27 Шілде, 2010

ҚҰЛШЫНЫС

785 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дауылбай Құсайыновтың уақыты қалт еткенде сайлаушылармен кездесуге асығатын әдетін жақсы білеміз. Осы жолы да парламентшілер каникулға шыққан бетте Астанадан ел ішіне дереу аттанған сапары өзі сайланған аймақтың Осакаров ауданынан басталып, Жаңаарқа, Бұқар жырау өңірлерінде жалғасқан. Депутаттыққа дейін де бүкіл іс-қызметі қалың қауыммен қайнасты, мұқтаж-мүдделерін қолдап-қорғауға қатысты болған азаматтың сол ортаға етене жақындығы байқалды. Бұл жүздесулерден көңілге не түйілді? Осы жөнінде ой бөлісуді өтінген едік. – Дауылбай Мей­рам­ұлы, өзіңіз ұзақ жыл аудан әкімі міндетін ат­қарған кезіңізден ел іші жағдайына жақсы қа­нық­сыз. Дегенмен, қазір бұрынғыдай күнбе-күн бел ор­та­сында жүрген жоқсыз. Сондықтан он­дағы өзгеріс-жаңалық­тар­дың өзіндік ерекше­лік­терін бірден аң­дайтын шығарсыз. – Шынында солай. Бұған дейін тікелей ара­ласып, көріп жүретін­дік­тен көзге үйреншікті болып кет­кен­діктен бе оншалықты көңіл ауда­­рыл­майтын. Енді айналадағы­ның бәрі өзгеше құбы­лыс­тай көрінеді. Мұны әсіресе, Жа­ңа­арқа ауданына келген сайын сезі­не­мін. Арада өткен екі-үш айдай уақыт­тың өзінде әрдайым елең етер­лік жаңалықтар толы болып жатады. Нақты бір мысал. Былтыр аудан­ның 80 жылдығына орай бел­гілен­ген 8 игі іс-шара сәтті орын­далса, биыл оның аясы одан да ке­ңейген. Атап айтқанда, Ата Заңы­мыз­дың 15 жылдығына орай ат­қа­рылатыны 20-ға ұласыпты. Өңір әлеуетінің қалай өсіп келе жат­қан­дығын, даму мен өркендеуге деген құлшыныстың қандайлық екенін осыдан-ақ бағамдауға болады. Солардың біразымен көзбе-көз танысып, аралап көрдім. Осының алдында жол түскенде іргетасы қалану үстіндегі 16 пәтерлі екі қа­бат­ты тұрғын үйдің құрылысы аяқ­талып қалыпты. Жалпы, бұл жақта мемлекет көмегінен тысқары әр­кім­нің өз күшімен жеке баспаналы болуға ұмтылысы жұрттың жай-күйін аңғартарлықтай. Талдау , зерт­теу арқылы соны зерделей біл­ген аудандық әкімдіктің Сарысу көшесі бойынан үй салушыларға жер бөлуі, оған инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылым жасап жатуы тұрғындармен қатар бізге де қуанышты хабар болды. “Жалын” жаңа кенішінен көмір өндіріле бастауы, құс фабрикасы­ның, бензин шығаратын, мұнай өңдеу зауыты құрылыстарының қол­ға алынуы аудан келешегіне үмітті үлкейте түсіпті. Әр сапарым­дағыдай, елді мекендерді аралаға­ным­да басты назар “Жол картасы” бағдарламасы шеңбе­рін­де атқарылу үстіндегі жұ­мыстарға аударылды. Байдалы би, Бидайық ауыл­да­рын­да­ғы мек­теп­те­гі, медициналық пункт­­тегі жөндеу істе­ріне негізінен жергілікті жастардың тартылуына, өздері айтқандай риза­лық­тары зор екен. Со­лардың бірі – Ыбрахым Оспанов деген азамат­тың аталған шара арқа­сында ауылдарының шы­райы кіріп қалғанын, жаз бойы бос сенделіп жүретін за­ман­дас­та­ры­на пайдалы іс табылға­нын, осы бағдарламаның алдағы уақытта жал­ғаса беруін көпшілік колдап, Пар­ламентке жеткізуге өтінгенін атап кеткім келіп отыр. Жаңаарқадағы жарқын істер жаңғырығы жан-жаққа жайылып, үлгіге айналуы Бұқар жырау ауда­нынан көрінді. Жалпы байқасаныз, өңірлерде бүгінде іштей тамаша бір бәсекелестік бар сияқты. Көшелер­ді, аулаларды абаттандыру, кент, ауыл ажарын ашу, жұртқа меди­ци­налық, мәдени қызмет көрсету түр­лерін жетілдіру, әлеуметтік қолдауды көтеру бағытында көштен озуға ұмтылыс жарасты үрдіске қалып­та­сып барады екен. Ботақара кенті­нен Баянауыл, Қарқаралыға қарай айналым беткейінен төмен мөл­діреген “Каскад” су құламасы кеш­кілік жастар сүйсіне демалатын орын болыпты. Ал бұл тұс былтыр тасы табан тескен жер еді. Ғабиден Мұс­тафин атындағы кенттегі “Өмір” мейірімділік үйіне күтімге алынған қарт сайлаушылармен кездесудің соңы осында жаңа балалар кітапханасы ашылуына қа­тысумен орайлас келді. Олар біреуі сырқаулы, біреуі жалғызілікті өз­деріндей жандарға мемлекет тара­пынан көрсетіліп жатқан қамқор­лық үшін Елбасыға ақ алғыстарын айтты. Ел іші өмірінің жарқын көрі­нісіне Нұра ауданындағы Щерба­ков, Изенді ауылдары бейнесінен де куәгер болдық. Біздің алдымыз­да жергілікті тұрғындарға жасалған әлеуметтік-тұрмыстық шаралар ша­рапатын көруге, игілікті істерді үй­ре­нуге келген аудан басшылары, шаруашылықтар жетекшілері кө­ңіл­деріне көп жайды түйіп қайтты деп ойлаймыз. – Дәуке, енді әңгіме кезегінде сайлаушылармен кездесулерде көте­ріл­ген мәселелерге тоқталсаңыз. Жұрт­ты не толғандыратыны бай­қалды? – Жасыратыны жоқ, бұрында­ры сөз әкімдерге, мекемелер бас­шы­ларына шағым айтудан, күнде­лікті тұрмыстағы кемістіктерге өкпе-реніш білдіруден, әркімнің жеке жай-күйін күйттеуден баста­ла­тын. Бүгінде ондай салғыласу сирек. Азаматтар мәдениеттілігі, ой-толғамы, көзқарасы өскен. Тағы бір қуантарлығы, Парламент жұ­мысы қалай жүріп отырғандығын біразы жақсы біледі. Бірінші кезек­те талқылануға тиісті заң жобалары дайындалуына ой салады. Мәселен, Жаңаарқа ауданы аумағында кейін­гі кезде бірнеше кеніштер ашылған. Әрине, өңірлік экономика дамуына өте үлкен сеп. Алайда, тұрғылықты халықтың алаңдаушылығын туғыз­ған жағы да бар. Ежелден мал өсі­ру­ге жаратылғандай аймақ ажары тозып, жүдеу үстінде екені маза­лай­ды. Марганец пен көмір шығарыла бастаған Қызылжар стансасы және Ералиев селолық округіндегі бұ­рынғы шөбі шүйгін, суы мол шұ­райлы жерлер қазір шаң-тозаңға батқан. Кенді қоршаған ортаға за­ла­лы тимес­тей етіп алуға көңіл бөлінбеуде. Мұндай әрекеттер бас­қа өңірлерде де кездеседі. Заң ар­қы­лы шектеу қойыл­маса, тоқтау бол­майтындығы түсінік­ті. Жаңаарқа­лық­­тардың осы орайдағы ой-ұсыныстарын әріптестерім алдын­да көтермекпін. Сайлаушылармен ашық әңгіме­лесу, пікір алысуларда аңғарыл­ған­дай денсаулық саласында енгізіліп жатқан жаңа реформа төңірегінде жеті рет өлшеніп , бір рет пішілетін жайдың бірі – ауылдық ауруха­налар келешегі. Талапқа сәйкес сыр­­қат қай ауруханада ем қабыл­даса, қаражат соған аударылады. Ал науқастың бәрі қала жақты қалап кетсе, ауылдағы ауруханалар жабы­луы мүмкін, бұл медициналық қыз­меткерлердің жұмыссыз қалуына соқтырады. Сондықтан жергілікті дә­рігерлердің өз мүдделері қорға­луы туралы тілектері түсіністікпен қабылданды. Елді мекендердің ауыз сумен қамтамасыз етілу жайы, әсіресе, көп козғалған әңгіме болды. Бұл бағ­дарлама кейбір жерлерде тия­нақ­ты орындалмағаны айтылды. Жұм­салған қаржының қайтарымы осы салада жекеменшік құрылым­дар құру арқылы алынса деген пі­кір­лер құлақ түрдірді. Аталған мә­се­ле жөнінде “Ботақара су қожа­лығы” ҚМК ұжымы мүшелерінің ортаға салған келелі кеңес-ұсы­ныстары депутаттық іс-жоспарыма ой толықтырды. Ел ішіне бұл жолғы жұмыс сапарымнан көкейге түйгенім көп. Сайлаушылар үнін Парламент қабырғасында естіртуге дайынмын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы.