Өз тарихын өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан алатын Астана әуежайы қазіргі күндері Еуразия континентіндегі ең қазіргі замандық әуежайлардың бірі болып табылады. Егер әуежай өткеніне сәл де болса, шегініс жасайтын болсақ, басталуында ол шағын ұшақтар ұшып-қонатын алаңы және саман кірпіштен салынған 8 бөлмеден тұратын шағын вокзалы бар әуежай болған екен. Алғашқы әуе қатынасы 1931 жылдың бірінші желтоқсанында Семей мен Ақмола қалаларының арасында орнығады. Алғашқы кездері ұшақтардың ұшу мерзімі сағаттар бойынша нақты белгіленбейді. Тек ұшатын күндері ғана көрсетіліп отырады.
1966 жылдың 28 ақпаны күні жаңа әуежай пайдалануға беріледі. 1975 жылы әуежайға алғаш рет ТУ-154 секілді үлкен ұшақ келіп қонады. Ол Алматы – Целиноград – Мәскеу арасын жалғайды.
Әуежайдың жаңа жағдайда серпінді түрде дамуы ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауыстырылуынан бастау алды. Қысқа мерзімнің ішінде әуежайға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұшақтардың ұшу-қону жолағы 3500 метрге дейін ұзартылды. Жасанды төсеніштер төселінді. Жарықтандыру жүйелері мен радиомен бағыттау құрал жабдықтары толықтай ауыстырылды. VIP ғимарат салынды. Әуежай кешені жаңа құрылыстармен жаңғыртылды.

2002 жыл мен 2005 жыл аралығында әуежайды жаңғыртудың ірі көлемдегі халықаралық жобасы жүзеге асырылды. 2005 жылдың 2 ақпаны күні әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының салтанатты жағдайда ашылуы болды.
Қазіргі күні Астана халықаралық әуежайы Халықаралық Азаматтық Авиация Ассоциациясы – ІІІА санатына ие. Сонымен қатар, кез келген әуе кемесін қабылдап, оларға қызмет көрсете алады. Әр күн сайын еліміздің ішінен және әлемнің әр шалғайынан 80-нен астам ұшақты қабылдайды. Мәскеу, Ташкент, Новосібір, Омбы, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Красноярск, Киев, Минск, Баку секілді ТМД қалаларымен, сондай-ақ, Франкфурт, Вена, Абу-Даби, Ыстамбұл, Бейжің, Анталия, Үрімші, Шарджа, Лондон, Бангкок секілді шетелдік қалалармен де ұшақтар қатынасы жолға қойылған. 2014 жылы әуежай 2 миллион 960 мың жолаушыға қызмет көрсетіп, 9653 тонна жүк жөнелтті және қабылдады.
Әуежайдағы орнатылған қазіргі замандық құралдар диспетчерлерге ұшып келе жатқан кез келген ұшу қондырғысын дәл айқындауға, оларды бақылауға алуға және қажетті қызметтерді көрсетуге, бір сөзбен айтқанда бүкіл әуе қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайдың қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау үшін қажеті мол. Мәселен, әуежай бұрын көру қашықтығы 350 метрден асқан жағдайда ғана ұшақтарға қызмет көрсете алатын. Қазір көру қашықтығы 200 метрден кем болған жағдайдың өзінде ұшақтарды ұшырып-қондыра алады. Тіпті, қатты жаңбыр жауып, боран соққан жағдайда әуе кемесінің қонып-ұшуына жағдай жасай алады.
Астана әуежайында жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалынған. СИП және ВИП залдар, ана мен бала бөлмелері, намазхана, қол жүктерін сақтау камералары, шылым шегуге арналған бөлмелер жұмыс істейді. Күту кезінде жолаушылар үшін мейрамхана, бар және дәмхана қызметтері ұсынылады. Сондай-ақ, мұнда пошта қызметі, әртүрлі банктердің банкоматтары, ақша айырбастау орындары жұмыс істейді. Түрлі сый-кәделер сатып алуға болады. Әуежай жолаушылар билеттерін тіркеу үшін онлайн режімінде де қызмет көрсете алады.
Осындай жұмыстарды жолға қою мәселесінде әуежайдың қызмет көрсету жөніндегі негізгі көрсеткіштері жылдан-жылға қарқынды түрде өсіп келеді. Мәселен, 2006 жылы мұнда 834 299 жолаушыға қызмет көрсетілсе, 2014 жылы 2 960 181 жолаушыға қызмет көрсетілген. 2006 жылы 2,5 мың тонна жүк жөнелтіліп-қабылданса, 2014 жылы 9,6 мың тонна жүк жөнелтіліп-қабылдаған.

Алайда, әуежайдың даму мүмкіндіктері мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Өйткені, ол барынша қарқынды дамып келе жатқан елордамызға қызмет көрсетуде. Демек, әуежай бейнесі мен даму мүмкіндіктері де Сарыарқа төріндегі алтын тәждей жарқыраған Астана әлеуетіне сәйкес болуға тиіс.
Міне, осы талапқа сәйкес Елбасының тапсырмасы бойынша Астана халықаралық әуежайын одан әрі дамыту туралы арнайы шешім қабылданған. Осы мақсатқа мемлекет қазынасынан 29 миллиард теңге бөлініп, жаңа терминал салынатын болады.
Аталған бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-тың вице-президенті Роман Склярдың айтуынша, Астана әуежайын дамыту жұмыстарының жалпы құны 60 миллиард теңгені қамтиды. Бұл қаржының басым бөлігі инвесторлардың есебінен алынатын болады.
«Астана әуежайының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу кезінде 1500 жұмыс орны құрылады. Жобаның жалпы құны 60 миллиард теңге. Оның 29 миллиард теңгесі – республикалық бюджеттің қаржысы. 17 миллиард теңгені Еуразиялық қайта құру және даму банкінен тартуды жоспарлап отырмыз. 14 миллиард теңгені «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ тарапынан бөлетін боламыз» деген еді вице-президент.
Жаңа әуежай құрылыстарын негізінен алғанда Швецияның Malcolm Construction компаниясы жүзеге асырмақ. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде бастау алып кетті. Астаналық әуежай қасындағы «Казаэронавигацияның» ескі ғимараты бұзылып, оның орнына жаңа терминал қаңқасы құрастырыла бастады.
Сондай-ақ, мұнда ұшу-қону жолағына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Әуе кемелерінің тұратын орындарына да өзгерістер енгізілмек. Бұл жұмыстарды 2017 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыстардың қарқынды жүзеге асырылуына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің әсері мол болатындығы түсінікті. Өйткені, сол кезде елордаға келетін шетелдік қонақтар саны еселеп арта түсетін болады. Жаңа әуежай оларды қабылдап алатындай талаптарға сәйкес болу керек. Мұны Мемлекет басшысы ескерткен болатын.
Қазіргі күні Астана халықаралық әуежайының даму деңгейі де осы талапқа сәйкес жүзеге асырылуда деп айта аламыз. Мәселен, биылғы жылдың өзінде әуежайдың жолаушылар өткізу қабілеттілігі 3,5 миллион адамға дейін жетіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішті көрсететін болады. Ал, жүргізілетін жаңа құрылыстар мен қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Астана әуежайы 2017 жылға таман жылына 7,1 миллион жолаушы қабылдайтындай қуаттылыққа ие болады.
«Халықаралық Астана әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Жаухановтың айтуына қарағанда, егер әуежайдағы жолаушылар ағыны 2 есе артатын болса, әуежайдың оларды өткізу қабілеті де соған сәйкес 2 есе арттырылады. Мәселен, қазіргі күні қолданыстағы жолаушылар терминалының көлемі 22 мың шаршы метрді құраса, жаңадан салынатын терминалдың көлемі 45 мың шаршы метр болады. Бұл жаңа терминал халықаралық бағыттағы ұшуларға қызмет көрсететін болса, ол салынып болған кезде қазіргі қолданыстағы терминал ел ішіндегі жолаушыларға қызмет көрсетуге бағытталуы мүмкін.
Сонымен қатар, қазіргі күндері Астана әуежайында жаңа халықаралық бағыттар іске қосылуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 5 маусымында Грекияның «Ellinair» әуе компаниясы Астана мен осы елдің Салоники қаласының арасын тікелей жалғастыратын жаңа бағытты жүзеге асырды. Салоники – ашық аспан астындағы византиялық мұражай орналасқан қала. Көлемі жағынан Грекияда 2-ші орын алады.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астананы Сеулмен және Тбилисимен байланыстыратын ұшу бағыттары да ашылған болатын.
Астана халықаралық әуежайында ел мен елді жалғастыратын осындай жаңа бағыттар жүйелі түрде ашылу үстінде. Бір сөзбен айтқанда әуежай қарқынды түрде дамытылуда. 2017 жылы ол Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне талапқа сай қызмет көрсетеді деп сенеміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.