Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баспасөз мәслихатын өткізді. Шарада 11 ақпанда Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтылды.
Әуелі өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеген министр салада қол жеткізілген табыстарға тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, былтыр ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 2,5 трлн. теңгеге жетіпті. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылдан 0,8 пайызға артық көрінеді. «Еліміздегі барлық жұмыс істейтін азаматтардың 25 пайызы ауыл шаруашылығында қызмет етеді. Осыған қарап, АӨК-ке бөлініп жатқан қосымша қаражат қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етумен бірге, АӨК аралас салалардың дамуына да оңды әсерін тигізеді. Бұған қоса, «Агробизнес-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуының алғашқы нәтижелері жайлы да айтып өткім келеді. Былтыр болған күрделі табиғи жағдайға қарамастан егістік шаруашылығының өсімі 98,4 пайызды құрады. Ал мал шаруашылығында 3,8 пайыздық өсім болды», деді министр.
Жағымды жаңалық – министрлік пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ бірлесіп, орта және шағын бизнесті несиелеу бағдарламаларын әзірлепті. Ол бойынша 50 және 100 бас қойы бар, сондай-ақ жылқы және сүтті қара мал фермерлік шаруашылықтарды қолдау бойынша индикативті жоспар жасалыпты. Бұған қоса, 5 гектарға дейін отбасылық бау-бақша жасап, бағбандық етем деушілерге кепілсіз несие алу шарасы да қарастырылып жатқан көрінеді. Министрдің сөзіне илансақ, аталмыш шаралар ойдағыдай іске асырылса ағымдағы жылы 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіледі екен.
Көктемгі егіс науқанында шаруаларға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай бағасы журналистердің назарынан тыс қалмады. «Қазiргi уақытта ауылшаруашылық тауарын өндiрушiлерге арналған арзандатылған жанар-жағармайдың құны өңiрлерде 81 теңге деп бекiтiлген. Бұл нарықтағы бағадан 18 пайызға арзан. Ал, оның бағасы литрiне 99 теңге екенi мәлiм. Былтырғыға қарағанда бұл 30 пайызға төмен. Жалпы, бекiтiлген жанар-жағармайдың көлемi 366 мың тонна. Оны тиiстi ауылшаруашылық субъектiлерi алып жатыр», деген А.Мамытбеков ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдау аясында бөлiнген субсидияларға да тоқталды.
Баршаңызға мәлім, 2013 жылдан бері «Агробизнес-2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытудың қаржылық және қаржылық емес кешенді шараларын қолға алу. Осы бағдарлама аясында екі жылдың ішінде мемлекеттік қолдау іс-шараларының көлемі екі есеге артты. Нақты сандарға сүйеніп айтатын болсақ, 2013 жылы субсидиялардың көлемі 87,2 млрд. теңгені құраған болса, биылғы оның көлемі 177,3 млрд. теңгеге жетіп отыр, деп атап айтты ол.
Тағы бір еңсе көтеретін жағдай шаруашылықтарды қолдауға қосымша 20 млрд. теңге қаржының бөлінгені. «Қазір әлемде қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдай біздің елімізге де кері әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы кешеніне бағытталған мемлекеттік қаржылай қолдау іс-шаралары ұлғайып, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша қосымша 20 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Осыған қатысты тиісті заң қазір Парламентте қаралуда. Оның жұмсалуына келсек, 20 млрд. теңгенің 7 млрд. қаржылай сауықтыру аясында несие мен лизингтің өсу пайызын субсидиялауға бағытталады. Ал, 13 млрд. теңге мал шаруашылығына және несие мен сыйақы мөлшерін реттеуге, тағы да басқа шараларға жұмсалады», деді министр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».