Бұған дейін хабарлағанымыздай, сәрсенбі күні Ресей Федерациясының астанасында мәскеулік жазушы Сергей Плехановтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы жазылған «Жібектей есілмеген жол» («Не шелковый путь») атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Тұсаукесер рәсімі Ресей Сыртқы істер министрлігінің Қабылдау үйінде болды. Атақты орыс меценаты Савва Морозов ХІХ ғасырда салдырған бұл әсем ғимарат мәдениет пен тарих ескерткіші болып есептеледі және қазір ол Сыртқы істер министрлігінің қарауына беріліп, Қабылдау жұмыстарын жүргізетін үйге айналған. Міне, осы ғимаратқа мәскеуліктердің әдебиет пен өнер, саясат пен сараптама, ғылым мен білім саласымен айналысатын бір топ танымал өкілдері ағылды. Олардың арасында дипломатиялық миссиялардың, іскерлік қауымдастықтың да танымал өкілдері болды. Халыққа аса танымал адамдардың арасынан Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничий, атақты артистерден А.Джигарханян, Н.Орынбасарова, бизнес қауымдастықтан О.Сосковец және тағы басқалар келді.
Кітап авторы Сергей Плеханов – танымал орыс жазушысы, оның саяси тақырыптарға жазған көптеген кітаптары бар және ол бірнеше көркем фильмдер сценарийлерінің авторы. Көркем публицистика жанрында жазылған Нұрсұлтан Назарбаев туралы мына еңбегі барынша тұшымды, саяси фактілер шебер пайданылған тартымды туынды болып шыққан. Бұрыннан белгілі дүниелердің өзіне жаңа көзқараспен келіп, тереңдетілген көркем сараптама жасалған.
Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған кітаптың тұсаукесерін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ашты. Ол өзінің сөзінде кітаптың осы заманның аса көрнекті саяси тұлғасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналғанын айта келіп, оның авторы туралы қысқаша тоқталып өтті. Сергей Николаевич Плехановтың алдарыңызға ұсынылып отырған кітабы «Мировые лидеры» атты жаңа серияны ашып отыр. Мен оның жаңа туындысы саясатпен айналысатындардың ғана емес, барлық оқырмандардың да қызығушылығын тудыратынына сенімдімін. Ондағы оқиғалар өмірде болған фактілермен мейлінше байытылған, оқырмандарды өзіне бірден тартады. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының жоғары деңгейде жасаған кездесулері мен келіссөздеріне, түрлі қабылдауларына қатысып жүрген адам ретінде автордың жіті байқағыштығына, фактілерді ұтымдылықпен жеткізе алғанына барынша тәнті болдым және бәріңізге де оны оқып шығуға кеңес берер едім, деді ол. Одан әрі С.Лавров Н.Назарбаевтың өмір жолы Қазақстанның аса қиын асуларды еңсеруімен тығыз байланысты екенін айта келіп, КСРО тараған кезде оның өз халқының болашақ тағдырына байланысты аса ауыр жауапкершіліктен жалтармай, оны өз мойнына алғанын және ұтымды стратегияны қолдана отырып, Қазақстанды түрлі кикілжіңдер мен қантөгістерге ұрындырмай, аман алып шыққанын тілге тиек етті. Ол Қазақстанның тиімді экономикаға қол жеткізуін қамтамасыз етіп, халықаралық беделін де арттырды. Сәуір айының аяғындағы президенттік сайлауда қазақстандықтардың оны бірауыздан қолдағаны өз көшбасшыларына сөзсіз сенгендігінің көрінісі. Сөйтіп, Қазақстан басшысы өз халқының алдында орасан зор беделге ие екендігін тағы бір рет көрсетті, деді Ресей Сыртқы істер министрі. Одан әрі С.Лавров Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясымен стратегиялық әріптестікті орнатуға қосқан зор үлесін қанағатпен атап өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында одақтастық және әріптестік туралы қол қойылған келісім күшіне енді, бұл құжат екі елдің арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге берік негіз қалайды. Осылай дей келіп, С.Лавров Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграцияны дамыту жолындағы істеріне де үлкен баға беріп өтті. Сонымен қатар, аймақтық интеграциялық құрылымдарды дамыту мен ынтымақтастықты тереңдету жолындағы істерін де ризашылықпен атады.
Н.Назарбаевтың өмір жолы да, көрнекті саясаткер ретіндегі қалыптасу жолдары да жібектей есілген жоқ, оның өсу мен қалыптасу сатылары барлық саясаткерлерге үлгі болатындай, қиындықтарды ақыл мен қайратын бірдей жұмсай отырып еңсеру арқылы ширықты, дей келіп, сөзінің аяғында С.Лавров кітаптың атының табылып қойылғанын тағы бір атап өтті. Сонымен бірге, Сергей Викторович кітап авторы Сергей Плехановтың тұсаукесер рәсіміне қатыса алмағандығына өкініш білдірді. Ол науқастанып қалған екен, тұсаукесер рәсіміне келе алмайтынын айтып бізге хабар берді, деді ол. Екінші болып сөз кезегі Мәскеу қалалық жазушылар ұйымы басқармасының төрағасы Владимир Бояриновке берілді. Ол өзінің сөзін жуырда ғана қазақ ақыны Олжас Сүлейменовпен сөйлесіп, осы тұсаукесердің болатыны жайлы әңгімелескендерінен бастады. Біз өз сөзімізде Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі тынышсыз замандағы барынша салмақты, ойлы, сонымен бірге, Жер шарының аса қолайсыз аймақтарының бірінде орналасқан елін берік қадаммен алға бастырып келе жатқаны туралы айтқан едік. Мен өзім – Семей төңірегінде туып-өскен жанмын. Атом қасіретін де өз көзіммен көрдім. 1954 жылы Жер-ананың жүрегін жарып жібергендей солқ еткізген жарылыс Семей қаласын түгел қара түнекке орады. Біз не болды дегенді анамыздан дауысымызды шығарып та сұрауға қорықтық. Анамыз бізді одан әрі сескендірмеу үшін бұл Новосибирскідегі өрт қой деп бізді тыныштандырған болды. Бірақ мен оны ешқашан ұмыта алған жоқпын, сол көрініс менің жүрегімде, ол менің жырларым арқылы қазір шығып жатыр. Сондықтан да қырық жыл бойы осындай жарылыстарды бастан кешкен аймақты Жер шарының ең қасіретті атыраптарының бірі деп айтуыма толық негіз бар. Ал сол аждаһаны жер бетінен өшірген адам болғандықтан да маған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі сондай ыстық, деді ол. Одан әрі В.Бояринов автордың кітапта осындай сәттерді барынша анық, дәл жазғанын айта келіп, сол кездегі өзінің Семей жеріндегі өмірінен біршама деректер келтірді. Сөз кезегі өзіне тигенде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырып отырған Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне және министр Сергей Лавровтың жеке өзіне ризашылығын білдірді. Кейбіреулер бұл шараны Қазақстан елшілігі ұйымдастырып отыр деп ойлайтын шығар, жоқ, олай емес, мұны Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Ресейдің Жазушылар одағы ұйымдастырып отыр, деді елші. Одан әрі ол осы күнге дейін адамзат тарихында әлемдік көшбасшылар атағынан үміткер 11-12 мыңдай адам бар екенін еске салды. Олар Цезарьдан басталып, Шыңғыс ханмен, Наполеонмен жалғасып, ХХІ ғасырдың көшбасшыларына дейін жетіп отыр. Егер оларды топтастыратын болсақ, тек үш түрлі негізгі артықшылықтарын көреміз. Біріншіден, көшбасшыны халықтың арасынан оның жеке басының табиғи қасиеттері ажыратып тұрады. Бұлай топтау 2 мың жылдан бері жалғасып келеді. Аталған кітапта Қазақстан көшбасшысының басында осы қасиеттердің бар екендігі көрінеді. Екінші топқа «көшбасшылық мінез-құлыққа» сай адамдар жатады. Нақты айтатын болсақ, көшбасшы жеке мінез-құлқымен өзін қоршаған бюрократиялық ортадан дараланып тұруы тиіс. Үшінші теория «ситуациялық белгі» деп аталады. Мұның айрықша айырым белгілері болады. Шағын ғана ситуациядан аяғынан тайып түсетіндер бұл талапқа сай бола алмайды. Осы орайда ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіп, атағы аспанға шыққан Ұлыбритания премьер-министрі Черчилльдің күтпеген жерден сайлауда жеңіліп қалуы немесе Шарль де Голльдің Франция жетістігінің символы бола тұрып, шағын тактикалық жеңілістерден кейін саясаттан кетуі – осы үшінші жіктелудің талаптарына сай бола алмағандықтың белгісі. Ал С.Плехановтың кітабындағы Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі осы үш жіктеудің де талаптарына сай екендігі көрініп тұр, деді М.Тәжин.
Келесі кезекте елші көптеген көшбасшылардың осы үш талаптың біріне де жауап бере алмай, бір аяқтан ақсап жататынын атап көрсетті. Ал біз «Назарбаев феномені» деп аталған Қазақстан көшбасшысының келбеті кітапта толық ашылып, оның төрт аяқтан тең тұрғаны анық көрінген деп айта аламыз. Осыған орай, Қазақстан көшбасшысы жолының көп адам көре бермейтін кезеңдік жолдарына тоқтала кетейін. Кеңес Одағының соңғы жылдарында Горбачев, Ельцин және Назарбаев секілді үш көшбасшы қатар аталғанын білесіздер. Алғашқы екеуінің көшбасшы болуына атқарған қызметтері ықпал еткен болса, алыстағы Қазақстан сияқты республиканың көшбасшысы Назарбаевтың олармен иық теңестіруіне тек өз басының жеке қасиеттері ғана мүмкіндік берді. Тіпті, Назарбаевқа КСРО үкіметін басқару да ұсынылғанын білесіздер. Егер сол кезде Н.Назарбаев үкімет басшысы болып кетсе, бәлкім, артынан қайнауы жетіп келген ыдырау процесі қиындыққа ұрынбай, халықтарға жеңіл тиген болар еді. Бірақ тарихтың жолы басқаша болып, Назарбаевтың басына тәуелсіз елді құру міндеті бұйырып, бұл міндетті ол тамаша атқарып шықты. 1990 жылдардың ортасынан 2000 жылдардың басына дейінгі екінші кезең Қазақстан үшін барынша радикалды трансформация кезеңі болды. Бұл кезеңде ол жарқын жаңғыртушы бола біліп, іс жүзінде жаңа саяси жүйе мен жаңа экономикалық қатынас орната алды. Қазақстанды халықаралық қоғамдастық тани бастады. Ал бүгінде үшінші кезеңге қатысты аса маңызды дүниелер болып жатыр. Кітапта да бұл кезең жақсы баяндалған. Әсіресе, 2007-08-09 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы кезеңдерінен бастап жағдайды стратегиялық тұрғыдан бағамдай алатын жаңа типтегі көшбасшылық жасау күн тәртібіне қойылды. Сол кезеңдерде жаһандық экономиканың болашағын анықтай алатын бірде-бір экономист болмай, «жаһандық экономиканың қара аққуы» деген түсінік пайда болғанын білесіздер. Осы кезеңдегі көшбасшының алдында: біріншіден, аса ауқымды стратегиялық бағдарлама ұсыну, екіншіден, ұлттық элитаны осы міндетті орындауға жұмылдыру және үшіншіден, ұлттық, діндік және аймақтық қауіпсіздіктің мәселелерінде теңгерімді саясат ұстану міндеттері тұрды. Міне, осы міндеттердің бәрі Назарбаевтың саяси көшбасшылығынан табыла алды. С.Плехановтың кітабында оның осы қасиеттері жақсы көрсетілген, деді Қазақстан елшісі. М.Тәжиннің сөзі үлкен ыждағатпен тыңдалып, отырғандар қызу қол соқты. Танымдық деңгейі жоғары білікті жұртқа оның жаңа кітаптың жаңалықтарын теориялық тұрғыдан талдаған мазмұнды әңгімесі қатты әсер еткені байқалып тұрды. Тұсаукесердегі келесі сөз Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик Виктор Садовничийге берілді. Бүгінгі таңдағы саясат аспанындағы аса биік тұлғалардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазу авторға жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалатқаны көрініп тұр, деп бастады академик өзінің сөзін. Алайда, өзінің алдына қойған міндетті автор абыроймен атқарып шыққан деп айта аламын. Кітап жеңіл тілмен жазылған, сонымен қатар кейіпкердің жолында кездескен неше түрлі қиындықтар боямасыз, ашық көрсетілген. Сондай-ақ, Назарбаев тұлғасының Қазақстан үшін немесе Еуразиялық аймақ үшін ғана емес, бүкіләлемдік ауқымдағы қуаттылығы барынша айқын бедерленген. Сондықтан автор алдына қойған мақсатына толық жеткен, деді В.Садовничий. Одан әрі ол кітаптағы өзі қатысқан екі эпизодқа тоқталды. Бұлар Нұрсұлтан Әбішұлының Мәскеу мемлекеттік университетіне келген кезіндегі жайттар. Оның біріншісі – 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі профессорлық-оқытушылар және студенттер құрамымен кездесу. Осы кездесуде Қазақстан Президенті алғаш рет өзінің еуразияшылдық идеясы туралы айтты. Сөзіне отырғандарды сендіре білген ол еуразияшылдық идеясын терең меңгергендігі және оны алғаш ұсынушы Л.Н.Гумилевті жақсы зерттегені білініп тұрды. Артынан Астанада ашылған Еуразиялық университетке оның есімін беру туралы бастаманы көтергені де осы себептен шығар деп ойлаймын. Шынын айту керек, Нұрсұлтан Әбішұлының еуразияшылдық идеясы онымен кездесуге келген аудиторияның толық қолдауына ие болды деп айту қиын. Көптеген тыңдаушылар қайта ұжымдасудан бойларын қашырып тұрды, кейбіреулер өздеріміздің дара жолымыз болуы керек дегеннен танбады. Қазір бұл идеяның дұрыстығына көп адамдардың көзі жетті. Міне, кітапта осы оқиға барынша шынайылықпен көрініс тауыпты, деді ректор. Одан әрі В.Садовничий Н.Назарбаевтың жоғары білікті кадрлар дайындауға қатты назар аударатынын атап өтті. Осы орайда ММУ-дің Қазақстандағы филиалын ашу идеясын алғашқы болып көтергені және Астанадағы бұл филиал қазір университеттің ең жақсы филиалдарының қатарында екендігі айтылды. Елдегі білім мен ғылымға қатты көңіл бөліп, оны үнемі қолдап отырған осындай Президенттің алдында бас июге болады, деді ол. Өйткені, болашақ үздік білімде екенін Қазақстан көшбасшысының танып тұрғаны тәнті етеді. В.Садовничий келесі кезекте кітаптағы Н.Назарбаевпен өзінің екінші рет кездескен оқиғасы туралы да айтып өтті. Бұл оқиға жуырда ғана болған еді. Н.Назарбаев біздің үлкен кітапханамызда профессорлық-оқытушылар құрамының алдында Қазақстанның даму жолдары туралы лекция оқыды. Оған деген қызығушылық та күшті болды. Осында қатысқан кейбір атақты оқымыстылар Назарбаевты феномен деп танитындарын білдіріп, оның есімі қазақ халқының тарихына алтын әріппен жазылатынына сенім білдірді. Міне, осы оқиға да кітапта жақсы баяндалған, деді ректор. Осыдан кейін сөз Қазақстан Президентін шын жүректен құрметтейтін өнер корифейлерінің бірі, КСРО халық әртісі Армен Джигарханянға берілді. Сексендегі ақсақал Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың тұсаукесеріне шақырту алған соң үйінде жата алмай, асыға басып келгенін айтты. Маған жас кезімнен халық алдына шыққанда ешқашан толқып тұрмын деп айтпа деп үйреткен еді, бірақ мен бүгін толқып тұрғанымды жасырмаймын. Өйткені, мен бүгін біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған кітап туралы сөйлеймін. Мен өз басым оны біздің заманымыздың кемеңгер тұлғасы, құбылысы, яғни феномен деп санаймын, дей келіп, атақты әртіс өз басының оны жақсы білетінін, Қазақстанда бір ай бойы онымен бірге болғанын айтып берді. Егер табиғаттың өзі адамға көшбасшылық қабілет берсе, бұл аса маңызды. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының бойында адамды ұйытатын қасиет барына әбден көзім жетті. Сонымен бірге, ол өзінің білмейтінін сұраудан ешқашан қысылмайды. Бұл да Президент үшін маңызды қасиет. Ұзақ сөйлесу барысында оның кейбір театр мәселелерін менен көп сұрағанын ұмыта алмаймын, дей келіп, сөзінің соңында А.Джигарханян оны «біздің Президент» деп қателесіп айтпағанын көлденең тартты, ол шын мәнінде біздің Президентіміз, егер біз өз бойымыздан оны Президентіміз деп танитын батылдық таба алсақ, жаман болмаймыз, деді. Осыдан кейін сөз журналист-политолог, атақты публицист Максим Шевченкоға берілді. Сергей Плехановтың тамаша еңбектерінен бүгінгі кітаптың бір айырмашылығы бар, деп бастады ол өзінің сөзін. Бұл кітап жеке адамның ғана тағдыры емес, сонымен бірге, бұрынғы еліміздің қалай ыдырап, қалай қирағаны туралы де еңбек екен. Сондай-ақ, ол КСРО-ның қирандысынан экономикалық жарқын табыстарға жетіп, Астана сияқты осы заманғы тамаша қала салып алған және Еуразиялық интеграцияға ықпал ететін Қазақстанның қалай пайда болғанын толығымен көрсетеді. Кітапта бұл елдің неше түрлі арандатулардан, соның ішінде ұлтшылдыққа арандатудан қалай аман шыққаны туралы көркем баяндалып, ол басқаларға үлгі боларлықтай тағылымдармен жеткізілген. Неше түрлі авантюралардан аман қалған Қазақстан қазір Ресей Федерациясының ең сенімді, ең берік серіктесіне айналып отыр. Қазір Қазақстанның қай қаласына барсаң да өзіңді еркін сезінесің. Қазақтар ешқашан да орыстарды жатсынбайды. Біздің тіліміз де, дініміз де, бөлек болғанымен, туыстығымыз берік екенін көресің. Ал осы туыстық нақ Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың жемісі екенін мойындауымыз керек. Жаңа осы жерде Л.Н.Гумилевтің идеясы туралы айтылды. Меніңше, бүгінгі Қазақстан бұл еуразиялық идеядан асып түсті. Қазіргі Қазақстан орыс, неміс, украин және т.б. үшін де сүйікті Отаны саналады. Мен өз басым Германиядан қайтып келіп, Қазақстанда тұрып жатқан неміс халқының өкілдерін білемін. Олар Қазақстанда тұрған жайлы, ыңғайлы, мұнда перспектива жоғары, дамуға мүмкіншілік мол, дейді. Сөзімнің соңында С.Плехановтың «Жібектей есілмеген жол» кітабы өзінің оқырманын табатынына сенімді екенімді айтқым келеді. Оны Қазақстанда ғана емес, Ресейде де зерттеушілер табылатынына күмәнім жоқ, деді М.Шевченко. Сөз кезегі өзіне тигенде Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі, атақты әнші Полад Бюльбюльоғлы Қазақстан Президентін ертеден білетіндігін тілге тиек етті. Мен КСРО-ның кезінде кездескенде-ақ бұл адамның әлеуеті зор екенін таныдым, дей келіп, одан әрі елші кітаптағы кейбір эпизодтар туралы өзінің пікірлерін білдірді. Соның ішінде Қазақстанға бірінші басшы етіп Колбинді жіберуге Гейдар Алиевтің қарсы болған жерін қанағатпен атап өтіп, осы сәттердің кітапта ұтымдылықпен баяндалғанын жеткізді. Одан әрі ол көшбасшысыз елдің көрген күнінің қиын екендігіне тоқталып, 1993 жылы Әзербайжанға Гейдар Алиев келгенше дұрыс көшбасшы болмағанын, соның кесірінен елдің біршама күйзеліске ұшырағанын еске алды. Сөз автордың зайыбы Юлия Плехановаға берілгенде, ол Сергей Плехановтың тұсаукесер рәсіміне жиналғандарға арнаған сөзін оқып берді. Ол өз хатында осыдан 30 жылдай бұрын Қазақстанның кинематография комитетінің төрағасы Қанат Саудабаевпен әңгімелескенде оның Н.Назарбаев туралы айтқанын және республикадағы оң өзгерістер оның есімімен тығыз байланысты боларын жеткізгенін еске алыпты. Осы кезеңнен бастап С.Плеханов Н.Назарбаевтың саяси тұлғасын зерттеуді бастаған екен. КСРО құлдырауымен көптеген тұлғалардың есімдері ұмыт бола бастады, тек Назарбаевтың есімі жылдан-жылға жарқырай түсті. Республиканың мойнына ауыр салмақ түскен қиын кезеңдерде ол билік штурвалын сенімді түрде ұстай алды. 2000 жылы онымен алғаш рет кездесіп, әңгімелескеннен кейін мен осы кітапты жазуды қолға алдым, дей келіп автор Назарбаевтың іс-әрекетінен болашақта да жемісті істер күтетінін жеткізіпті. Тұсаукесер рәсімінде қорытынды сөзді осы кітаптың жазылуына ықпалын тигізген саясаткер, Н.Назарбаевтың Мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі қорының директоры Қанат Саудабаев айтты. Осынау тамаша залда аса танымал дипломаттар, саясаткерлер, ғылым, әдебиет және өнердің көрнекті тұлғаларын, БАҚ пен сараптамалық және іскерлік қауымдастықтың тамаша өкілдерін көріп отырғаныма қуаныштан толқып тұрмын. Осынша тамаша тұлғалардың бәрінің жиналуы заманымыздың заңғар тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылдық жасампаз еңбектеріне деген құрметтің белгісі деп білемін. Спикерлердің бәрінің де шын жүректен біздің Президентіміз Н.Назарбаев туралы айтылған тамаша пікірлері мені қатты толғандырды, дей келіп, сөзінің соңында тұсаукесер рәсімін ұйымдастырған Ресей Сыртқы істер министрлігіне, кітапты жарыққа шығарған «Международные отношение» баспасына алғысын жеткізді. Н.Назарбаев туралы әлемнің көптеген елдерінде әртүрлі кітаптар шықты. Солардың ішінде мына туындының жолы бөлек. Өйткені, ол өзінің шынайылығымен, тарихи шындығымен дараланып, қарапайым қазақ баласының әлемдік деңгейдегі көшбасшылыққа жеткен жолын көрсеткен. Бұл жол – жібектей есілген жол емес-ті, бұралаңы мен қиралаңы, тіпті, қауіпті құздары да көп еді, алайда, қазақ баласы сол жолмен заңғар биікке көтеріле алғанын бүгінгі күні Шығыс та, Батыс та мойындап отыр. Мен бұл кітаптың ұзақ та қызық өмірі болатынына және әлемнің түкпір-түкпірінде оны зерттеушілер мен оқитындар көп болатынына сенімдімін, деп сөзін аяқтады Қанат Бекмырзаұлы. Осыдан кейін тұсаукесердің ресми бөлігі аяқталды. Сөйтіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жайлы тағы бір ерекше туынды өмірге келді. Кітап 480 беттен тұрады, таралымы – 5 мың дана. Жоғарыда айтылғандай, оны жарыққа шығарған Мәскеудің «Международные отношение» баспасы осы кітаппен «Әлемдік көшбасшылар» сериясын бастап отыр.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.