22 Мамыр, 2015

Қайырлының қажырлы қимылы

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарбағатай – еліміздегі малды аудандардың бірі. Соңғы жылдары аудандағы шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана бастады. Былтыр тарбағатайлықтар мал тұқымын түрлендіру жұмыстары бойынша елімізде алғашқы орынға шыққан болатын. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың айтуынша, 2014 жылы тұқым түрлендіруге 265 шаруа қожалығы қатысты. Елбасының қолдауымен қолға алынған «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр ауданға жалпы көлемі 1 млрд.100 млн. теңге қаржы тартылды. Оның ішінде «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдар­ламалары бойынша 300 млн. теңге жеңілдетілген несие, өсім­дік және мал шаруашы­лығына 700 млн. теңге субсидия бөлінді.

Жуырда ауданға жұмыс сапарымыздың аясында Екпін ауылында шаруашылығын дөң­ге­летіп отырған Қайырлы Қасе­новтің «Мәуліт» шаруа қожа­лығында болдық. 2005 жылы құрылған шаруашылық ет өндіру бағытында жұмыс істейді. Жылына 400 бас ірі қара бордақылап, етке өткізеді. Өз шаруашылығында 300 бас ірі қара өсіретін Қайырлы Амангелдіұлы екпіндіктердің малдары мен төлдерін де сатып алып, ауылдас­тарына айтарлықтай қолғабыс тигізіп отыр. – Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіпшілерге ет экспорттау жөнінде тапсырма жүктегені белгілі. Біздің мақсатымыз – қазақтың ақ бас сиырының еті­нің сапасын арттыру. Алда­ғы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында өз өнімдерімізді көрші елдерге экспорттауды көздеп отырмыз. Бүгінде ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау өте жақсы деуге болады. Мәселен, 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық үстемемен 10 млн. теңге несие алған едік. Қазір несиенің біршама бөлігін қайтарып үлгердік. Өткен жылы сатып алған жаңа техникалардың 50 пайызын мемлекет субсидия­лап, қайтарып берді. Тауда екі қыстағымыз бар. Онда аналық сиырлар бағамыз. Аналық сиырдың басына, сатып алынған бұқаға да субсидия төленеді. Бұл – біз сияқты қияндағы ауыл тұрғындарына өз кәсібін өр­кен­детуге үлкен көмек, – деді шаруа қожалығының жетекшісі. «Мәуліт» шаруашылығының 3 мың гектар жері бар. Оның ішінде 250 гектар егістік, 600 гектар шабындық ретінде пайдаланылса, қалғаны жайылымдық жерлер. Жемшөпті өздері дайын­дап, егістік алқаптарына арпа, жоңышқа егеді. 120 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңына қойылған бір жасар ірі қара кем дегенде 200 кило салмақ шығарады. Бордақылаған малды Семей, Өскемен, Алматы мен Астана қалаларына апарып сатады. Шаруа қожалығының жетек­шісі бақташы, бордақылаушы және КамАЗ, трактор техникаларын жүргізетін механизаторлардан құралған 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар 80-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Ең төменгі еңбекақы – бордақылаушылардың көмек­шілеріне тиесілі. Олардың айлығы – 40-50 мың теңге көлемінде. «Мәуліт» қожалығында борда­қылаушы болып еңбек еткеніне 5 жыл болған Айдын Хамзаев қоражайдағы малға күнделікті шөбін салып, суарып тұратынын, 6-7 кило көлемінде жем беретінін, жалақысын уақтылы алып тұра­тынын жеткізді. Айтуынша, жұмысы өзінің қолайына жағады. Жылдан-жылға мал басын көбейтіп келе жатқан Қайырлы биыл жылқы өсіру мен тұқым түрлендіру мақсатында «Құлан» бағдарламасы бойынша несие алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Жас та болса іскер, алғыр жігіт ауыл ішінен заманға сай кең үй салыпты. Үйде қала­дағы тұрмыстық жағдайдың бәрі бар. – Қазір еңбек еткен жанға мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы – тиімді табыс көзі. Өйткені, адам баласына қай кезде де алдымен азық керек. Сондықтан, ауылда жұмыс жеткілікті, тек көзін тауып, ерін­бей еңбек ету қажет, – дейді ол. Аудандық ауыл шаруашы­лығы бөлімінің басшысы Мерей Қайырбековтің айтуынша, Тарбағатай ауданында 2013 жылы 25 бордақылау алаңы болса, биыл оның саны 117-ге жетіпті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бағы­тында ауқымды жұмыс жүр­гі­зілуде. Осыған дейін лизинг жүйесі арқылы 170 тех­­ника сатып алынған. Нәтижесінде, асыл тұ­қымды шаруашылықтар саны артып келеді. Аталған жұмыстар биылғы жылы да жалғаспақ.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.