Елбасы тапсырмаларына орай, әлемдік дағдарыстың алдын алу шаралары әр аймақта құмбыл жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев демалыс, мереке күндері деместен ат үстінен түспей, шеткі аймақ тұрғындарымен жүздесуді жиілетті. Әр ауданда талапқа сай іс-қимылдың тиімді жоспарланып, өз кезегінде іске асырылуына мұрындық болып келеді. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» деп Шәкірім айтпақшы, Мемлекет басшысы алаңдаушылық білдіріп отырған бұл тапсырманың жүгі ауырлау, әрине жауапкершілігі де күшті екендігі анық. Өйткені, мұның артында халық тағдыры, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырушы мемлекеттің болашағы тұр. Елдің ынтымағын ұйыстыра түсіп, экономиканы бекемдеу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын құлдыратпау ертеңгі күннің мұнан да шуақты, мемлекетіміздің қуатты болуының шарттары деп түсінген жөн болер.
Жуырда Шиелідегі 1,5 млрд. теңгеге салынатын үрлемелі су тоспасының құрлысымен танысу барысында облыс әкімі Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевқа тұрғындардың жаппай жұмысқа тартылып, әрқайсысының өз қабілетіне қарай еңбек етуіне мүмкіндік жасау жолында ізденісті қызмет етуін тағы да бір шегелей айтқан болатын. Осы бағытта жергілікті әкімдік өз қабілет-қарымын таныта отырып, тың сүрлеуді тапқан секілді. Ол – көптеген шаруа қожалықтарының агротехникалық шараларды өз мерзімінде талапқа сай орындай алуына жағдай жасау, мәмілегерлікпен өнімді еңбек етуін ұйымдастыру, яғни ірілі-уақты шаруа қожалықтарының уақтылы жерін жыртып, тырмалап, дәнін себуге қажетті техниканы жұмылдыру арқылы ауыл адамдарының бойында сенімділік мен жігерлілікті ұстаным етуі. Осы орайда Шиелі ауданында біршама уақыттан бері айтылғанымен жүзеге аспай келе жатқан орталықтандырылған механикаландырылған техникалық станса құру ісі еді. Міне, аудан әкімінің белсене кірісуі нәтижесінде «Шиелі-мтс» ЖШС қажетті құжаттарын ресімдеп, жұмысқа кірісіп те кетті.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімізде әзірге 29 дана түрлі ауылшаруашылық техникасы бар. Оның ішінде әрине, К-701 тракторлары, ICB- I5235 жапондық экскваторы, КамАЗ, HOWA 22 ауыр жүк көліктері, жүк тиегіш техникалар, шағын егіс алқаптарында жұмыс істеуге тиімді МТЗ-82 доңғалақты тракторлары, басқа да құрал-саймандар бар, дейді жаңадан құрылған құрылым директорының орынбасары Аят Есжанов бізбен әңгімесінде. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы техникаларының егіс алқаптарында жылдам қозғалысын ұйымдастыруға өте қажетті тасымалдау техникасын Уфа қаласынан алуға келісімге келгендігін білдік.
Биылғы жылы Шиелі ауданында 24 мың гектардың үстінде түрлі ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспарланды. Оның 9600 гектары дәнді дақылдар болса, күріш көлемі 8500 гектардан кем болмауы тиіс. Сол секілді малазықтық дақылдар, майлы дақылдар да егіледі. Ал көкөніс, бақша, картоп дақылдарының жалпы көлемі 2000 гектар болмақшы. Әрине, бұл әзірге жоба, түрлі жағдайларға байланысты аздаған өзгерістердің орын алуы бек мүмкін. Дегенмен, жылда техника іздеп сарсылып, әркімге бір жүгіретін майда шаруа қожалықтарының басшылары ауданда МТС құрылуын қуана құптап, мейлінше көп егін егуге, оған ауылдастарын жұмылдыруға құлшынып, алақандарын ысқылап отыр.
Иіркөл ауылдық округіндегі «Жерұйық», «Ы.Жақаев», «Дәурен», «Жанкелді» шаруа қожалықтары, Жуантөбе ауылдық округіндегі «Жаңа Алғабас», «Басқожа», «Бекмұрзаев» шаруашылықтары жылда бізбен әріптес ретінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп келген. Сондықтан да олар алғашқы кезекте біздің қызметімізді пайдалануға сенім артып, келісімшартқа отырып та үлгерді. Көктем жылт етісімен аталмыш шаруашылықтардың жер дайындау жұмысына кірісеміз. Жалпы, биыл 3 мың гектардан астам жерге техникалық қызмет көрсетеміз деп отырмыз. Аудан әкімінің қолдауымен өз ауқымымызды кеңейте береріміз анық, дейді А.Есжанов.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.