22 Мамыр, 2015

Кәсіби бағдар және арнаулы көрме

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ғимаратында «Білім. Жұмыс. Мансап» VІІІ арнаулы көрмесі өткізілді. Арнаулы көрмені ұйымдастыруға облыстық білім басқар­масы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, облыс­тық кәсіпкерлер палатасы және «Ақтөбе облысының кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Шараның салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мұндай кәсіби бағдар беру үрдісінің мектеп түлектерінің мамандықтарын дұрыс таңдауына тиімділігі жоғары екеніне тоқталды. Көрменің дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқаны да сондықтан. Бұл көрменің тиімділігі сол мектеп түлектері қай саланың маманы болуға, қай жоғары оқу орнында немесе колледждер мен лицейлерде оқуға таңдау жасай алады. Өмір жолының бастауында мамандықты дұрыс таңдау бұл болашақтың темірқазығындай болып, адамға қанат бітіреді, деді Сара Қайыржанқызы. Көрменің мақсаты сұраныс бар ма­ман­дықтардың тұсаукесерін жасау арқы­лы жастарға мамандықты дұрыс таңдауға көмектесу, білім мекемелерінің, жаңа бағдарламалардың, технологиялар мен оқу құралдарының мүмкіндіктерін ұсыну, жұмыс берушілер мен білім мекемелерінің түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешу ынтымақтастығына ықпал ету және кадрлар даярлау деңгейін арттыру болып табылады. Оған 40-тан астам жоғары оқу орны, кәсіптік колледждер, білім орталықтары, оқу курстары, кәсіпорындар мен ұйымдардың кадрлық қызметтері қатысты. Олардың арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті, Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің Көкшетаудағы техникалық институты, Астанадағы қазақ инженерлік-техникалық академиясы, Орынбор мемлекеттік аг­рар­лық университеттері, Қазақ-орыс халық­аралық университеті және басқалар бар. – Бұл көрмеге жылда қатысамыз. Кол­ледждің қандай мамандықтарға даяр­лайтынын, материалдық-техникалық мүмкіндіктері қандай екенін, бізде оқып жатқан шәкірттеріміздің мамандық алу деңгейін көрсетеміз. Сол арқылы өзіміз­ге оқушыларды көптеп тартуға тырысамыз. Бұл жолы да көрмеге тиянақты дайындалдық. Колледж туралы мол ақпараттармен қамтамасыз етіледі. Оқушыларымыздың қолынан шыққан шығармашылық бұйымдарын да ала келіп, көрсетудеміз, – дейді Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің қызметкері Қамалхан Қуанов. – Мен былтыр 9-сыныптан кейін қай мамандықты таңдағаным дұрыс деген ойда жүрдім. Осындай көрме жүріп жатыр деген соң барып көрейін деп талап қылдым. Бекер келмеппін, осындағы арнаулы көр­меге Ақтөбе политехникалық колледжі де қатысып жатыр екен. Колледждің қандай мамандықтарға даярлайтынын білдім, материалдық-техникалық базасының жақсы екеніне көзім жетті. Маған электромеханик мамандығы ұнады. Сол жылы 9-сыныпты тәмамдаған соң құжатымды осы колледжге тапсырдым. Биыл 1-курсты аяқтаймын. Енді өндірістік тәжірибеден өту үшін қай кәсіпорынға барсам екен деп, таңдап жүрмін. Маған өзім таңдаған мамандық ұнайды, – дейді Ақтөбе политехникалық колледжінің студенті Дастан Аманов. Бұл арнаулы көрмеге тек облыстың ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі, сондай-ақ, көршілес Ресейдің кәсіптік білім беретін жоғары оқу орындары мен колледждері де қатысты. Шара соңында облыс пен көршілес өңірлердің кәсіпорындары мен кәсіптік білім беру мекемелері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Арнаулы көрме аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оған облыстағы 30-дан астам кәсіпорын мен ұйым қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. – Жыл өткен сайын көрмеге қатысушы­лардың саны артып, көкжиегі кеңейіп келеді. Бұған дейін еліміздің көршілес облыстары ғана қатысып келсе, биыл Ресейдің Орынбор және Астрахань облыстарынан жоғары оқу орындары мен колледждері келіп қатысуда. Мұның өзі мұндай арнаулы көрмені ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді, – дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дамиля Құнанова. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.