16 Қазан, 2015

Есеп комитетінің құзыры артады

189 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ТокаевСенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетек­шілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде он екі мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, жергілікті полиция қызметі, электр энергетикасы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, өзін өзі реттеу, қоғамдық кеңестер және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелеріне құрылған заң жобалары ұсынылды. Алдымен қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісімді ра­ти­фикациялау туралы» заң жоба­сы депутаттар тарапынан қол­дау тапты. Келісім мемлекеттік ше­кара ауданында өзара сенімді ны­ғайту, аумақ пен шекараға қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету, заңсыз әрекеттердің жолын ке­су сияқты өзекті мәселе­лерге жә­не ынтымақтастықты арт­тыруға бағытталған. Бұдан кейін депутаттар «Мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң жобасын тиісті ілеспе түзетулерімен қарап, қабылдады. Заң жобасымен халықаралық аудит қағидаттарын және Лима декларациясының талаптары мен халықаралық аудит стандарттарын қолдану көз­дел­ген. Тарқатып айтқанда, заң ере­­желері аудитті халықаралық стан­­дарттарға көшіруді қарас­ты­рады және қаржылық бақы­лаудың құқықтық қолдану тәжі­ри­­бесін ескере отырып, мемле­кет­тік аудиттің кешенді жүйесін құрады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, Есеп комитеті барлық мемлекеттік аудит органдарының сапасына бақылау жүргізуге құқылы. Аталған құзырлы органға, сонымен бірге, қаржы-экономика саласындағы ұлттық қауіпсіздікті анықтау, талдау, бағалау және болжау жөніндегі өкілеттіктер де берілетіні атап айтылды. Құжат мемлекеттік бюджет қаржысын пай­далану барысында әкімшілік құқық бұзушылық орын алған жағ­дайда мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау органдарына әре­кет ету саласына өкілеттіктер береді. Заң жобасында, сонымен қатар, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын жасау негізінде құрылатын мем­ле­кеттік аудит органдарының өза­ра іс-қимыл жасау мәселелері көрі­ніс тапқан. Және де кейіннен аттес­таттай отырып, мемлекеттік ауди­торларды сертификаттаудың тәуел­сіз, бірыңғай жүйесін енгізу де болжанғанын айта кету керек. Тексерулерді барынша азайту мақ­сатында бірыңғай дерекқор, тәуе­келдерді басқару жүйесін құру, аудиторлық есептерді, бақылау актілерін тану, ішкі аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкі­летті органның функцияларын шек­теу жөніндегі бірқатар тетіктер де заң жобасына енгізілген. Пала­та отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне жергілікті поли­ция қызметінің жұмысы мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, Мә­жі­ліске жіберілді. Сенат енгіз­ген түзетулер ауданның (қала, қала­дағы аудан) ішкі істер орган­дар­ындағы жергілікті полиция қызметінің бастығын тағайындау және қызметінен босату тәртібін анықтауға бағытталған. Елбасы жер­гілікті қоғамдастыққа есеп бере­тін жергілікті полиция қыз­метін құру керектігі туралы тап­сыр­ма бергені белгілі. Ал жергі­лікті полиция құру ішкі істер органын оңтайландыру жолымен жүзеге асады деп күтілуде. Оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы, өңірлік және табиғатты қорғау қызметкерлері және де әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау бөлімшелері бірік­тірілмек. Сөйтіп, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне құрылымды түрде енетін болады. Ішкі істер министрі Қал­мұ­хан­бет Қасымовтың айтуын­ша, енді жергілікті полиция қыз­ме­тінің басшыларын Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсы­нып, оған мәслихат депутаттары келісімін беруі тиіс. Сонымен қатар, жергілікті поли­ция қызметі басшысының жергі­лікті қауымдастыққа есептілігі де қарастырылыпты. Атап айт­қанда, жергілікті полиция қызме­ті­нің басшысы әкімдіктер мен мәс­лихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп бере­тін болады. Министрдің пайы­мынша, мұндай есептілік поли­ция қызметінің ашықтығын қам­тамасыз етеді. Бұдан бөлек, заң жобасымен жергілікті полиция қызметіне шағымдарды қарау бойынша Қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейту шаралары да көзделген. Осылайша, жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы органға есептілігі мен Қоғамдық кеңестердің жұмысы полиция қызметінің ашықтығын, сонымен де азаматтардың сенімділік деңгейін арттыруға септігін тигізуі тиіс делінуде. Сенаторлар министрге сұрақ­тарын қойып, өз ойларын ортаға сал­ды. Мәселен, сенатор Мұрат Бақ­тиярұлы жол және патрульдік полицияларды біріктіру арқылы әмбебап полиция өмірге келгенін, әйтсе де солардың біразы жол бойына ғана шыққанды жөн көретін сияқты екенін көлденең тартты. Депутаттың пікірінше, оларды бейнебақылау камераларымен «алмастыру» қажет. Оның сөзі­не қарағанда, БҰҰ-ның был­тырғы жүргізген зерттеуі нәти­же­сінде көптеген елдерде 100 мың адамға 100 полиция қыз­мет­керінен келетіні анықталған. Ал Қа­зақстанда бұл көрсеткіш 600-ге жуықтайтын көрінеді. Қ.Қасымов сұраққа орай жауа­бында бұл мәселе кешенді түрде шешіліп жатқанын алға тартты. Министрдің сөзінше, белгілі бір адамдар санына шаққанда полиция қызметкерлерінің арақатынас саны қанша болуы керектігін белгілеу оңай мәселе емес көрінеді. «Мәселен, АҚШ шерифтерінің са­ны айтарлықтай болғанымен, олар полиция қызметкері ретінде саналмайды. Екіншіден, мұндай зерттеуде ешкім де Қазақстанның аумағы үлкен екенін есепке алып жатқан жоқ... Сондықтан да, біз жергілікті полиция қызметкерлерінің санын белгілеу мәселесін сол жердің әкімдерінің құзырына қалдырамыз. Олар осы мәселені біздің алдымызға қойып та жүр», – деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы. Сондай-ақ, министр алдағы уақытта мүмкіндігінше полиция қызметкерлерінің орнын біртіндеп бейнебақылау камералары басатынын жеткізді. Осыған орай, ол ойын былайша түйіндеді: «Әрине, бәрін санға тіреп ештеңе шеше алмасымыз анық. Сондықтан да, қазіргі күні қай жерде қызметкерді техникамен ауыстыруға мүмкіндік болса, ол орындалып жатыр. Алай­да, техникалар болмаған орын­дарда полициялар жүруге мәж­бүр. Дегенмен, бұл мәселе кешенді түрде шешілетін болады». «Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік туралы» заң жобасы мен оның тиісті ілеспе түзетулері де қа­былданды. Заңдық құжат әріп­тестіктің қатысушылар аясын кеңейтуді және қолданылу сала­ларын реттеуді көздейді. Және де мемлекеттік-жекешелік әріптес­тіктің келісімшарттық нысан­дарын кеңейту, институттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелерін реттеу шараларын да қамтиды. Заңдық құжатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарт­тары­ның құрылымын белгі­леу, жеке қар­жы­лық баста­маны енгізу, мемле­кеттік-же­ке­шелік әріптестік жоба­ларына ква­зи­мем­лекеттік сектор субъек­тілерінің қатысу нысанын айқын­дау ұсы­нылатынын айта кету керек. Кешегі отырыста «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы да тиісті түзетулерімен сенаторлар қол­дауына ие болды. Елбасы тапсырмасына орай әзірленген заң жо­басы Қоғамдық кеңестердің мәр­те­бесі мен өкілеттігін бекітіп, мем­лекеттік шешімдердің қабыл­дану ашықтығын арттырады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­ты­рулар енгізу туралы» заң жоба­сы екі оқылымда қаралып, қабыл­данды. Ал «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданса, «Өзін өзі реттеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе жоба екі оқылымда мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».