Саяси сараптама
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көптарапты әскери-саяси ынтымақтастықты дамытуға қызмет ететін әлемдегі ең жас ұжымдық құрылымның бірі болып табылады. Құрылғанына небәрі сегіз жыл болған Ұйым бүгінде өз қызметін қауіп-қатерлермен күреске жұмылдыра отырып, қарым-қабілетін халықаралық қоғамдастықта көрсете білді, нақты іс-шараларды жүзеге асыру арқылы халықаралық беделді ұйымға айналды.Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жүзеге асыратын кешенді шаралардың бірі – есірткілер мен прекурсорларды астыртын тасымалдаудың маршруттарын табуға және оларды жабуға бағытталған “Канал” жедел-профилактикалық операциялар болып табылады. Осы мәселеге байланысты Ұйым мен оған қатысушы мемлекеттердің тиісті органдары арасында жоғары деңгейде сенім орнықты. Соның нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың басшылары мен белсенді мүшелері туралы мәліметтер анықталды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген түрдегі жыл сайын жүзеге асыратын бұл шарасының тиімділігін ескеріп, соңғы жылдары операцияға Әзірбайжан, Ауғанстан, Германия, Италия, Испания, Иран, Пәкстан, Қытай, Латвия, Польша, Румыния, АҚШ, Украина, сондай-ақ Интерпол, ЕҚЫҰ-ның полициялық ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық бөлімі және Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топ қатысып келеді.
Өткен жылы “Канал-2009” есірткіге қарсы халықаралық операцияның кезекті шарасы өткізілді. Ол екі кезеңді – 22-28 қыркүйек пен 9-16 қараша аралығын қамтыды. Онда негізгі күш Еуразия аймағындағы мемлекеттер мен Еуропа Одағы елдері аумағында контрабандалық есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының каналдарын жауып, Ауғанстан маңайында есірткіге қарсы және қаржылық “қауіпсіздік белдеуін” құруға жұмылдырылды. Сонымен қатар, операция барысында прекурсорлардың Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға заңсыз жеткізілуінің алдын алу жайы да назарда ұсталды. Операцияның бұл кезеңдеріне байқаушы ретінде, сондай-ақ Болгарияның, Түркияның және Венесуэланың құқық қорғау органдарының өкілдері де қосылды.
Операцияға қатысушылардың бірлескен іс-қимылының нәтижесі аса қомақты болды. Заңсыз айналымнан 115 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар алынды. Оның 3,9 тоннасы – героин, 18,5 тоннасы – гашиш, 3,5 тоннасы – синтетикалық есірткілер, ал 2 тоннасы – кокаин. Операция кезінде Иран мен Венесуэла елдері аса ірі көлемде есірткі заттары тәркіленгенін мәлімдеді. Бірлескен шара барысында, сондай-ақ заңсыз есірткі айналымына байланысты 20 мыңнан астам қылмыс анықталған. Міне, бұл операцияның аса ауқымдылығын және кең көлемде жүзеге асырылғандығын көрсетеді.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы соңғы жылдары Ұйым аясында заңсыз көші-қон және адам саудасына қарсы күрес жұмыстарын да белсенді жүргізіп келеді. Бұған 2007 жылы ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің құзіретті органдары жетекшілерінің үйлестіру кеңесінде құрылған “Нелегал” шартты белгісіндегі заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл арнайы операцияларының қосқан үлесі зор. Өткен жылдың өзінде ғана Ұйымға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен көші-қон қызметтері қанаттаса отырып, өткізген операция кезінде көші-қон заңнамаларын бұзудың 106 923 фактісі анықталған. Нәтижесінде 8106 адам ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарынан шығарылды. Сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы да заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес саласындағы заңнамаларды бір ізге түсіруде белсенді жұмыс істеуде.
Ұйым қазіргі жағдайда ақпараттық қауіпсіздік проблемаларын шешуге баса назар аудару аса қажет деп есептейді. Өйткені, ақпараттық технологияны дамыту қазіргі заманғы өркениетті қоғам құруға ықпал етумен қатар, қауіпсіздікті нығайтуға да барынша оң әсерін тигізеді. Өкінішке қарай, оның қауіпсіздікке қарсы жаңа қауіп-қатерлердің құрылуына оңтайлы орта қалыптастыратыны да жасырын емес. Осыған байланысты Ұйым аясында ақпараттық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелерін шешу қажет. Ол үшін ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер ақпараттық кеңістікті және ақпараттық ресурстарды қорғау салалары бойынша ынтымақтасып, бір-біріне көмек көрсетулері тиіс.
Өткен жылдың қыркүйегінде алғаш рет “ПРОКСИ” атты шартты белгімен ақпараттық қылмыстарға қарсы бірлескен іс-қимыл операциясы өткізіліп, оған Ұйымға мүше барлық елдердің қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бөлімшелері қатысқан болатын. Құзырлы органдар мамандарының пікірінше, “ПРОКСИ” операциясы елдердің ұлттық ақпараттық кеңістігінде қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай ықпал еткен.
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуда ҰҚШҰ-ның 2009 жылдың басында Ұйымның Жедел әрекет ету ұжымдық күшін құруды бастауға мүмкіндік беретін шешімі маңызды қадам болып табылады. Ал ұжымдық күштің басты мақсаты – қарулы шабуылды болдырмау, халықаралық лаңкестікпен күрес шараларына қатысу, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына қарсы күрес, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысып, гуманитарлық көмектер көрсету. Осыған байланысты өткен жылдың күзінде Жедел әрекет ету ұжымдық күштің алғашқы жаттығуы өтіп, оған тартылған күш құрылымдары алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап шықты.
Ұйымға мүше мемлекеттер бүгінде Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт режімінің сақталуына мүдделілік танытып келеді. Өйткені, бұл шарттың нақты аспектілері ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2005 жылғы мәлімдемесінде көрсетілген қағидаттарға толық сәйкес келеді. Егер ҰҚШҰ мен ЕҚЫҰ бірлесе отырып, қару-жарақтарға бақылау жасау мәселесін шешетін болса, ЕҚЫҰ-ның барлық аумағындағы кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай қалыптасар еді. Өз кезегінде бұл әлемнің өзге өңірлеріне үлгі-мысал қызметін атқаратын да еді. Себебі, қазіргі кезде халықаралық жағдайдың даму қарқыны өңірлік ұйымдар арасында ынтымақтастықты кеңейту жолдарын іздестіруді қажет етеді. Оның ішінде ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ да бар. Міне, осындай ынтымақтастық бүгінде жалпыеуропалық қауіпсіздікті нығайту салаларында іс-әрекет етіп жүрген өңірлік құрылымдардың қызмет аясын кеңейте түспек.
Үшінші мыңжылдықтың соңғы жылдары ҰҚШҰ мен ЕҚЫҰ арасында үйлесімді және іскерлік қатынастың орнағанын көрсетіп отыр. Мысалы, аталған екі ұйым бірлесе отырып, лаңкестікке және есірткіге қарсы күрес акцияларын ойдағыдай жүзеге асырды. Ал ҰҚШҰ ЕҚЫҰ-мен қауіпсіздік саласындағы кең ауқымды проблемалар бойынша ынтымақтастықты дамытуды қалайды. Бұл жерде ауғандық бағытқа ерекше назар аудару қажет деп есептейді. Осы проблеманы 2009 жылдың наурызында ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзінде ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо да көтерген болатын.
Еуразиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ, ТМД, НАТО, Еуропа одағы және ҰҚШҰ секілді өңірлік ұйымдардың орны бөлек. Өкінішке қарай, бұл ұйымдардың халықаралық қауіпсіздікті кең ауқымда қарастырып, бірлескен түрде ортақ іс-қимыл танытулары жетіспей келеді. Дәлірек айтқанда, әр ұйым өз аумағындағы қауіп-қатерлермен өздері күрес жүргізіп жатыр. Біздің пікірімізше, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Еуропадағы қауіпсіздік туралы бірлескен шарт дайындау және оны жүзеге асыру жөніндегі бастамасы өте орынды. Бұл бастамаға ҰҚШҰ-ға қатысушы жеті мемлекеттің барлығы бір ауыздан қолдау білдіруі сондықтан болса керек. Өйткені, әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отырған жаңа қауіп-қатерлермен ортақ мәмілеге келіп, бірлесе күрескен қашанда жемісті болмақ.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.