27 Шілде, 2010

ПАРИЖ “Астананың” Контадорына қол соқты

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Өткен жексенбі күні айға жуық уақыттан бері күллі әлем құлақ түріп, көз тіккен “Тур де Франс” веложарысы өзінің мәресіне жетті. Париждің қақ жүрегіндегі Елисей алаңын бірнеше айналып өтіп барып, солығын басқан сол көпкүндік аламан бұған дейін мамандар болжап келген деректі анықталған айғақ ретінде тіркеді де қойды: “Астана” командасының намысын жыртып жүрген испан шабандозы Альберто Контадор жеңімпаз болып танылды! Дегенмен, бәрін рет-ретімен баян­дайық. Біз өткен жолы жұма күнгі жорыққа иек артып тоқтаған едік. Сол жазбаны әрі қарай ұлас­ты­рып әкетсек, өзіміз сонда пай­ым­дағанымыздай, бұл күні 18-ші кезеңге қадам басқан жүйріктер жо­рығында айтарлықтай жаңалық бола қойған жоқ. Таудан талық­сып түсіп, енді жазыққа бет алған “Үлкен тұзақ” ақырын аяңға көш­ті. Сол се­бепті Сали-де-Беарн мен Бордо арасындағы 198 шақырым лидерлер үшін тынығу белесі бо­лып есептелді.  Әдетте 52 шақы­рым­дық жеке жү­гіріс алдында ешкім де жазықтағы жарысты жан алып, жан берісетін алашапқынға айналдыра қой­майды. Бұл жолы да солай болды. Мұнда не­гізгі тар­тыс дистанция барысындағы екі сприн­терлік жүгірісте озып шы­ғып, жасыл жейдені жеңіп алу төңі­регінде өрбіді. Айта кетейік, осы кезеңнің алдында оны норвег Тур Хушовд жамылды. Одан итальян Алессандро Петакки бар болғаны 4 ұпай ұтылып тұрды. Үшін­ші келе жатқан ағылшын Марк Кэвендишке алдыңғысынан озу үшін 29 ұпай керек болды. Осы жерде бұл ұлы жарыста сары жейдеден түстері бөлек жей­делер де бар екенін еске сала ке­тейік. Сары жейде әр кезеңнен кейінгі бас классификация бойын­ша алда тұрған шабандозға беріл­се, жасыл жейдені кезең аралық спринтерлік жарыста көбірек ұпай жинаған спортшы киеді. Сол сияқты ақ жейдені жасы әр жылғы 1 қаңтарға дейін 25-ке толмаған жүйрік иемденсе, қызыл түсті бұршақтары бар ақ жейде “тау тарланына” тапсырылады. Сондай мазмұны бар жасыл жей­дені жеңіп алу жолындағы сприн­терлер таласын алдымен Sky командасының жаршылары қыз­дыр­ды. Бірақ олардың көшбасысы Бассон Хагеннің өзі ақырында мәреге алтыншы болып жетті. Ал барлық негізгі әрекет етуші қар­сыластар соңғы шақырымда ғана іріктеле бастады. Мұнда Хушовд алға ытқып шығуға әрекет еткен кезде, оның дөңгелегіне тістей жа­быс­қан Марк алға бір қадам ұза­тып жібермеді. Сосын Петакки ке­лесі шеттен озып кетуге талпыныс жасап бақты. Оның сытыла ұмтылуы жақсы-ақ еді, бірақ сол сәт Кэвендиш кезекті мәрте ға­ла­мат жылдамдыққа басып, оны да бірден артта қалдырды. Бұдан кейін сүліктей заулап, алға шы­ған­дап шыққан ағылшын шабандо­зы­ның үзеңгісі маңайына жақындап бара алатын ешкім табылмады. Сөйтіп, осы веложарыс барысында төртінші мәрте кезеңді ұтқан Марк Кэвендиш покер жасауға қол жеткізді. Әлбетте, бас классификацияда ештеңе де өзгерген жоқ. Бәрі бұ­рынғысынша қалды. Біздің Аль­бер­то Контадор 88:09:48 көрсеткішімен өзінен кейінгі Энди Шлектен баяғы 8 секундтық айырымымен алда. Испан Самуэль Санчес сол үшінші орнында. Сондықтан көрермен біткен сенбі күні өтетін 19-шы ке­зеңді асыға күтті. Ал шабандоз­дар­ды 52 шақырымдық қашықтыққа жеке-жеке жіберген бұл кезең Аль­берто Контадордың жалпы класси­фикацияда жеңіске жетуіне білді­рілген соңғы күмәнді сейілтіп тас­та­ды. Бордо мен Пойяк арасына со­зылған бұл белес үш жұп ара­сындағы шиеленіспен ерекшеленді. Олардың біріншісі, әрине, Альбер­то Контадор мен Энди Шлек ара­сында өрбіді. Бұлардың арасындағы 8 секундтық айырымды жеңіп алға өту үшін люксембургтік шабандозға бір керемет қана көмектесуі керек еді. Ал ондай “кереметтер” бұған дейін шынында бірнеше рет болған екен. Жарыстың бірінші бөлігінде Энди сол ықтималдылықты шын­дық­қа айналдыратындай болып, не­гізгі қарсыласынан 5 секунд алға кетті. Бірақ содан кейін Альберто қарқынын біртіндеп үдете отырып, уақытты ұта берді. Ол мәреге келгенде айырым 31 секундқа дейін жетті.  Сонымен, екі шабандоздың ара­сындағы арақашықтық 39 с­е­кунд болып шыға келді. Бұл деген енді Альберто үшін шын мәнінде  түбегейлі жеңістің өзі болмаса да, көзі сияқты еді. Себебі, Люнжюмо мен Париждің арасында, одан ары Елисей алаңының айналасында жалғасатын 102,5 шақырымдық соң­ғы 20-шы кезеңде “Мадрид ми­нималисінің” осы артықшылығын қолдан сусытып шығара қоюы екіталай  болатын. Осы 19-шы кезеңдегі екінші шиеленіс үшінші орын үшін шын­дап таласқан Самуэль Санчес пен орыс Денис Меньшовтың арасында өтті. Бұған дейін кейінгісі 21 секунд қалып келе жатыр еді. Кезеңнің алдында осыған дейін үшінші ор­ын­­ды ешкімге бермей келген испан Денистің лайықты қарсылас екенін, бірақ өзінің орнын оған бере қой­майтынын мәлімдеген. Дегенмен, мамандар бұл текетіресте тап осы орыс оғланын фаворит деп таныды. Бұл жекпе-жекте қарсыласынан 1 минут 45 секунд жылдам уақыт көрсетіп, оқ бойы озып кеткен Д.Меньшов бас классификацияда үшінші орыннан бір-ақ табылды. Ал үшінші шиеленіс осы кезеңнің нағыз жүйрігін анықтауы керек-тін. Мұнда бірінші орынның иесі бас классификция лидерлері әлі сөре жолына шықпай тұрған кезде-ақ белгілі болды. Олимпиада чемпио­ны швейцариялық Фабиан Канчел­лара трассаға жарыстың бастапқы шағында шыққан болатын. Ол қашықтықты бір сағаттай уақыттың ішінде дүркіретіп өте шықты да, күні ұзақ қарсыластарының аяқ алы­сын бақылаумен болды. Кей­ін­нен бәрібір одан асатын аламаншы табылмады. Қуғынды тәуір баста­ған немістер Тони Мартин мен Берт Грабш екінші-үшінші орын­дарға жайғасты. Сонымен, жексенбінің таңы да келіп жетті. Бұл Альберто Кон­та­дордың жеңісін біржола паш етіп, құжат жүзінде негіздеп берген күн болды. Кезеңнің жеке өзін алсақ, тағы да ең соңынан сытылып алға шыққан Марк Кэвендиш жеңіс тойын тойлады. Бір қызығы, кейінгі орындарға орналасқан тағы 9 спортшы онымен бірдей нәтиже көрсетті. Ал бас классификация осының алдындағы келбетінен жаңылған жоқ. Осылайша арадағы екі күндік демалысын қоса есеп­те­генде, 22 күнге созылған вело­жа­рыста оның бірде-бір кезеңінде жеңіске жетпеген шабандоз бас бәйгені қанжығаға байлады. Бұл – осының алдында 2007, 2009 жыл­дарғы “Турда” шашасына шаң шал­­дырмаған Альберто Контадор­дың үшінші жеңісі. Демек, бұл жеңіс – “Астана” командасының жеңісі. Ен­деше, біздің де жеңіс!  Ал ко­ман­далық жеңіске құрамында осы “Тур де Франсты” 7 мәрте жеңіп алған  атақты тарлан Лэнс Арм­стронг бар АҚШ елінің “Тeam Radіoshack” командасы жеңіп алды. Басы сонау 1903 жылдан бастау алып, биыл 97-ші мәрте мәреге же­­тіп отырған бұл веложарысқа әлем­нің 12 елінен 22 команда қатысты. Серік ПІРНАЗАР. АСТАНА.