16 Қазан, 2015

Маңызды құжаттар жобасы мақұлданды

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
сыртқы істер министріКеше Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиында 22 мәселе күн тәртібіне шығарылып, бірқатар маңызды құжаттардың жобалары келісілді. Алқалы жиынды ашқан Қа­­зақ­стан Республикасының Сырт­­қы істер министрі Ерлан Ыды­­рысов Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген сөзінің маңыз­дылығына кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған көптеген түйткілдерді оңтайлы шешуде Қазақстан Президентінің талайға ой салған ұсыныстарының маңызы зор. Әсіресе, Елбасының БҰҰ құзыретін жаңаша құруға, сондай-ақ, әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты пікір­лерінің жөні бөлек. Жиын барысында ТМД Атқару комитетінің атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Достастыққа мүше мемлекеттердің өзара түсі­ніс­тікпен жұмыс істеу мақсатында көптеген мәселелерді бірлесе талқылауға мүдделілік танытып келе жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек, ол: «ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезек­ті отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Ол жал­пы уағдаластыққа сәйкес, 2016 жыл­дың 8 сәуірінде Мәскеуде өтеді», – деді. Өз кезегінде ТМД Ақпараттық кеңесінің басшысы, ТАСС агенттігінің бас директоры Сергей Михайлов 2016 жылы ТМД-ның ішкі туризмінің танымалдылығын арттыру қолға алынатынын айта келіп, «ТМД мемлекеттерінің гу­ма­нитарлық ықпалдастық қорының қолдауымен ақпарат агенттіктері өз күштерімен ішкі туризмнің ең әлеуетті бағдарлары бойынша журналистер мен фототілшілерге арнап пресс-тур өткізеді», – деді. Оның айтуынша, бұл мақсатта арнайы сайт ашылады. Онда xалық үшін ең көрікті туристік орындар, тариxи және қазіргі заманғы нысандар туралы қызықты материалдар топтастырылмақ. Басқосуда белгілі болғандай, ТМД Лаңкестікке қарсы күрес орта­лы­ғының басшысы, полиция генерал-полковнигі Ан­дрей Новиков өз қызметін одан әрі жалғастыра беретін болды. Нақтылай айтқанда, А. Но­ви­ковтың өкілеттілігі 2018 жыл­дың 31 желтоқсанына дейін ұзар­тылды. Алайда, бұл шешім Сырт­қы істер министрлерінің кеңе­сінде қабылданғанымен, ол ТМД Мемлекет басшыларының кеңе­сінде арнайы бекітілуі тиіс. Айта кетейік, полиция генерал-полковнигі Андрей Новиков ТМД Лаңкестікке қарсы күрес орта­лы­ғына 2006 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Сонымен, отырыс қоры­тын­дысы бойынша, сыртқы істер министрлері БҰҰ-ның құры­луы­ның 70 жылдығына байланысты ТМД мемлекет басшылары мәлімдемесінің, сондай-ақ, халық­аралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдеменің, ТМД мемлекет басшыларының Чернобыль АЭС-індегі апаттың орын алуына 30 жыл толуына қатысты үндеуі жобаларын мақұлдады. Сонымен қатар, ТМД-ның 25 жылдығы құрметіне орай, 2016-2017 жылдар аралығында ерекше аталып өтетін Іс-шаралар жос­пары қабылданды. Бұл жоспар бойынша, Достастық елдері жастарының халықаралық стратегиясын жүзеге асыру қолға алынбақ. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».