24 Шілде, 2010

Астана – менің махаббатым

948 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ киносының қатары тағы бір тың дүниемен то­лықты. Әлемнің өзге елдерімен бәсе­ке­лесіп, рухани бірлігі мен эко­номикалық қабілеті күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан елордамыз – Ас­та­на­ның бүгінгі жарқын келбетін көр­кем кино тілімен суреттеген Л.Ақын­жанованың сценарийі негізінде режиссер Е.Шы­нар­баев түсірген “Астана – ма­хаб­ба­тым менің” кино­се­риалы кө­­­рер­мен­мен қа­уы­ш­­ты. Зам­а­науи бә­се­келестікке қабілетті, көрермен көңілін өзіне аудара ала­тын фильм тың ізденістерге құ­рыл­ған. Кино­туынды айна­ла­мыздағы адам­дар әлемінің әшекейсіз бет-бейнесін әсерлі суреттеген. Ондағы әрбір кейіп­кер біздің замандасымыз, біздің тұста­сы­мыз, тіпті мына біздің әрқайсымыздың көркем обра­зымыз десек те болады. Телегей ойға жетелейтін мұндай дүниені бастау, бастаған соң сол істі соңына дейін жеткізу әрі ел ықыласына бөлену кез келген өнер иесінің қолынан келе бермес еңбек. Ал Е.Шы­нарбаев болса бұл үдеден шыға білді. Мақсат орындалды. Ел игілігіне жарайтын дүниені тудырды. Мен негізінен ойынды фильм режиссерімін. Осы уа­қытқа дейін авторлық фи­льмдер түсіріп келдім. Деген­мен, телесе­риал­дың әрбір түсірі­лі­мі­нен де мол ләззәт ала­мын. Арт-ха­устық фи­льмде ойдан суырып салу арқылы жаңа кино тілі қалыптасады. Ал телесериал түсіру алдын-ала жасалған жоспар бойынша жүзеге асырылады. “Астана –  махаббатым менің” – Қазақстандағы бүгінгі таңдағы құны жоғары, әрі жоғары кәсіби деңгейде жасалған дүние, – дейді ол. Туындының алғашқы ка­дрынан бастап көрерменді бір деммен ұстап отыруы режис­сердің қажыр-қайратының қа­рымын айқындайды. Әр сериясы аяқтала салысымен көрермен ықыласы кезекті жалғасын асыға күтеді десем, бұл сөзімді бүгінгі таңда өзіміздің отандық дүние­ле­рімізге сусап отырған жұр­т­шылықтың “Астана – ма­хаб­батым менің” киносе­риалын көріп жатқандығы дәлелдейді. Әрине, бұндай үдеден шы­ғуда фильмнің әуенін жазған Ақтоты Райымқұлованың да сіңірген еңбегі аз емес. Сырлы сағыныш пен құштарлық лебі есетін әрлі әуен қала сәу­летімен біте қайнасып, полифониялық гармониясын тапқан. Ол туралы компо­зитордың өзі былай дейді: Бұл жобаға қатысу туралы ұсыныс Ермек Шынарбаевтан және “Евразия Продакшн” продюсерлік орталығынан түсті. Алғашқыда түрлі ой-толғаныстар аз болмады. Бастапқыда әр серияға ар­найы ән жазармыз деп ойлаған едік, алайда, көпшілікке танымал болып, фильмнің жалпы сарынын сақтайтын бір ғана әуеннің қалғанын қаладық. Инструментальды дү­ниені қажет еттік, себебі, бұл әуен фи­льмнің бойтұмарына айна­лып, қай жерде тың­дасаңыз да, ойыңызға бірден осы телехикая оралса деген ойда болдық. Міне, осы ойы­мызға жеттік деп есептеймін. Кинотуындыдағы кейіп­керлер галереясы үлкен ізденістің, ыждаһаттылықтың, адам жанын терең тани білудің арқасында жарыққа шық­қандығын оның әрбір де­талынан анық аңғаруға болады. Мысалы, шетелдегі оқуын тәмамдап, туған еліне оралған бас кейіпкердің бірі Ерлан алғашқы көріністердің бірінде-ақ өзінің бірге оқыған досы Абзалдың әп­кесін кө­рген бой­да “Мен сізді бұ­­рын да бір көр­­ген секілдімін! Сіз телеар­на­лардың бірінде қызмет атқармаушы ма едіңіз? ” деп аңғал да, ашық көңілін бай­қатады. Алайда, ақкөңіл жігіттің маңдайына жазылған тағдыр сыйы бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір соқпағы екен. Бірде ол арман қаланың әсем көшелерін аралап келе жатып, аяқ астынан рөлде отырған досының кесірінен автокөлік апатына ұшырайды. Нәти­жесінде, жаланың бәрі мой­нына ілініп, он бір ай мерзім көлемінде абақтыға жабылады. Алайда, Абзалдың әпкесінің көмегінің арқасында  бостандыққа шығады. Көмек қолын созған келін­шектің бар мақсаты – білімді, білікті, сымбатына ақылы сай жігіттің көңілін өзіне аударып алу еді. Бірақ ұстанымы берік, жаны таза жігіт есебі түгел сұлудың еркіне көніңкіремейді. Ниетіне амалы сай келіп, Інжу атты сүйріктей арумен әуежайда кездеседі. Бұл жай ғана кездесу емес-тұғын. Бұл кездесу  бірнеше тағдырдың тірлігіне тосын жаңалық пен жаң­ғыртулар енгізген, қилы хикаяларға өзек болатын оқиғалардың себебі-тін. Қазақстан мен Түркия бірлесіп жасаған бұл дүниені түсіруге екі елдің де әртістері қатысқан. Алғашқы минут­тардан-ақ екі ел актерлерінің шеберлігі көзге ұрады. Көрерменін баураған бұл есімдер тобында – Жанна Қуанышева, Гүлнар Досматова, Баян Есентаева, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, Бахар Акча, Эрман Бурмали, Эрдал Джин­доруктар бар. Әрқайсысының есімі халыққа етене таныс кино майталмандары аталмыш туынды арқылы тағы да бір рет сүйікті көрермендерімен кеңінен қауышты. Олардың 80 пайызы Қазақстан жағынан болса, 20 пайызы Түркия тарапынан тартылған. Оған елімізден де, түрік елінен де ең мықты шығармашылық топтар мен кәсіби мамандар жұмыс істеген. Фильмге таңдап алынған түсіру аймақтары да бірден көз тартып, әсем үйлесімділікпен жарқын жарасым тапқан. Бірқатар сюжеттер Анкарада, Ыстамбұлда, Мәрмәр теңізінің жағасында, Астанада түсіріл­ген. Сондай-ақ фильмде кө­рініс тапқан зәулім ғимараттар мен көкке шапшыған су бұрқақтары, т.б. көркем көрі­ністер Астананың дамыған келбетін, бейбіт елдің баянды болашағын әйгілеп тұрғандай. Бірақ, фильмді жарыққа шығарған шығармашылық топ еркін қиялдың, көркем шын­дықтың кеңістігінен шығандап кетпеген. Әрсіз әсірелеу, пайымсыз пафосқа мүлде жол бермеген. Бәрі де табиғи таза қалпында суреттелген. Түйіп айтқанда, көрерменнің бір деммен “Астана – махаббатым менің” деген ыстық ықыласын тудыратындай... Айнагүл АДАМБЕКОВА, Астана.