міз­дің орнықты әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы жағдайында кеңейтудің келешегін талқылады.

Г.Әбдіқалықова өз кезегінде Қазақстан мен БҰҰ ДБ арасында қалыптасқан орнықты қарым-қатынасқа тоқтала отырып, кедейшілік пен жұмыссыздықты, ана мен бала өлімін төмендетуді, тұрақты дамуды, қоршаған ортаны жақсартуды, АИВ/ЖИТС және туберкулезді алдын алуды, гендерлік теңдікті, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресті қоса қам­титын мемлекеттік басқару­дың тиімділігін арттыруға бағыттал­ған маңызды жобаларды іске асы­руға техникалық жәрдем жаса­ғаны үшін ризашылығын білдірді. Басқосуда БҰҰ ДБ-мен ынты­мақтастық Қазақстанның заңна­масы мен іс тәжірибесіне БҰҰ-ның жоғары стандарттарын және халықаралық үздік тәжірибені ойдағыдай енгізу ісіне өз үлесін қосқаны да сөз болды. Бұдан бөлек, Г.Әбдіқалықова Қазақстан мен БҰҰ ДБ арасындағы 2016-2020 жылдарға арналған серіктестіктің негіздемелік жаңа бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы, «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жаңа Эко­но­ми­калық Саясаты және Мемлекет бас­шысының бастамасы болып табылатын бес институттық рефор­маның мақ­саттары мен міндет­теріне қол жеткі­зуге мүмкіндік туғызатынына сенім білдірді. Кездесуде айтылып өткен­дей, елі­міздің жетістіктері халықаралық рейтингтер арқылы да айқын көрініс тауып отыр. Қа­зақстан тірі туған әр 1 000 сәбиге қатысты алғандағы ана өлімі деңгейін 1999 жылғы 55-тен 2013 жылғы 12,6 дейін үш есе төмен­дету арқылы Мыңжылдық дамудың бесінші мақсатына (МДМ) қол жеткізді. Бұған дейін кедей­ші­лікті азайту, бас­тауыш білімге қолжетімділік және гендерлік тең­д­ікті қамтамасыз ету жөнінен Мың­жыл­дықтың бірінші, екінші және үшін­ші даму мақ­саттарына мерзімінен бұ­рын қол жеткізілген болатын. 2013 жылғы мәліметтер бойынша, Қа­зақстан ұлттық әл-ауқат дең­гейінің халықаралық рейтингінде 47-орын иеленіп, ТМД-ның барлық елдерінен озып шықты. Бі­лімге тең қолжетімділік қамтама­сыз етілді. ЮНЕСКО мәліме­тіне сәйкес, білімнің даму көрсет­кіші бойынша мемлекетіміз әлемнің 129 елі арасында 4-орынды иеленді. Кездесу соңында тараптар жа­ңа жобаларды тиімді іске асы­ру мақсатында белсенді ын­ты­мақ­тастықты жалғастырудың маңыз­ды екеніне баса назар аударды. Кездесулерден кейін Мем­ле­кеттік хатшы VIII Астана эконо­микалық форумы аясында өткен «Нұрлы Жол – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық әйелдер жиынына (форум) қатысты. Аталған алқалы кеңесті ашқан Г.Әбдіқалықова гендерлік теңдікті ілгерілетуде және әйелдердің іскерлік белсенділіктерін артты­руда елімізде қол жеткізілген та­быстарды атап көрсетті. Сонымен бірге, ол институттық тәсілдерді жетілдірудің, әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға инвестициялар мен инно­ва­ция­лар тартудың және әйелдерді оқыту мен олардың біліктілігін арттырудың заманауи инфра­құ­рылымын жасау қажеттілігіне көңіл аудара отырып, қазіргі кезеңде инфрақұрылымдық даму­дың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасындағы жобаларды іске асыру ісіне әйелдердің көбірек тартылуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. – Мемлекет басшысы әйел­дер қауымының қоғам дамуын­дағы ерекше рөлін баса айта келіп, «Қазақстан-2050» Страте­гиясында әйелдер қауымын мемлекеттік және қоғамдық басқару жұмыстарына белсенді тарту керектігіне назар аудартады. Осы және басқа да қолайлы жағдайлардың арқасында елімізде жылдан жылға өз кәсібімен айналысатын әйелдер саны көбейіп келеді. 2014 жылы жүргізілген халықаралық есептеуде Қазақстан әйелдер мен ерлердің арасындағы бәсекелестік коэффициенті бойынша әлемде 25-орынға табан тіреді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Қазақстанда бүгінде әйелдердің экономикалық тұрғыда тәуелсіз болуына барлық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына да барлық алғышарттар бар. Солардың бірі Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы деп айтуға болады. Бағдарлама инвес­тициялар тартуға мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жол ашады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілері 400 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, олардың шығаратын тауарының көлемі 150 млрд. теңгеге ұлғаяды, – деді Г.Әб­ді­қалықова. Оның сөзіне қарағанда, қазір­гі таңда елімізде кәсіпкер әйел­дердің белсенділігінің артқа­ны анық байқалып отыр. Респуб­ликамызда шағын және орта бизнес басшыларының 40 пайыздан астамын әйелдер қауымы құрайды. Кейбір өңірлерде өз ісін дөңгелетіп отырғандардың 48 пайызы – әйелдер. Форум жұмысына Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты М.Қазбекова, Ауғанстан Парла­ментінің депутаты Ш.Баракзай, БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Х.Кларк, Нобель сыйлығының лауреаты Т.Карман мен таяу және алыс шетелдердің өкілдері қатысты.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».