Өткен жексенбі күні айға жуық уақыттан бері күллі әлем құлақ түріп, көз тіккен “Тур де Франс” веложарысы өзінің мәресіне жетті. Париждің қақ жүрегіндегі Елисей алаңын бірнеше айналып өтіп барып, солығын басқан сол көпкүндік аламан бұған дейін мамандар болжап келген деректі анықталған айғақ ретінде тіркеді де қойды: “Астана” командасының намысын жыртып жүрген испан шабандозы Альберто Контадор жеңімпаз болып танылды!
Дегенмен, бәрін рет-ретімен баяндайық. Біз өткен жолы жұма күнгі жорыққа иек артып тоқтаған едік. Сол жазбаны әрі қарай ұластырып әкетсек, өзіміз сонда пайымдағанымыздай, бұл күні 18-ші кезеңге қадам басқан жүйріктер жорығында айтарлықтай жаңалық бола қойған жоқ. Таудан талықсып түсіп, енді жазыққа бет алған “Үлкен тұзақ” ақырын аяңға көшті. Сол себепті Сали-де-Беарн мен Бордо арасындағы 198 шақырым лидерлер үшін тынығу белесі болып есептелді. Әдетте 52 шақырымдық жеке жүгіріс алдында ешкім де жазықтағы жарысты жан алып, жан берісетін алашапқынға айналдыра қоймайды. Бұл жолы да солай болды. Мұнда негізгі тартыс дистанция барысындағы екі спринтерлік жүгірісте озып шығып, жасыл жейдені жеңіп алу төңірегінде өрбіді. Айта кетейік, осы кезеңнің алдында оны норвег Тур Хушовд жамылды. Одан итальян Алессандро Петакки бар болғаны 4 ұпай ұтылып тұрды. Үшінші келе жатқан ағылшын Марк Кэвендишке алдыңғысынан озу үшін 29 ұпай керек болды.
Осы жерде бұл ұлы жарыста сары жейдеден түстері бөлек жейделер де бар екенін еске сала кетейік. Сары жейде әр кезеңнен кейінгі бас классификация бойынша алда тұрған шабандозға берілсе, жасыл жейдені кезең аралық спринтерлік жарыста көбірек ұпай жинаған спортшы киеді. Сол сияқты ақ жейдені жасы әр жылғы 1 қаңтарға дейін 25-ке толмаған жүйрік иемденсе, қызыл түсті бұршақтары бар ақ жейде “тау тарланына” тапсырылады.
Сондай мазмұны бар жасыл жейдені жеңіп алу жолындағы спринтерлер таласын алдымен Sky командасының жаршылары қыздырды. Бірақ олардың көшбасысы Бассон Хагеннің өзі ақырында мәреге алтыншы болып жетті. Ал барлық негізгі әрекет етуші қарсыластар соңғы шақырымда ғана іріктеле бастады. Мұнда Хушовд алға ытқып шығуға әрекет еткен кезде, оның дөңгелегіне тістей жабысқан Марк алға бір қадам ұзатып жібермеді. Сосын Петакки келесі шеттен озып кетуге талпыныс жасап бақты. Оның сытыла ұмтылуы жақсы-ақ еді, бірақ сол сәт Кэвендиш кезекті мәрте ғаламат жылдамдыққа басып, оны да бірден артта қалдырды. Бұдан кейін сүліктей заулап, алға шығандап шыққан ағылшын шабандозының үзеңгісі маңайына жақындап бара алатын ешкім табылмады. Сөйтіп, осы веложарыс барысында төртінші мәрте кезеңді ұтқан Марк Кэвендиш покер жасауға қол жеткізді.
Әлбетте, бас классификацияда ештеңе де өзгерген жоқ. Бәрі бұрынғысынша қалды. Біздің Альберто Контадор 88:09:48 көрсеткішімен өзінен кейінгі Энди Шлектен баяғы 8 секундтық айырымымен алда. Испан Самуэль Санчес сол үшінші орнында. Сондықтан көрермен біткен сенбі күні өтетін 19-шы кезеңді асыға күтті. Ал шабандоздарды 52 шақырымдық қашықтыққа жеке-жеке жіберген бұл кезең Альберто Контадордың жалпы классификацияда жеңіске жетуіне білдірілген соңғы күмәнді сейілтіп тастады. Бордо мен Пойяк арасына созылған бұл белес үш жұп арасындағы шиеленіспен ерекшеленді. Олардың біріншісі, әрине, Альберто Контадор мен Энди Шлек арасында өрбіді. Бұлардың арасындағы 8 секундтық айырымды жеңіп алға өту үшін люксембургтік шабандозға бір керемет қана көмектесуі керек еді. Ал ондай “кереметтер” бұған дейін шынында бірнеше рет болған екен. Жарыстың бірінші бөлігінде Энди сол ықтималдылықты шындыққа айналдыратындай болып, негізгі қарсыласынан 5 секунд алға кетті. Бірақ содан кейін Альберто қарқынын біртіндеп үдете отырып, уақытты ұта берді. Ол мәреге келгенде айырым 31 секундқа дейін жетті. Сонымен, екі шабандоздың арасындағы арақашықтық 39 секунд болып шыға келді. Бұл деген енді Альберто үшін шын мәнінде түбегейлі жеңістің өзі болмаса да, көзі сияқты еді. Себебі, Люнжюмо мен Париждің арасында, одан ары Елисей алаңының айналасында жалғасатын 102,5 шақырымдық соңғы 20-шы кезеңде “Мадрид минималисінің” осы артықшылығын қолдан сусытып шығара қоюы екіталай болатын.
Осы 19-шы кезеңдегі екінші шиеленіс үшінші орын үшін шындап таласқан Самуэль Санчес пен орыс Денис Меньшовтың арасында өтті. Бұған дейін кейінгісі 21 секунд қалып келе жатыр еді. Кезеңнің алдында осыған дейін үшінші орынды ешкімге бермей келген испан Денистің лайықты қарсылас екенін, бірақ өзінің орнын оған бере қоймайтынын мәлімдеген. Дегенмен, мамандар бұл текетіресте тап осы орыс оғланын фаворит деп таныды. Бұл жекпе-жекте қарсыласынан 1 минут 45 секунд жылдам уақыт көрсетіп, оқ бойы озып кеткен Д.Меньшов бас классификацияда үшінші орыннан бір-ақ табылды. Ал үшінші шиеленіс осы кезеңнің нағыз жүйрігін анықтауы керек-тін. Мұнда бірінші орынның иесі бас классификция лидерлері әлі сөре жолына шықпай тұрған кезде-ақ белгілі болды. Олимпиада чемпионы швейцариялық Фабиан Канчеллара трассаға жарыстың бастапқы шағында шыққан болатын. Ол қашықтықты бір сағаттай уақыттың ішінде дүркіретіп өте шықты да, күні ұзақ қарсыластарының аяқ алысын бақылаумен болды. Кейіннен бәрібір одан асатын аламаншы табылмады. Қуғынды тәуір бастаған немістер Тони Мартин мен Берт Грабш екінші-үшінші орындарға жайғасты.
Сонымен, жексенбінің таңы да келіп жетті. Бұл Альберто Контадордың жеңісін біржола паш етіп, құжат жүзінде негіздеп берген күн болды. Кезеңнің жеке өзін алсақ, тағы да ең соңынан сытылып алға шыққан Марк Кэвендиш жеңіс тойын тойлады. Бір қызығы, кейінгі орындарға орналасқан тағы 9 спортшы онымен бірдей нәтиже көрсетті. Ал бас классификация осының алдындағы келбетінен жаңылған жоқ. Осылайша арадағы екі күндік демалысын қоса есептегенде, 22 күнге созылған веложарыста оның бірде-бір кезеңінде жеңіске жетпеген шабандоз бас бәйгені қанжығаға байлады. Бұл – осының алдында 2007, 2009 жылдарғы “Турда” шашасына шаң шалдырмаған Альберто Контадордың үшінші жеңісі. Демек, бұл жеңіс – “Астана” командасының жеңісі. Ендеше, біздің де жеңіс! Ал командалық жеңіске құрамында осы “Тур де Франсты” 7 мәрте жеңіп алған атақты тарлан Лэнс Армстронг бар АҚШ елінің “Тeam Radіoshack” командасы жеңіп алды.
Басы сонау 1903 жылдан бастау алып, биыл 97-ші мәрте мәреге жетіп отырған бұл веложарысқа әлемнің 12 елінен 22 команда қатысты.
Серік ПІРНАЗАР.
АСТАНА.