Белоруссияда үлкен екі оқиға болды: біріншісі – Александр Лукашенко бесінші рет ел президенті болып сайланды, екіншісі – беларус жазушысы Светлана Алексиевичке әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілді.
Жұрт бұл екі оқиға жөнінде де хабардар. Лукашенконың қанша дауыс алғаны, қарсыластары кім болғаны көп айтылды да, көп жазылды. Ал Алексиевичтің халықаралық ең үлкен сыйлыққа ие болуы көп адам күтпеген жай. Мұны беларус халқы үшін ұлы жаңалық десе де артық емес. Мұндай марапат көп халықтың пешенесіне жазыла бермейді.
Біздің бүгінгі айтпағымыз осы бір айтулы оқиғаларға әлем жұртшылығының пікірінің қалай болғаны жайында. Атап өтетін жай, пікірлер көп айтылды және бір-біріне кереғарлығы да көп болды. Президент сайлауына байланысты, Белоруссия басшысына қатысты болған соң да солай болуы заңды көрінер, ал Алексиевичтің сыйлығына байланысты пікірлердің әртүрлілігі талай адамды таңдандырғаны анық.
Александр Лукашенконың қайта сайланатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Тіпті оның оппоненттерінің де күмәні болған жоқ. Рас, олардың біразы оны сайлаудағы, дауыс берудегі бұрмалаушылыққа апарып тірейтіні бар. Бірақ оны негізді деу де қиын. Дәл қазіргі жағдайда бұл елде Лукашенкомен бедел жарыстыратын тұлғаның жоқтығы да даусыз. Сайлаудың барысына, Лукашенконың өзіне қарсы пікір айтатын, сынайтын басты да тәжірибелі оппозиционерлер Анатолий Лебедько мен Сергей Калякин сайлауда бәсеке көрсетпек түгілі үміткерлердің бәріне қойылатын шарт – 100 мың қол жинауға шамалары жетпеді. Бұл жерде басқаларға өкпелеудің жөні жоқ.
Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бүгінгі күні Александр Лукашенко – Белоруссия дейтін ел халқының таңдауы. Иә, ол қайшылығы мол қайраткер. «Еуропадағы соңғы диктатор» деген сипаттаманы да жамылып жүрген адам. Көп жұртқа ұнамайтын пікірлерді де айта салады. Бірде Ресейді құшағымыз ажырамас дос елміз десе, бірде авиабаза саламыз дегеніңді қой, басынба деп оның басшысын өкпелете салады. Содан да президент Владимир Путин оны президент болғанымен құттықтамады. Ал Қазақстан мен Украина президенттерінен құттықтау алған Лукашенко ағасына өкпелеуі де заңды. Белоруссиядағы сайлау жанжалсыз өткеніне қуана отырып, АҚШ мемдепартаменті сайлау бұл елдің халықаралық міндеттемелеріне жетпей жатқанын айтты. Ал ЕҚЫҰ-ның демократия және адам құқы жөніндегі бюросы сайлау демократиялық стандарттарға сай емес деген қорытынды жасады. Мұның бәрі Лукашенкоға қарата айтылған пікірлер. Ал халық сол адамға тоқтап отыр. Халықтың пікірі – басты пікір, оны мойындаған жөн.
Белгілі беларус жазушысы, журналист Виктор Мартинович Светлана Алексиевичке Нобель сыйлығының берілуіне байланысты былай деді: «Ол Александр Лукашенкоға қарағанда әлемде көбірек белгілі. Оның сөзі Лукашенконың сөзінен мәнділеу, өйткені, өз сөзі үшін Нобель сыйлығын алды». Әрине, қисын әлсіздеу. Екі бөлек дүниені салыстырмас болар. Алексиевич саясаткер емес, Лукашенко жазушы емес. Осындай қисынсыз пікірлер Ресей ақпарат құралдарында да айтылып жатыр. Онда, керісінше, Алексиевич сыйлыққа лайықты емес дегенді айтады. Орыстарды сынағаны үшін берді дейді.
Алексиевич – кеңестік дәуірден белгілі, әлем мойындаған жазушы. Кеңестік жүйе дәуірлеп тұрғанда да, соған қарсы сөз айта алған қайраткер. «Соғыстың ұсқыны әйелдердікіндей емес», «Мырышпен қапталған балалар», «Чернобыль мінәжаты» – қаны ағылған шындықты көрсеткен шығармалар. Сол шығармалардың еленгені – әділетті баға, халық қуанышы.
Халық қолдаған, халық мақтаныш ететін тұлғалардың бәрі мықты.
АҚШ: үміткерлер шеруі
Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауына әлі бір жылдан аса уақыт бар.
Бірақ сайлауалды науқан қызып тұр. Сәрсенбіге қараған түнде Лас-Вегас қаласында демократтардың алғашқы телепікір сайысы өтті.
Бұларда президенттікке кандидат алдымен өз партиясының ішінде жеңіске жетуі керек. Ол да үлкен күрес. Басқалардан артықшылығын дәлелдеу үшін пікір сайысына түседі. Невада штатындағы құмаройын орталығы Лас-Вегастағы сол сайыста бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон өз бәсекелестерінен көш биік тұрғанын көрсетті.
Әдетте телепікір сайысында үміткерлер өз бағдарламалық бағыттарын баяндайды. Соған орай, жұртшылық өкілдері үміткерлерге өз ықыластарын білдіреді. Бұл жерде бағдарламада көтерілген мәселелердің мәні ғана емес, соны жұртқа қалай жеткізе алу қабілеті де ескеріледі.
Сайысқа түскен демократтардың әлеуметтік мәселедегі бағдарламалары бір-бірінен онша алшақ емес. Клинтонның басты мақсаты халықтың табысын көбейту екен. Ал оның басты бәсекелесі саналатын «демократиялық социалист» Берни Сандерс орта таптың жағдайын нашарлатқаны үшін «казино-капиталистерді» айыптады. Бұрынғы губернаторлар Линкольн Чэфи мен Мартин О`Мэлли, сондай-ақ, бұрынғы сенатор Джон Уэбб кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықты жоюды басты мақсат етпек.
Ал сыртқы саясатта үміткерлер айрықша назар аудармақ мәселелер әртүрлі. Клинтонның пікірінше, АҚШ қауіпсіздігіне басты қауіп – атом қаруының таралуы мен ядролық заттардың экстремистердің қолына түсіп кетуі. О`Мэлли мен Чэфиді алдымен Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісі алаңдатады екен. Сандерс климаттың өзгеруін басты қауіп санайды.
Демократтардың Ресейге, оның басшысы Путинге, олардың Таяу Шығысқа қатысты саясатына пікірлері әртүрлі болды. Бұл тақырыпты қазір ешкім де айналып өте алмайды. Хиллари Клинтон «Путиннің қорқытуына» қарсы қатал шара қолдану қажеттігін айтты. Бұл ретте ол Сирия үстінен ұшақ ұшырмау аймағын құруды қолдамақ. Бұл Ресейдің қазіргі әрекетін тежейді. Ал оған Ресей көнбесе не болмақ? Басқа үміткерлер мұндай қадамнан сақтандырады. Бұл ретте Сандерстің пікірі жұрт назарын аударғандай. Оның пікірінше, Путин қазір Сириядағы әрекеттеріне өкінеді. Сондықтан, оның бұл жағдайдан шығуына көмектескен жөн көрінеді. Әрине, әркімнің өз пікірі бар.
Дәстүр бойынша телепікір сайысынан кейін оған қатысушылардың рейтингі жарияланады. Клинтонның рейтингі 45 пайыз болса, оның негізгі бәсекелесі Сандерстікі 24 пайыз. Әлі демократтар үміткерлер қатарына қазіргі вице-президент Джо Байденді қосуы мүмкін. Ол жайында да респонденттердің пікірі сұралады. Оның рейтингі 8 пайыз болып отыр. Сірә, оның беделі Клинтоннан аса қоймас. Сондықтан, сайлауға түсуі неғайбыл.