22 Мамыр, 2015

Адамды орта тәрбиелейді

845 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел ертеңін ойлайтын төл газетіміз «Егемен Қазақстанда» жарияланған әйгілі ғалым Төрегелді Шарманов ағамыздың «Құндылықтардың құлдырауы», оған үн қосқан әріптес ағам Қуаныш Сұлтанов­­тың «Ұят туралы айту ұят болып барады» мақаласын қатар қойып оқып, терең ойға баттым. Аға газеттің көтерген тақырыбы қашанда салмақты, сыны өткір ғой. Соның бірі ғаламдық жаһандану процесінде қазақы ортаның арасында кездесетін, көпшілікті толғандыратын мәселені қажет уақытында көтеріп, қоғамымыздың құлдырап бара жатқан тұстарын дәл тапқаны.

Шындығында елімізде «заманына қарай адамы» деп айт­пақшы Қаныш Сәтбаевтың қолтаңбасы қалған Ұлттық ғылым академиясының да қадірінің кете бастағаны сол, бүгінде атақ жарысынан ғылым докторы мен кандидаттарының есебінен жаңылатын халге жеттік. Сол ғылым саласындағы атақтары оларға не үшін керек болды екен деген үлкен сұрақ туындай­ды. Күндіз-түні кітапханаға барып, көз майын тауысқан жас ғалымның қорғаған еңбегі қазақ­стандық ғылымға өз үлесін қос­паса, өз жемісін бермесе, сатып алған жалған атақ кім үшін қажет? Өзін-өзі жарнамалау бизнесіне айналған мына заманда қалтаңда қомақты қаржың болса, алдыңа қойған асыл армандарыңа ойланбай қол жеткізетін күйге жет­тік. Теңгенің құлы болуға айнал­дық. Бұл өмірдің ащы шын­дығы, бүгінгі күннің басты мәсе­лесі десек те болады. Есепсіз ғалым­дар көбейіп, олардан білім алған шә­кірттердің де ғылымға түрлі қи­тұрқылық әдістермен келуі кеңінен етек алды. Кейде ойлайсың, елімізде неге білім сапасы төмен деп. Қазақша айтқан қарапайым сөзіңді пленарлық жиналысқа келген аты дардай министрліктің тұтқасын ұстаған азаматтардың түсініп дұрыс жа­уап бере алмауы мені қатты ойландырады. Ғылыми атағы дардай, бірақ білетіні беретін пәнінен ары ұзап бармайтын ғалымдардың жоғары оқу орындарында студенттерді шала оқытып, сессия кезінде пара алады дегенді естіп, құлағымыз үйренгелі қашан. Одан білім алған студенттің ертеңі не болмақ? Жалпы қоғам болып ойланатын дүние бұл. Иә, дана Абай атамыздың ар­тында қалған ұрпаққа аманат­тап кеткен ар, ұят, қанағат, ра­қым деген асыл қасиеттерді бойына жастайынан сіңіріп өс­кен қандастарымыздың бүгін қайда бара жатқаны мені қатты толған­дырады. Қала баласының қоғамға жат істерге барып туған әке-шешесін қарттар үйіне өткізуі, зейнетақысын алатын кезде қымбат шетелдік көліктермен барып оған ортақтасуы, одан қалды ауыл арасына танымал, тірі кезінде ешкімнен дараланбаған қарапайым адамның дүниеден озған тұсында артында қалған бай­шыкеш баласы өзге бейіттер­ден ерекшелеп, қызыл кірпіштен күмбез салып, оны бәсекеге айналдыруы, сөйтіп атшаптырым жерге темірмен қоршау құруы, оған қой дейтін азаматтың болмауы ел басқарып отырған азаматтарға үлкен сын. Ал қайтыс болған адамның асына сол кісіге немесе отбасына одан қалды, ру мен жүздің асылдарын дәріптейтін арзанқол кітаптар шығару да кең етек алып барады. Осындайда осы Астана қаласында өткен жаназа еріксіз есіме түседі. Үлкен қызмет атқаратын таныс адамның әкесі қайтыс болып, марқұмды соңғы ақтық сапарға шығарып салуға жиналған халықтың санында есеп жоқ. Далада 40 градустық сарышұнақ аяз. Осындай кезде өліктің төрт жағынан төрт молда отырып алып, білген Құран сүрелерін өздерінше 40 минутқа созып оқып, бастыққа жағынудың бар амалын қарастырды. Көбірек оқысам үй иесіне қайтсем де жа­ға­мын деген пиғылдары дала­дағы аязда тоңған халықты елеу­ге мұр­ша бермеді. Жаназада тұрған ел әбіржи бастап, ішінара күңкілге басты. Сонда деймін-ау: «Халық – Ал­ланың бір атауы» деген сөзді еске алмаған молдасымақтарды тия­тын мешіт адамдары қайда? Міне, дарақылық дегеніміз. Осы жайдан кейін елімізде дін саласын басқарып жүрген азаматтар­дан көпшілік жи­налған жерлерде ­немесе жұмыс күндері түс мез­гі­лін­­де қай­тыс болған азамат­­­­тың аты­нан бері­летін ас, жаназаны өт­кізу­дің жал­пыға ортақ тәр­ті­бін жасап бекітіп берулерін сұраймыз. Сөз арасында 42 жыл әскери салада жүріп, бірден «Нұр Отан» партиясының тізімімен Мәжіліс депутаты болып сай­ланған менің артта қалған өз өмірімдегі жайттарға тоқталсам деймін. Халық қалау­лысы болсам да Қазақстан Рес­публика­сы Президентінің жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясында тыңдаушыларға елі­міздің қауіпсіздігі мен халық­аралық істердегі жеткен жетіс­тіктері, әскери офицердің ар-ожданын қалыптастыратын этика нормаларынан дәрістер оқып, ой бөлісуді ұдайы дағдыға алдым. Аппақ қардай таза ақ қолғап киген әскери офицердің этика нормалары дегеннен есіме бір қызық жайттар оралады. Жақында елімізге танымал тұлға туралы «Время» газетінде бір мақала шықты. Журналистің тақырыпты барынша ашқаны сонша үлкен шенде жүрген азаматтың қызмет орнынан босап, шетелдегі елшіліктердің біріне қызмет ауыстыру жөніндегі басшылық ұсынысын сөзбұйдаға салып, әйелінің тропикалық климатқа бейімделе алмайтынын алға тартып қызмет таңдауы, ана жұмыс емес, мына жұмысты бер деп табандап тұрып тәкаппарлық көрсетуі отандастарымды таңғал­дырды. Оған интернеттегі көп азаматтар белсенділік танытып өз пікірлерін білдіріп, қоғамда біршама ой қозғалды. Енді қазақтың той өткізуіне қатысты ойлармен бөліссем дей­мін. Кеңес кезінде мерейтойлық жас 60 жастан басталатын. Бү­гін ол жасарып 30-40-50-ден бас­тап той­ланып жүр. Бұған қоса мек­теп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл­дықтарды атап өту де кеңінен сәнге айналды. Бір жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған мақала ойыма келіп отыр. Мектеп бітіру кешіне 2000 теңге бере алмай суицидке бой алдырып асылып өлген жеткіншектің өліміне осы дарақылығымыздың себебі болды деп ойлаймын. Дегенмен де жыл сайын министрлік тарапынан оқушылардан ақша жиналмасын деген тапсырма болса да өткен жылдары осы өзіміздің Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейінде мектеп бітіру кешіне жинаған оқушылардың 3 млн. теңгесін бір алаяқтың ұрлап, Бурабайға казиноға салғанына куә болдық. Сол мектеп директорына да ешқандай шара қолданылған жоқ, бүгінгі күндері өз жұмыстарын жалғастыруда. Кейбір мектеп басшылары мектеп бітіргендеріне 20,30,40 жыл толған түлектерден бір нәрсе дәметіп, мектепке зат сыйласа екен деп тұратын құлқынның құлы дер­лік халге жетті. Бітірушілерден сыйланған теледидар, тігін машинасы, орын­­­дықтары мектептің жалпыға ортақ мүлкінің қатарына кіріске кіргіз­беуінен, тегін келген дүние­нің еш қадірі болмай оқушы мен ұстазғ­а қызмет көрсетпей жатып, бір жыл өтпей мектеп директоры мен сынып жетекшісі­нің үйле­ріне әкетіп жатқанына да куә болу­дамыз. Міне, ұлтымыз­дың болашағына білім нәрін бере­тін ақылшы ұстаздың шынайы бет бейнесі. Бүгінде жұмыс күніне қарамай, уақытпен санаспай той жасай беретін халге жеттік. Даңғыраған музыка, арзан сөзге малданып өзін көрсетемін деп тыраштанған тамада тойды түн ортасына дейін созып, жұртты мезі ететін болды. Мұндай жерге қалталы азамат келсе, оны барынша мақтап, төрт шумақ өлеңін арнап қалтасын қағып алу кең үрдіске айналды. Сол тойға келген кейбір қара­пайым қонақ азаматтар тойға әкел­генін, азын-аулақ сыйлығын той иесіне беріп, қалтасын қағып отырғанда, қайта-қайта жұрт көзінше беташарға шақырып қолайсыз жағдай жасайтынына да көзіміз үйренді. Оның үстіне атақты әншілерді, бишілерді ортаға шығарып ақша лақтыру дәстүрге айналды. Бір танысым жалғыз баласының үйлену тойында тікұшақпен доллар шашқанын жыр ғып айтып, оған ауылдың жас-кәрісі қатты қырылысқанына мәз болғаны бар. Немесе интернетте жүрген Қызылорда облысында өткен тойдағы парықсыз тамаданың ойлап тапқан ойынын алайық. Ол барша халықтың көзінше үстелде отырған еркекке тырдай жалаңаш шешініп бейәдеп қимылдар көрсеткен қазақ қызының қылымсығанын ұйымдастырған. Болмаса қалыңдықтың гүліне таласып ел көзінше жаға жыртысқан қаракөз қарындастарымыздың қылығын ешқандай тәрбиеге жатқыза алмайсың. Бүгінде тойдың көптігі жақсы дейсің, бірақ берекесіз болғанына қарның ашады. Сенбі, жексенбі күндері сол тойларда 15000-20000 адам алтын уақыттарын өткізіп той тойлап жүреді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі арқылы еліміздің озық ойлы мағы­налы той өткізудің де регламентін жасаудың кезі келгенін баса айтқым келеді. Әрбір облыс­тарда өткен жақсы тойлардың сцена­рийіне бәйге жариялап, озық ойлы, шешен тілді тамадалардың еңбегін телеарналардан кеңінен насихаттап, той иелерін қаржылай ынталандырса деген ой бар. Барша халықтың назары жақсы өткен тоймен оған мемлекет тарапынан берілген сыйақыны алуға талпыныс білдірген болар еді. Іссапармен Аспанасты елінде болған сапарымда бір ғана Үрімжі қаласында 162 телеарна халыққа қызмет көрсетіп, оның ішінде 5-і 24 сағат қазақ тілінде ақпарат бергеніне куә болдым. Сонда кешкі арналардан отбасылық құндылықтарды арт­тыруға бағытталған бағдар­ламада 105 жасқа келген қазақ әжесіне келіндік парызын көрсеткен қазақ отбасына қаржылай 7 мың доллар сыйақы беріп, қазақ деген ұлтта үлкенге құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан, соны бар­ша қытай елі өмірлік дәс­түрімізге айналдыруымыз шарт деп мемлекеттік деңгейде саясат жасап өзге ұлтқа өнеге етті. Қазіргі дамыған қазақ елінде қарт енесіне құрмет көрсетпейтін келіндер жоқ емес, көптеп кездеседі. Соларды көрсететін қоғамда көзі ашық, көңілі ояу жандар аз. Адам дүниетанымын қалып­тастырып, ата-бабадан бізге жеткен өсиетіне берік болып, дәстүрді білген, қолданған адам ата-бабаларымыз сияқты мағыналы өмір сүре алады. Адам тумысы­нан ақиқатты сүйіп, өмірден мән-мағына іздеген сайын оның жү­регіне кие қона береді. Шындықты өміріне серік еткен адам кие мен құдірет дарыған зиялы кісіге айналады. Салт-дәстүрді терең мең­герген тұлғаның тағы бір артық­шылығы бар. Оның бойында кез келген мәдени экспансияға қарсы тұратын рухани иммунитет қалыптасады. Еге­мен елімізде әртүрлі өркениет өкіл­дері бас қосқан жерлерде кімнің мәдени құндылығы күшті болса, соның ықпалы мықты болатынын Елбасымыздың қатысуымен өткен халықаралық іс-шараларда баршамыз куә болып жүрміз. Мақаламды қорытындылай келе, Төрегелді аға, Қуаныш аға айтқан құндылықтардың құлдырауына қарсы тұру керек­тігін, ал өскелең ұрпақты өмір сүріп отырған ортамыз тәр­­бие­лейтінін еске салғым келеді.

Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің  депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.