28 Тамыз, 2015

Конституция және адам құқы

2230 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ата заңЕң алдымен айта­ты­нымыз – осы Конс­титуцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құ­қықтық шарттарға сай адамның құқықтарын қорғауға негізделген. Бұл ретте әлеуметтік және эко­номикалық, азаматтық пен саяси құқықтардың барлығын алсақ та, адам құқының қорғалуы 99 пайыз қорғау нормаларын қамтыған. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің құқықтық тұрғыда қалыптасуы үшін сол кездегі әлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптардың барлығы түгелдей дерлік енгізілген. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Конституциямыздың 1-бабы мен 12-бабына назар аударайық. Онда былай айтылады: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Демек, біз бірінші орынға адамды қойдық, одан кейін оның өмірі, содан кейін ғана барып мемлекет. Яғни, «мемлекет» деген ұғымды, адамның құқын қамтамасыз ететін құрылым ретінде қарау керекпіз. Ал енді Кеңес заманында бұл ұғым басқаша болатын. Бірінші – мемлекет, содан кейін – қоғам, ал адамның құқы үшінші кезекте тұратын. Қазір бәрі өзгерді. Маңыздысы сол – алдыңғы орынға адам шықты. Ал енді жоғарыда атап өткен 12-бапты көпшілік терең біле бермейді. Өйткені, онда ең алдымен, үлкен мән бар. Біз оны «табиғи тео­рия» дейміз. Осыны негізге ала отырып, кейде өлім жазасынан бас тартуды жөн санадық. Өлім жазасы жай нәрсе емес екені белгілі. Себебі, мұның бастауының өзі табиғи тұжырыммен тікелей байланысты. Айталық, адам табиғаттан туды, табиғат оны өзіне алып кетеді. Ал жоғарыда атап өткен 12-баптың 2-тармақшасында былай дейді: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады». Ендеше, адам болса, оның – құқы да бар, ал адам жоқ болса – құқық та жоқ. Демек, құқықтың қорғалуына мемлекет өзі кепілдік беріп отыр. Егер адам туылғаннан бастап құқықтары болса, оны қорғау міндет. Екіншіден, бізде құқықтық мемлекет деген тағы бір доктрина бар. Біз құқықтық мемлекетпіз. Оның да он екінші тармағында солай жазылған. Сондай-ақ, құқықтық мемлекеттерге қатысты кезінде Канттың теориясы болған – ол заңның үстемдігі әрі жоғары тұратындығы еді. Бірақ ол жерде адам құқықтары ұмыт қалып жататын. Айталық, фашистік Германияда да заң үстемдігі болған, бірақ олар адам құқықтарын қорғаған жоқ. Ал біздің Ата Заңымыздың 12-бап, 2-тармағында айқын көрсетілген осы – табиғи тұжырым адамның құқықтары. Құқықтық мемлекетте бұл тұжырым бірінші орында тұруы тиіс. Сонымен қатар, осы 12-баптың 4-тармағында: «Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады» делінген. Теориялық тұрғыдан нақты осылай жазылған. Өйткені, бұлар өзінің мазмұнымен өте құнды болып табылады. Мысалы, Венециялық комиссия мен Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы біздің заңды нормаларымыздың адам құқын қорғауға қабілеттігін тексергенде ол халықаралық шарт, талаптармен жүз пайыз сәйкес келді. Десек те, кейде біздің қоғамда Конституцияның емес, осыдан негізін алып тарайтын заң нормаларын орындау барысында олқылықтар көрініс тауып жатады. Заң мен оның баптары қалай орындалады? Міне, осы жерде мәселе туындайды. Тіпті, кейде заңдардың Конституцияға сәйкес келмейтін кездері де болып жатады. Алайда, Ата Заңымызда барлық мәселе айқын әрі нақты жазылған. Сонымен қатар, басымдық бере айтқым келе­тіні – Конституцияның 39-бабы. Онда да халықаралық стандарттарға сай келетін барлық мәселе терең жазылған. Яғни, осы баптың бірінші тармағында: «Адамның және азамзаттың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін» делінген болса, 2-тармағында: «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп, нақты атап көрсетілген. Демек, адам құқы белгілі бір шеңберде шектелуінің өзі халықаралық талап, нормаларға қайшы емес деген сөз. Тек бұл жерде құқықты шектеу, Үкіметтің немесе Парламенттің шешімімен емес, тиісті заңдармен ғана шектеледі деп көрсетілген. Осы ретте заң өзінің негізін Конституция шеңберінде ала отырып және ол Конституцияда көрсетілгеніндей орындалуы тиіс. Біз бұл деңгейге әлі толық жете алмай жатқан жайымыз бар. Ол үшін бәлкім біршама уақыт керек шығар. Мысалы, телефонның тыңдалмауы, электронды поштаңыздың тексерілмеуі, жеке өміріңізге қатысты құпия мәліметтердің жария болмауы, мұның бәрі де жеке азаматтың негізгі құқықтары болып табылғанымен, кей кездерде жеке адамның осы құқықтарының өзін шектеу туралы арнайы тармақтар жоқ емес. Олар ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптің алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, жеке адамдардың құқын сақтауда және денсаулықты сақтауға байланысты кері әсер ететін әрекеттермен күресу. Мысалы, нашақорлыққа қарсы күресу шаралары. Кейде азамат құқын имандылық үшін де шектеуге тура келеді. Себебі, соңғы жылдарда әлемді үрейлендіре бастаған терроризм мәселесі биліктің кейде адам құқын шектеуіне тура келетіндігін конституциялық тұрғыдан дұрыс деп қабылдағанымыз жөн. Осы жайттарға байланысты практикалық бір мысал келтірейік: айталық бір кісі қоғамдық орында әлем-жәлем киініп жүрсе, оның қоғамға кері әсері жағымды болмасы анық. Бұл жерде ондай азамат құқының қорғалуын алға тартқанымызбен, жоғарыда аталған баптың тармақтарына сәйкес, өзге азаматтардың қауіпсіздігі мен құқының қорғалуы үшін әлем-жәлем киінген адамның құқын шектей отырып, жауапкершілікке тартуға тура келеді. Міне, бұл мәселе де Ата Заңымызда айқын жазылған. Марат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқы жөніндегі институт меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Астана.