Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитовпен кездесті. Қонақты жылышыраймен қарсы алған аумақ басшысы Ресеймен өзара қарым-қатынастың анағұрлым нығая түскенін, әсіресе, шекаралас өңірлермен әлеуметтік-экономикалық, мәдени және басқа салаларда ілгерілеу бар екенін атап өтті.
Бұл өз кезегінде жалпы Қазақстан – Ресей қарым-қатынасы дамуының тиімділігі мен серпінділігінің белгісі болып табылады. Облыста әрбір үшінші бірлескен кәсіпорын Ресей бизнесінің қатысуымен құрылған. Ақтөбе өңірінде Ресей кәсіпорындарының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар қатарында «Орыс мыс компаниясы» ЖАҚ, Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты және басқалары бар.
Өз кезегінде Саид Забитов Ресей мен Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан ынтымақтастығы бұдан былай да нығая беретініне сенім білдір-
ді. Содан кейін бас консул Ауғанстан соғысына қатысқан облыс тұрғыны Артық Елкеевке жоғары награда тапсырды. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен сол кездегі Новоресей ауданы «Қопа» кеңшарының тумасы Артық Елкеев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Міне, арада 26 жыл өткенде награда иесін тапты. Қазіргі таңда екінші топтағы мүгедек Артық Елкеев отбасымен облыс орталығында тұрады.
Өңір басшысы да ауғандық жауынгерді лайықты наградасымен құттықтап, оған мықты денсаулық тіледі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.