27 Шілде, 2010

Электр қуатының бірыңғай тарифі белгіленді

915 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде “KEGOC” АҚ жүйелері бойынша электр энергиясын таратудың бірыңғай тарифі енгізілетін болады. Тұтынушының қай жерде тұратындығына және Ұлттық электр жүйесіне қосылу қашықтығына қарамастан, электр қуатын тарату тарифі қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) бірыңғай электр энергиясының 1 кВт/сағатына 0,94 теңге болып белгіленді. Бұл туралы кеше Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында агенттік төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді. “KEGOC” АҚ жүйелері бойын­ша электр энергиясын таратуға бірыңғай тарифтің енгізілуі Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында тұтынушылардың электр қуатына төлейтін тарифін 06-дан 3,2 пайызға дейін арзан­да­ту­ға мүмкіндік берді. Бұған дейін бұл өңірлерде еліміз бойынша элек­тр қуатының ең жоғары тарифі қолданылып келген болатын. Бү­гін­гі таңда энергия үнемдеу және энергия қуатының тиімділігін арт­тыру Мемлекет басшысының күн тәртібіне қойып отырған басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан Үкімет тапсырмасымен агенттік энергия үнемдеу жөніндегі шараға белсене қатысып келеді. Өт­кен жылдың 1 қаңтарында елі­міз­дің “Электр энергетикасы ту­ра­лы” заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес электр энергиясын сатып алатын барлық тұтынушылар элек­тр қуаты үшін тәулік аймақтары бойынша сараланған тарифтер арқылы ақы төлеп келген. Мұндай тариф қолдану тәсілі өңірлерде элек­тр энергиясын ұтымды пайда­ла­нуға және тұтынушылардың қаражаттарын едәуір үнемдеуге мүм­кіндік берді. Енді еліміздің барлық өңірлерінде  бірыңғай та­риф жүйесінің енгізілуіне байла­ныс­ты тұтынушылардың электр қуаты үшін төлейтін төлемдері тағы да төмендейтін болды. Атап айтқанда, Алматы қаласы­ның және Алматы облысының “Алматыэнергосбыт” ЖШС қызмет көрсететін аймақтарында 1 кВт/сағат энергия қуатының тарифі ҚҚС-ны есептемегенде 10,1 теңге болып, 0,6 пайызға төмендеді. Бұл өңірлердің тұтынушылары электр қуатын белгіленген межеден асырып пайдаланған жағдайда 1 кВт/сағатқа 13,57 теңге төлейді. Алма­ты қаласында аймақтық тариф 0,6 пайыз төмендеді. Сөйтіп, тамыз айынан бастап қалада нақты тұл­ға­лар үшін күндіз тұтынатын электр қуатының 1 кВт/сағаты ҚҚС-ны қоса есептегенде 14,53 теңге, ал түн­гі мерзімде 3,21 теңге болып бел­гіленді. Заңды тұлғалар үшін Алматы қаласында күндізгі тариф 11,31 теңге, түнгі тариф, 3,21 теңге болмақ. “ЖетісуЭнерготрейд” ЖШС қызмет көрсететін Алматы об­лысының аймағында электр қуатының тарифі 0,17-ден 1,6  пайыз­ға дейін төмендеп, ҚҚС-ны қоспағанда 10,75 теңге болып белгіленді. Қостанай облысы бойынша “КостанайскийЭнергоЦентр” ЖШС қызмет көрсететін аймақ­тар­да, яғни Қостанай қаласы мен 16 ауданда электр энергиясының тарифі 2,6 пайызға төмендеп, ҚҚС-ны қоспағанда 9,98 теңге болып белгіленді. Сол сияқты сараланған тариф деңгейі де 1-3,6 пайызға тө­мендеді. Ал Лисаков, Рудный, Же­ті­қара қалаларында тиісінше тариф орта есеппен 3,4, 2,8 және 3,2 пайызға төмендейді. Сонымен бірге “Астанаэнер­го­сбыт” ЖШС-ның электр энер­гия­сын өндіру көлемін арттыруына, шығындарды оңтайландыруына байланысты электр қуатының ор­та­ша тарифі 5,24 пайызға төмен­деді. Енді астаналықтар электр қуатының кВт/сағатына ҚҚС-ны қоспағанда 7,41 теңге төлейтін бо­лады. Тамыз айына дейін бұл көр­сеткіш 7,96 теңге деңгейінде болып келген. Сөйтіп, тамыз айынан бастап электр пештерін пайдала­на­тын нақты тұтынушылар электр қуатының кВт/сағатына ҚҚС-ты қоса есептегенде 6,84 теңге төлей­тін болады. Бұл ретте 1 адамға бел­гіленген норма айына 90 кВт/са­ғаттан айналады. Ал электр пеш­те­рін пайдаланбайтын тұтынушы­лар­дың электр қуатына төлейтін та­рифі 15,3 пайызға төмендеп, 6,96 теңгені құрайды. Бұл ретте 1 адамға белгіленген норма айына 70 кВт/сағаттан айналады. Белгіленген нор­мадан артық пайдаланылған әрбір кВт/сағат электр қуаты үшін тариф 9,96 теңге болып белгіленді. Нақты тұлғалар үшін түнгі мерзім­дегі кВт/сағат электр қуатының тарифі 2,26 теңге болса, заңды тұл­ғалар үшін 8,3 теңге болмақ. Нақты мысал келтіретін болсақ, Астана қаласындағы газбен жабдықталған үйде тұратын үш адамнан құралған отбасы айына 210 кВт/сағат электр қуа­тын пайдаланған кезде айына 265 теңге үнемдейтін болады. Еліміз бойынша өңірлерде электр энергиясына сараланған та­рифтер белгіленген 2008 жылдан бері электр қуатын тұтынатын жеке және заңды тұлғалар жылына 1,1 миллиард теңге қаржы үнемдеген. Сонымен бірге тұтыну көлемін тө­мендетуге, электр қуаты көп тұ­ты­нылатын уақыттарды оңтайландыру нәтижесінде біршама үнемшілдікке қол жеткізілді. Осы мерзім ішінде электр энергиясын тұтыну көлемін төмендетуге байла­ныс­ты электр қуа­тын өндіретін ны­сандар 20-30 мың тонна немесе 500 вагон көмір үнемдеді. Өз кезегінде бұл ауаны лас­тайтын зиянды заттар­дың азаюы­на жағдай жасады. Жылқыбай  ЖАҒЫПАРҰЛЫ.