Бұл күндері Оңтүстікте осыншама жаңа нысан ашылып, жұмыс істей бастады
Астана – асқақ арманның айнасы әрі айғағы.
Астана – тәуелсіздіктің тірегі, елдің еңсесі, егемендіктің ертеңі, мемлекеттің мерейлі мәртебесі, болашақтың бағдаршамы.
Астана – жасампаздықтың, жігерліктің, жарасымдылықтың жаңа жұлдызы.
Астана – түрлі діни конфессиялардың, ала көз болған мемлекеттердің томсырайып келіп, келелі жиыннан соң жарасып, жадырасып қайтатын рухани келісім орталығы.
Әрине, Астана – елім деген Елбасының ерен еңбегінің тағы бір тарихи жобасы, жеңісі.
Бүкіл әлем мойындаған, сан қилы мәселелерін келісіп отырып шешіп алатын Астана жайлы айтар сөз көп.
Елбасының парасатты саясатының арқасында Қазақстанның қарқынды қадамы тек қана Астанадан емес, сонымен қатар, өңірлердің өркендеуінен де көрініп отыр. Осының анық айғағы ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстік Қазақстан облысының бүгінгі көрсеткіштері.
Астана күніне қандай тарту-таралғы жасасаң да жарасады. Сондықтан, қашанда ұлыстың ұйытқысы мінезімен дараланған Оңтүстік Қазақстан облысы осы мерекеге лайықты мән беріп, акция өткізуді жоспарлаған.
Елбасыға қашан да қызу қолдау көрсетіп келе жатқан, ыстық ықыласын білдіріп отырған оңтүстікқазақстандықтар Астана күніне орай өз ризашылықтарын тағы да жеткізіп отыр. Ол – 75 әлеуметтік нысандардың ашылуы.
Бұл күндері салтанатты ашылып жатқан нысандарға ретімен тоқталатын болсақ, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында 22 нысан пайдалануға беріліп жатыр. Бұл күндері 18 мың адамды қамтыған жеті елді мекенде 8 ауызсу құбырлары іске қосылды.
Бұл күндері жалпы көлемі 19 мың шаршы метр 339 пәтерлік 5 тұрғын үйде қоныс тойы тойлануда.
Бұл күндері 14 елді мекендегі 37 мың адамның шаңырағына көгілдір отын кіргізілді.
Бұл күндері Елбасы тапсырмасына сәйкес ірі мегаполиске айналып келе жатқан Шымкентте 2 үлкен электр стансасы 300 мың халықты жарықпен қамтамасыз етіп, тұрмысты жақсартып отыр.
Шағын және орта бизнесті дөңгелетіп отырған Оңтүстік осы маңызды саланы бұдан әрі дамыту үшін барлық аудан, қала орталықтарынан типтік жобада 14 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептерін ашып отыр. Үдемелі индустриялық даму бағдарламасындағы әрбір бесінші жоба да оңтүстіктің үлесінде екені белгілі.
Осы күндері өнеркәсіпке байланысты жаңа 4 кәсіпорын іске қосылу жағдайында.
Астана күніне тарту ретінде ашылып отырған 75 нысанның әрқайсысын сипаттамай қысқаша қайырғанда барлық саланың қамтылып отырғанын айтуға болады.
Бұл – мемлекеттік көмек, Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынып, халық игілігіне ұсынылған сүбелі еңбек, қолда барды жақсы ұқсатқан жергілікті биліктің елмен бірге атқарған жемісті жұмысы.
Бұл – қазақтың әсем Елордасына оңтүстікқазақстандықтардың лайықты тартуы.
Жақсы ағаға кішіпейіл інінің сыйластығындай кішілік, кісілік, ізет, мерейтойға құрмет. Оңтүстік халқының көкейкесті талай проблемалары тамаша шешілген күндер осындай жақсылығымен есте қалмақ.
Жақында алып Тянь-Шань тауының етегінде отырған Төле би ауданының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Қуаныш дегенде әрқайсысы ат басындай алтын тауып алған жоқ, бірақ тұрғындардың ризалық сезімін ешқандай қазына толтыра алмайтын еді.
Ауылдарға газ келді. Елді мекендерде су өткізгіш желілердің құрылысы аяқталды.
Зертас, Жаңакүш, Тағайна, Бейнеткеш, Ынтымақ, Жаңажол, Әлішер Навой, Алатау, Қосағаш, Екпінді, Шұбарағаш, Біркөлік ауылдарының әйелдері ыс басқан пештерін тастап, тамақтарын көгілдір отынға пісірді.
Төле би ауданында бір күнде 24 нысанның іске қосылуына байланысты салтанатты іс-шара өтті.
Қарақұрым көптің алдында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі.
Қаржы дағдарысы «мен мықтымын» дейтін талай мемлекеттердің аяқ алысын ауырлатып отырған уақыт.
Көптеген мемлекеттер ескісін ілдалауға сынық шеге таппай жүр.
Ал Оңтүстіктің шаруасы шағын бір ауданында ғана 24 нысан пайдалануға берілді.
«Осының бәрі Елбасының сындарлы саясатының жемісі, – деді облыс әкімі. – Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің жетістіктері болашақты болжай білетін әрі уақытында батыл шешім қабылдай білетін Елбасымыздың арқасы. Кешегі Президенттік сайлауда оңтүстікқазақстандықтардың 98,4 пайыздан артық дауыс беруі Мемлекет басшысының атқарып отырған саясатына білдірілген алғыс деп білеміз. Бір ауданда Астана күніне орай 24 нысан пайдалануға беріліп жатса, мемлекетіміздің кемелдігінің белгісі. Барды бағалай білейік, қуаныштарыңыз құтты болсын!», – деді.
Есімізге балалық шақ түскен. Мынау Германия деген мемлекетте қонақ шақырар болса бір апта бұрын ескертіп, отырар уақытының сағат, минутына дейін келісіп алады. Біздегідей тайқазан қайда, бір шыныаяқ кофе, бірер тілім бутербродпен қонағын жайғап, бір-біріне мың мәрте рахмет айтып кетеді. Қазақтың құдайы қонағы қашан келетінін өзі де білмейді ғой. Білетініміз, кешқұрым, кейде түн ортасы ауа сау етіп кіріп келеді. Әкей астымызға мотоцикл тартып, қойға жібереді. Шешеміз жалпылдақ отынды жарқ еткізіп, есік алдындағы пешке от жағады. Тезек, көмір жеткізіп береміз, самауыр тұтатылады. Жалпылдаған от, көмірдің ащы иісіне тұншыға жүріп шешеміз ет пісіреді. Аяйсың. Шіркін-ай, осы ауылға қашан газ келер екен деп. Әлі келген жоқ. Қазір шеше орнында келін қазан қайнатып жүр. Бірақ, заман өзгерген сайын қонаққа бару, келу өзгерген бе, баяғыдай жанталас жоқ.
Міне, енді Төле би ауданының аналары, келіндері күйелеш-күйелеш болып ыс басқан қазанды жағалап жүрмейді. Иінағашпен белі үзіле жаздап, қары талып бұлақтан су тасымайды.
Газ үйге келіп тұр. Су үйге келіп тұр. Бұдан артық не керек. Жалпы, Оңтүстік ұлыстың ұйытқысы екендігін әрдайым көрсетіп келеді.
Қазақ үшін қашанда Оңтүстіктің орны ерекше ғой. 1986 жылы теңдік сұраған жастарды шетінен ұрып соғып, оқуынан айырған зорлықшыл кеңес империясы қазақ зиялыларына да қырғидай тиген. Елге жаны ашығаны қудаланды, қызметінен алынды.
Осындай қиын уақытта қазақ зиялылары жиналып не істемекке кеңескен екен. Ешкімде үн жоқ. Айтарға ақыл, сөйлерге сөз жоқ. – Ау, Әбіш, ішіміздегі сөз ұстаған марғасқамыз сен едің, сен не ақыл бересің? дейді бірі Әбіш Кекілбаевқа қарап.
Сонда өктемшіл биліктің қазаққа істеген қиянатына қаны қарайып отырған ағамыз «Жігіттер, бәріміз Шымкенттің етегінен ұстайық. Жағаға өзі алып шығады» деп қысқа қайырған екен.
Қазақ қиналса арқасын сүйейтін Оңтүстіктің қадірін осыдан-ақ біле беріңіз.
Бірақ, осы Оңтүстіктің басқа өңірлерге қарағанда проблемасы шаш-етектен еді. Алтын құрсақ облыс республика халқының бестен бірін құраса да еш облыста жоқ үш, тіпті, төрт ауысымдық мектеп, саманнан тұрғызыла салған білім ошақтары Оңтүстікте көп еді. Қаржы аз қаралған, инвестиция тартылмаған. Қол қысқа болған. Бүгінде Қазақстанның экономикасының дәуірлеп, әлеуетінің артқанын Оңтүстіктің өсу динамикасынан айқын аңғаруға болады. Біз мұны жекелеген салалардағы атқарылған жұмыстарды зерделеу барысында айқын аңғардық. Мәселен, білім беру саласы бойынша биыл 101 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 67 нысанды іске қосу жоспарланып, бүгінгі таңда 19-ының құрылысы аяқталды.
2015 жылы 1 511 мектепке дейінгі мекемелерде жалпы 164,7 мың бала, оның ішінде «Балапан» бағдарламасы аясында 3 жас пен 6 жас аралығындағы 152,6 мың баланы орналастыру және қамту деңгейі 77,7 пайыз болып жоспарланған. Жыл басынан 1 451 мектепке дейінгі мекемеде жалпы 156,8 мың бала, оның ішінде 3 жас пен 6 жас аралығындағы 147,8 мың бала тәрбиеленуде және қамту деңгейі 77,4 пайызға жетіп отыр.
Денсаулық сақтау саласы бойынша биыл 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23-ін бітіру көзделуде.
Мәдениет саласы бойынша биыл 13 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал спорт саласы бойынша биыл 10 нысанның құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде 8 нысан пайдалануға беріледі.
Төле би ауданында бүгінгі таңда 7 елді мекенде ауызсу құбыры жаңартылып, 18 мың халық сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1 магистралды су аққының құрылысы аяқталды. Жалпы, ауызсумен қамтылған елді мекендер саны 51-ге жетіп, 108,9 мың халықты, қамту көрсеткіші 93 пайызды құрады.
2015 жылы облыста 28 ауызсу нысандарының құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 15 нысан пайдалануға берілетін болады.
Биыл Төле би ауданында 13 елді мекенге газ құбыры тартылып, 37 мың адам табиғи газға қосылды және қамту деңгейі 55 пайызға жетеді.
Облыста 2015 жылы жалпы 41 елді мекенді газдандыру құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 20 елді мекен немесе 92 мың адам газбен қамтылатын болады.
Биыл 69 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 43-ін пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 5 үйдің құрылысы аяқталды.
Оңтүстікте осындай іргелі істер атқарылып жатыр. Осы мақаланы жазарда облыста бес жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды да жүлгелеп, басты-басты салалар бойынша сараптама жүргізіп көрдік. Бір сөзбен айтқанда, облыстың экономикасы 2,5 есе өскен екен.
Оңтүстік шағын және орта кәсіптен де, бау-бақша, көкөніс өндіруден де республикамыздың алды болып отыр.
Облыстағы этномәдени орталықтардың өкілдері де Астана күні құрметіне ел игілігіне беріліп жатқан нысандардың жұмысына бір кісідей атсалысып, халық қуанышын бөлісіп жатыр.
Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстікте тағдыр-талайымен Қазақстаннан дәм бұйырған 108 этностың өкілдері тұрады. Еркінен тыс депортацияланып, саяси қуғын-сүргін көрген диаспоралардың өкілдері досқа құшағы ашық, көңілі кең қазақ халқына бауыр басып, ағайыным, қорғаным деп біледі.
Осындағы Иран этномәдени орталығының төрағасы Капар Пур «Оңтүстік біздің тарихи отбасымызға айналды. Басқа бақыт іздеп Иранға кету ойымызда жоқ. Бұрын олар Қазақстан жайлы көп білмейтін еді. Қазір Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан әлемге танымал болғандықтан қызыға қарайтын болды.
Қиын тағдыр кезінде біздің аталарымызды Иран мемлекетінен аулақтатты, бірге туған ағайындар шекараның екі жағында қалып кетті. Ес біліп, етегімізді жиған соң әкелеріміздің аманатын орындап, Ирандағы ағайын-туғанды таптық. Қатысып тұрамыз. Иранның халқы үлкен, жері тар. Тау-тасты жерді де қалінше игеріп, отбасын асырап отырғандар көп. Бірде әкемнің аталас туыстарын Қазақстанға шақырдым. Астанаға апару үшін ұшаққа емес, әдейі пойызға билет алдым. Ұшан-қиыры бітпейтің кең дала. Әкемнің інісі, бүгінде үлкен ақсақал екі көзін терезеден алмайды. «Құдай-ау, мынаның бәрі Қазақстанның жері ме?! Алла қазаққа мол несібе берген екен. Естерің болса, бала-шағаңа айт, мынадай құт-мекеннен ірге аудармасын», деді. Ресейде тұратын қандастарымыз Қазақстанда өмір сүрген жақсы ғой дейді. Оны өзіміз де білеміз. Жүрегі жылы Оңтүстікте бізді ешкім бөтен көрмейді. Қай жерге барсақ та, жүрегі кең қазақ халқы бауырым деп арқадан қағады. Біз үшін Қазақстаннан артық Отан жоқ» деген.
Мұндай пікірді этномәдени орталықтардың өкілдерінен жиі естуге болар еді.
Облыста 20 этномәдени орталық жұмыс жасаса, олардың аудан, қалаларда 51 филиалы бар. Облыс әкімдігі әрқайсысына жыл сайын қаржылай көмектесіп, грант бөліп тұрады.Ұлтаралық қатынас, достықты нығайтқаны үшін «Бауырмал» сыйлығы беріледі.
Облыстық ассамблея жанынан ғылыми-сарапшылық топ құрылған. Оның құрамына ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім саласы, бұқаралық ақпарат құралдары және жергілікті атқарушы биліктің өкілдері кірген. Облыстық мәслихаттың ішінен қоғамдық татулық, ұлтаралық қатынасты нығайтуға қызмет ететін «Ел бірлігі» тобы жұмыс жасайды. Аналар кеңесі құрылған.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жаңа қазақстандық патриотизм және этноконфессиялық төзімділік рухында тәрбиелейтін «Достық» клубы жақсы жұмыс жасап жатыр.
Облыстық әкімдіктің ұйытқы болуымен барлық аудан, қалаларды қамтыған «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы талай күрделі мәселелердің түйінін тарқатып келеді. Құрамына мемлекеттік құрылым және мәслихат, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, БАҚ өкілдерімен қатар этномәдени орталықтары кіретін форум жыл сайын ірі тақырыптар бойынша жұртшылықтың басын қосып, ахуалды оңалту бағытында жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, тек диаспора өкілдеріне ғана емес барлық ұлт-ұлыстардың ортақ игілігіне айналып кеткен мерекелер бар. Атап айтсақ, «Рождество», «Масленица», Мәдени орталықтар күні, «Сабантой», «Аския», «Офорин» сияқты мерекелер «Наурыз» мейрамымен астасады.
Ассамблеяның ең басты міндеті – мемлекетіміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтау болса, Оңтүстіктегі этно-орталықтар бұған қал-қадерінше еңбек сіңіріп келеді.
Елбасы Оңтүстікке келген сапарының бірінде
«Қазақстанның баянды болашағына осы Оңтүстік Қазақстан облысы өмірінің өзінен көз жеткізуге болады. Бұрындары осы облыста төрт, үш ауысымдық мектептер болған. Біз аздаған жылдардың ішінде сәулетті мектептер, балабақшалар, ауруханалар салып, күрделенген мәселелердің түйінін тарқаттық. Оңтүстікте ана мен бала өлімі бұрнағы жылдардан айтарлықтай азайды. Адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығы артып келеді. Мұның бәрі – елге жасалып жатқан жақсылықтардың қайтарымы. Шымкент – сәулетті қала. Таңертең дендробақты аралап, көлді көрдім. Үлкен жұмыстар атқарылыпты. Мына саябақ қандай әсем. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы – Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Қала орталығының сиқын алып, қоршаған ортаға залалын тигізіп отырған қорғасын зауыты сыртқа көшіріледі. Халқының саны 1 млн.-ға жетеғабыл қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады. Жыл сайын елімізге 75 мың сәби сыйлайтын алтын құрсақ Оңтүстіктегі бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы үлкен, болашағы зор», деген еді.
Бүгінде республиканың бар аймағы, облыс орталықтары Астанаға қарап бой түзейтін болды. Бас қаланың әлемдік сәулет өнерінің озық үлгілерімен астасқан әсем келбеті Қазақстанның түкпір-түкпіріне шуақ болып тарауда. Соның бірі – Шымкент қаласы айналдырған төрт-бес жылдың ішінде адам танымастай ажарланды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығынан бөлек республикада алғашқы болып Салт-дәстүр орталығы ашылды. «Қазына» тарихи-мәдени кешені облыс тұрғындарының мақтанышына айналды. Оңтүстік жұрты осының бәрін Елбасының атымен байланыстырады.
Астана – Қазақстан экономикасының локомотиві. Еліміздің барлық аймағы Астанадан қуат алып, жан-жақты дамып келеді. Кешегі Дешті Қыпшақтың орталығы болған ордалы мекенде, Сарыарқаның төріндегі жауһар қалада алты алаштың баласы мерекелейтін мерейтой өтпек. Бүкілхалықтық тойға оңтүстікқазақстандықтар осындай жақсы нәтижелерімен келіп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.