16 Қазан, 2015

Әлеуметтік жағдай жасалса ауылдың ажары ашылады

388 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_0312-0Алтынсарин ауданы табиғат­тың тамылжыған ортасында тұр. Айнала ақ қайың мен қарағай, күре жолдың бойынан өткен жолау­шыны «Шіркін осындай жәннат жерде тұрған адамда ар­ман бар ма?» дегізеді. Бірақ ауылда тіршілікке ең қажетті ауыз су мен жол болмаса, адамдар та­биғаттың сондай көркін де байқамайтындай қалыпқа келеді екен. Атақты «Сосновый бор» са­наториі орналасқан бұл өңірде жер астында минералды су қоры мол болғандықтан, ол кәдімгі ауыз суға жарамды емес, тұщы құдық жоқ. Сондықтан ауыз суды сырттан тартуы тиіс. Батырбек Ахметов осы ауданға 2010 жылы әкім болып келгенде алдымен ауыз су мәселесіне көңіл бөлді. – Ауылда да, қалада да алдымен адам тіршілігіне қажет ауыз су болып табылады. Сапалы ауыз су болмай, адамдардың ден­­­­сау­лығы туралы да сөз қоз­­ғау артықтау. Сондықтан мем­­­ле­кетіміздің ауылға зор қамқор­лықпен жүргізіп отырған «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға талпыныс жасадық. Бұл зор мүмкіндік, – дейді Батырбек Мықансалықұлы. Расында, осы аудандағы қай елді мекен болса да ауыз судан қаңсып отыратын. Большой Чураков деген үлкен ауылға ауыз су екі жылда жеткізілді. Ауыл­дағылардың балаша қуанғанын көрсең. Ауылдарды айтпағанның өзінде, аудан орталығы Обаған селосында да ауыз су болмайтын. Қазір бұл жерде де тәулік бойы су шүмектен ағып тұр. Малый Чураков мен Силантьев елді мекендеріне ауыз судың жеткізілгені ауылдан кетуге жи­налып, қопаңдап отырған жұрт­ты қайта ойландырды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бұрынғы су құбырларын жаң­ғырту жұмыстары жүр­гізілу­де. Осындай жұмыстар арқа­сында Щербаков селосына жақында ауыз су жеткізілмек. – Бұрын, сонау қиын жылда­ры ауылдың жүгі неге ауды? Әлеу­­­меттік жағдай жасалса ауыл­дағылар туған жерден қайда кетпек? Қазір аудандағы ауыз су мен газ жеткізілген ауылдарда тұр­ғындар қаладағыдай тұра бастады. От жақпайды, су тасымайды, үйдің іші тап-таза, барлығы үйдің ішінде. Адамға қалада да, да­ла­да да осыдан артық не керек? – дейді аудан әкімі Батырбек Ах­метов. Алтынсарин облыс орталы­ғына жақын ауданның бірі бол­ғанымен, мұнда не ауыз су, не газ жоқ, жолдар да тозып біткен болатын. Бәкең осы ауданға кел­гелі Щербаков, Красный Кардон және Малый Чураков деген ірі селоларына көгілдір отын жет­кізілді. Биыл қаңтар айында крас­­ный­кардондықтар алғаш рет көгілдір отынды пайдалана бас­тады. – Жыл сайын 15 текше метр отын алатын едік. Түннен тұрып от жағу, күл алу деген әйелді жүн­­жітетіні рас. Енді, міне, бір күннің ішінде үйіміз хан сара­йындай өзгеріп сала берді, 25 жыл от жаққан бейнетімді бір күнде ұмытқандаймын. Әрине, мұның барлығы да Елбасымыздың сая­сатының арқасы екенін түсі­неміз. Ал соны жүзеге асыру үшін көп жұмыстар атқарып отыр­ған аудан әкімі Батырбек Мықансалқұлына рахметімді айтамын, – деп ағынан жарылған еді үйіне газ жеткен күні Красный Кардон ауылының тұрғыны Мусфира Пименова. Жасыратыны жоқ, облыстың өзге аудандарында ауыл, аудан ішіндегі жолдардың жөнделіп жат­қаны шамалы, айтарлықтай жұмыстарды ешкім көріп отыр­ған жоқ. Алтынсарин ауданын­да үлкен даңғыл жолдан Маяков­с­кий, Алексеев ауылдарына дейін баратын жолдар орта жөн­деуден өткізілді. Аудандағы «Зуев – Танабай – Воробьев» жолына тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Со­ны­мен қатар, ауданда бірінші рет Силантьев және Большой Чураков елді мекендері ішіндегі көшелерге тас төселіп, жөнделді. Ауыл үшін әлеуметтік мәселе ылғи да алдыңғы орында тұрады. Батырбек Мықансалықұлы елі­міздің экономикасы ілкім­ділік­­пен дамып отырған бүгін­де ауылға өгей баланың күйін кештіруге болмайтынын және оның жағдайын барынша қала­ға жақындатуды ойлайды. Әлеу­меттік жағдай сайраған тіл­мен келмейді, оған мол қаржы, жұмыс керек. Мемлекет ондай қаржыны беріп те отыр, түрлі бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Ал істің ора­йын келтіру әкімдерге көп байланысты. Бәкеңнің бұл орайда тәжірибесі жетеді. Мысалы, қазір ауылдық жерде мектеп пен балабақша негізгі тірек де­се болады. Шүкіршілік, ауылда бала туу көрсеткіші жоғары­­лап, бақшаларға сұраныс да арт­қан. Соңғы бес жылда аудан­да үш балабақша ашылды. Екі мек­­теп республикалық бюджет қаржысына күрделі жөндеу жұмыс­тарынан өтті. – Өзге мектептердің ағымдағы жөндеу жұмысына бюджеттен қаржы күтіп отыра берсек, олар жыл сайын тоза береді ғой. Балаларға білім беретін қа­сиет­ті орынға жүрдім-бардым қара­сақ, болашаққа не айтамыз. Аудандағы кәсіпкерлер мен ша­руа­шылық жетекшілерінің басын қосып жіберіп, осы мәселені түсіндіргенмін. Олардың қол­дауымен жиналған қаржыға Приозерный, Лермонтов, Щер­баков, Зуев ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеуден еш кем түспейтін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік, – дейді Б. Ахметов. Бәкең мұнан бұрын Жангелдин ауданын басқарған кезде де атқар­ған әлеуметтік жұмыстардың рах­атын шалғайдағы ауылдар әлі көріп отыр. «Батырбектің жа­сап кеткені» дейді. Ахмет Бай­тұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөл ауылы облыс орта­лығынан 700 шақырымдай жерде жатыр. Қостанайдан шыққан жолаушы 10 сағат жүріп жетеді. Сол шалғайдағы қатар жатқан Ақкөл мен Қарасу ауылына екі мектеп, сол ауылдардың маңайындағы Милісайға тағы бір мектеп салып берген еді. Бүгінде балалардың рахатына қызмет етіп тұр. Ақкөл мен Қарасуға ауыз су тартып берген де Бәкең болатын. – Қала халқының көбейіп, ауыл­дардың облыс картасынан сызылуы, тұрғындарының азаю үдерісі әлі тоқтамай отыр. Ал сіздің ауылда барынша әлеуметтік жағдайды оңалту керек деп шырылдайтын көзқарасыңыз уақыт талабына сай ма? – деп әкімді шамырқандырып алдық. – Ауыл туралы осындай көз­қарасты мен әу бастан қол­да­маймын. Өзіміз ауылдан шықтық. Қазақ ауылы өмір сүруі тиіс! Біз ата кәсібімізді тастамай, қайта оны жаңғырта дамытуымыз қа­жет. Біз сонда ғана дәстүрімізді, тілімізді берік сақтап, ұлт ретінде күшейе түсеміз. Қазір ауылда мал бағып отырған жігіттер ешкімнен кем емес. Мемлекеттің өзі соған жағдай жасап отыр. Тек қимылда, ерінбе. Мысалы, біздің ауданда орта және шағын бизнесті дамыту аясында «Сыбаға» бағ­дар­ламасымен 5 кісіге несие бе­ріліп, олар 165 бас ірі қара мал алды. Шаруа қожалықтарына, серік­тестіктерге де мал алуға қол­қабыс көрсетіп отырмыз. «Ал­тын асық» бағдарламасы бойын­ша «Хамит М.М.» шаруа қожалығы 232 қой-ешкі алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 адам 108 жылқы алып өсіре бастады. Мұның барлығы да бағ­дарлама бойынша жасаған жос­парымыздан әлдеқайда көп. Ештеңе жасалмай судағы қалт­қыдай жүре берсек, әрине жұрт ауылдан кетеді, – дейді Бәкең. Ауданда бюджет қаржысын игеру, бюджет табыспен толық­ты­рылмаса, әлеуметтік мәселе қайдан шешімін тапсын? Сол үшін аудан шаруашылығын ақсатпауға тырысады. Соңғы жылдары аудан өңірінде орналасқан «Сос­новый бор» санаториінің жанынан «MVS» атты серіктестік «ARTEZA» деген маркамен шөлмекке ауыз су құятын цех ашты. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша инвестициялық жобаларды белсене жүзеге асырады. Өңірдің индустриялық картасы шеңберінде 2011-2015 жылдарға арналған ірі екі жоба жүзеге асырылды. 500 аналық ірі қара мал және 1000 ірі қараға ар­налған бордақылау алаңы іске қосылды. Қазір «Обаған құс» шаруашылығының, яғни Силантьев селосында тәулігіне 1 миллион жұмыртқа беретін құс фабрикасының құрылысы қызу жүріп жатыр, оның бір бөлігі дайын тұр. Индустрия картасынан тыс инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. 500 жыл­қыға арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар, Осипов селосында 200 басқа арналған сауынды сүт фермасы, Обаған селосында тәулігіне 3000 литр сүт өңдейтін цех құрылысы жүргізілуде. 9 ай ішінде инвестициялық негізгі қаржы 2 миллиард теңгеге жуық­таған, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 194 миллион теңгеге көп екен. Ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнесті дамытуға да жағдай жасап отыр. Ауданда жұ­мыссыздықтың – 0,4, ал ке­дейлік шегінің 0,1 па­йыз болып төмендегені де осындай жұмыстардың арқасы екені сөзсіз. Айтпақшы, Алтынсарин ауданында ішкі туризмді дамытуға да талпыныс бар. Бұл өңір ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен қазақ ақын қыздарының кө­шін бастаған Мәриям Хакім­жа­нованың кіндік қаны тамған жер. Олар туған жердегі құдықтың ма­кетін жасап, ол жерде Балғожа Жаңбыршиннің ауылы болғанын еске салатын плита қойылды. Щер­­ба­ков ауылының кіре­бері­сіне Алтынсарин саябағы салыну­да, балаларды оқытып тұрған ұлы ұстаздың ескерткіші де бой көтер­ді. – Біздің халқымыз тарихының әр кезеңі ішкі, сыртқы туризмге материал ретінде сұранып тұр. Ыбырай атамыздың туған жерін, кесенесін көруге ынтығып келетіндер аз ба? Тамылжыған табиғат мынау. Мұның өзі жас ұрпаққа рухани азық және патриотизмге тәрбиелейтінін ес­керуіміз  қажет, – дейді аудан әкімі Батырбек Ахметов. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы.