Қазіргі заман солай ма, нығыздалған уақыт солай ма, әйтеуір, күн сайын бір жаңалық хабар жетеді де тұрады. Жаңалықтар көп қой, әлбетте, еңсемізді көтеретін, көкіректе, санамызда ел үшін, халық үшін, Елбасы үшін мақтаныш сезімін туғызатын жаңалықтың орны қашанда бөлек. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде қол жеткен уағдаластыққа сәйкес 56 елдің басшылары бас қосатын саммит, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстанда, Астанада өткізілмек. Бұл не деген жаңалық! Бұл не деген шешім! Осы емес пе еліміздің дүние жүзіндегі беделі мен салмағы! Осы емес пе елімізді басқарып отырған Елбасының мерейі!
Әңгіме қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығында емес. Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, әңгіме бірінші кезекте бүкіл Еуропа елдеріне төрағалық етіп отырған Қазақстанның дүние жүзінде түсіністік пен татулық, келісім мен үйлесім болуын қалайтын саясатында болып отыр.
Тағы да тәнті болып отырмыз – Елбасының алға тартқан таңғажайып идеялары, бастамалары бірінен соң бірі бірте-бірте жүзеге асып, шындыққа айналып келеді: 2030 жылы Қазақстан қай жағынан да мүлдем жаңа Қазақстанға айналады – алғашқыда утопия, қиял болып көрінген осы идеяның шындыққа жақындығы көзі ашық әрбір қазақстандық үшін күннен күнге айқын бола бастады.
Тәуелсіз, жаңа Қазақстан он шақты жылдың ішінде дүние жүзі таныған жаңа астанаға ие болады. Бұдан небәрі он үш жыл бұрын айтылған осы ақиқатқа бүгінде біз ғана емес, бүкіл дүние жүзі куә. Сондай-ақ Қазақстан бүгінде бүкіл түркі елдерінің, ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Міне, бұл мерзімнің алғашқы жартысы да артта қалды. Жыл басында, яғни қаңтар айында Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кірісуіне орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнауы жарияланып еді. Онда Елбасы 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің, жоғары деңгейдегі кездесуін шақыру туралы Қазақстанның бастамасын ұсынған болатын. Міне, кешегі күні Ақбұлақта өткізілген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде мұндай Саммитті осы жылдың аяғына таман Астанада өткізу туралы шешім қабылданды.
Сөйтіп, еліміз төрткүл дүниені елең еткізген оқиғалар мен бастамалардың ұйытқысына айналды. Бәрін түптеп, талдап жатпай-ақ, кейбіреулерін атасақ та жеткілікті. Елбасы халқының басым көпшілігі мұсылман болып табылатын Қазақ еліне әлемдегі католиктердің дінбасы, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-ні шақырып, қонақ қылды. Сексеннің сеңгіріне шыққан, денсаулығы сыр берген әулие елімізге еріккеннен келген жоқ. Өзі айтқандай, ұлы даланың татулығы мен келісіміне таңданып, көпұлтты мемлекетте бейбітшілікті сақтауға болатынын өз көзімен көргісі келді.
Қазақ даласына, Ясауи мен Абайға тағзым етіп, елімізге: “Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың!” деп, ақ батасын берді. Әлемнің жүзден астам елдерінен келген БАҚ өкілдері Папаның бұл сөздерін дүние жүзіне жайды. Елбасының қолдауымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш құрылтайы өткізіліп, бүкіл әлем Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен түсіністіктің, рухани келісім мен өзара үйлесімнің куәсі болды.
Тағы бір бастама, тағы бір жүзеге асқан идея – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі республикалардың интеграциясы – өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), 2000 жылы Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылса, он жылдан кейін – тағы да Астанада Кеден одағы дүниеге келді. Осы бастамалардың барлығына ұйытқы болған Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Татулық пен келісім о бастан халқымыздың қанына сіңген қасиет екені белгілі. Қазақтар ешқашан басқа елдерге шабуыл жасап, басып кірген емес. Сонымен бірге көкіректерін ешкімге бастырмай, қазақ жеріне көздерінің сұғын қадаған басқыншыларға да лайықты тойтарыс та бере білді.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Майлықожа ақын өзінің бір толғауында:
Өңкей жақсы қосылса,
Бітіреді кеңесті.
Өңкей жаман қосылса,
Шығарады егесті.
Мәмілемен іс бітер
Бас қосып қалса көп есті, – дейді.
Жақсылар, естілер әрқашан да мәмілеге, келісімге келе алады. Өйткені олар өздерінің қамын, мәртебесін ойламайды, халықтың қамын ойлайды. Қазір де дүние жүзінде осындай келісім, түсіністік, төзімділік жетіспей жатыр. Жоғарыда айтылған арнауында Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандық төрағалықтың ұраны ретінде төрт “Т”-ны атап өткен болатын: “траст” (сенім), “традишин” (дәстүр), “транспаренси” (транспаренттік, яғни ашықтық) және “толеранс” (төзімділік). Бұл арада біз Елбасының әдеттегідей өмір және тарих тәжірибесіне арқа сүйегенін көріп отырмыз.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған төрт тұғырлар негізінде ЕҚЫҰ-дағы істеліп жатқан әр алуан жұмыстарға талдау жасады. Атап айтқанда, “созылмалы” қақтығыстарды реттеу мақсатында Арнаулы өкіл белсенді жұмыс істеуде. Әзірбайжан және Армения президенттерімен Таулы Қарабақ проблемалары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қырғызстандағы саяси дағдарысты шешудің әртүрлі шараларын ойластырып, жүзеге асыруда. Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын құру қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Қазақстанда ауған азаматтарын оқыту жөніндегі құны 50 миллион долларлық білім бағдарламасын іске асыру басталды. Соған сәйкес 2010-2018 жылдары Қазақстанда 1000 ауған студенті оқытылады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қарап тұрсақ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастаған жарты жылдың ішінде Қазақстан тарапынан атқарылған істер сан алуан екен. Бұған ЕҚЫҰ-ға мүше елу алты мемлекеттің бәрі куә болып отырғаны анық.
Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Батыс Қазақстан облысы.