Таяуда Тұңғыш Президент қоры ғимаратында Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов жалпы құны 10 млрд. теңге болатын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта аталмыш меморандумға сәйкес Алматы қаласының кәсіпорындары Астанада өтетін аса маңызды халықаралық жобаға қатысып, ЭКСПО-2017 жобасын ұйымдастыруға ғана емес, құрылыс жұмыстары мен пайдалану кезеңінде өз өнімдерін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға мүмкіндік алды.
– Бүгін біздің қаламызда өте маңызды іс-шара өтіп жатыр, – деді жиынды ашқан қала әкімі Бауыржан Байбек. – Еліміз үшін аса маңызды ЭКСПО-2017-ні өткізу үшін бас мердігер, Ұлттық компанияның төрағасы Ахметжан Смағұлұлы командасымен өзінің сүйікті қаласына келіп, ондағы мүмкіндікпен танысып, кәсіпкерлерге қолдау жасамақ. Оның үстіне ол кісі қаладағы көптеген маңызды жобалардың негізін қалаған адам. Бүгінгі форумға екі жүзден аса қаладағы ірі кәсіпорындардың басшылары қатысып, форум аясында олардың 40-тан астамы өз тауарының жәрмеңкесін ұсынып отыр. Бұл дегеніңіз – құрылыс материалдары, құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар, жиһаз, киім-кешек, жәдігерлік бұйымдар. Шығаратын өнімдерінің сапасы өте жоғары. Елбасы айтқандай, ЭКСПО – әсіресе бүгінгідей қиын уақытта экономикамыздың драйвері. Соның негізінде туризм саласын дамытып, инвестиция мен жаңа технологияларды тартып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сондықтан сапалы өнім шығаратын алматылық компаниялар ЭКСПО-2017 көрмесін қолдауға белсенді араласатынына сенімдіміз.
ЭКСПО-2017 жалпыұлттық жобасы аясында Алматы қаласында аймақтық іс-қимыл жоспары әзірленгенін, соған сәйкес Алматы қаласы ел тарихындағы елеулі шараны жоғары деңгейде өткізуіне зор үлес қосатынын, ол үшін қаламызда барлық мүмкіндіктер бар екенін жеткізіп, баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, сондай-ақ, қалада 184 мың бизнес субъектісі, оның ішінде 1800 өндіріс орны, 2,5 мың құрылыс компаниясы, 900-ге тарта туристік фирма, 122 қонақүй орналасқанын, олардың көпшілігі аталмыш жобаға қатысуға үлкен қызығушылық білдіріп отырғанын жеткізді.
Оған қоса Бауыржан Қыдырғалиұлы келісімшартқа қол қойылған соң «Жол картасы» қабылданатынын, сол бойынша Алматы қаласы ауқымды шараны өткізуге өзіндік үлес қосып, жарнама, ұйымдастыру, т.б. жағынан үлкен көмек көрсететінін тілге тиек ете кетті. Мегаполисте соңғы 3 жылда инвестиция көлемі 12 пайызға, ал технологиялық инновациялық кәсіпорындарға жұмсалған қаражат 2 есеге артқан. Алматының 30-дан астам өндіріс ошағы өз өнімін ТМД, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттайды.
Өз кезегінде сөз алған «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Алматы кәсіпорындарының қатысуынсыз халықаралық көрмені өткізу мүмкін еместігін жеткізді.
– Көптеген компаниялардың дамуын жақсы білемін. Оларда өзім болғанмын. Алматының әлеуеті өте жоғары екенін де білемін. Алматы – еліміздің басты локомотиві. Мұнда ғылым мен білім ошақтары, ірі өндіріс орындары шоғырланған. Бірақ осыған дейін қаланың ЭКСПО-2017 жобасындағы қатысы өте белсенді емес болатын. Сома да аса мәз емес – 550 млн. теңге. Бүгін құны 10 миллиард теңгеге серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылмақ. Әзірге меморандум 8 облыспен жасалып, жалпы 300-ге жуық кәсіпорын жұмылдырылды. Алматы – келісім жасалып отырған 9-шы аймақ. Жалпы алғанда сегіз аймақтан 23 млрд. теңгеге келісімшарт жасалып, 10 мың жұмыс орны пайда болды, – деді Ахметжан Есімов.
Осылайша, Алматы ЭКСПО-ның тығыз қарым-қатынас орнатқан 9-шы өңірі болды. Бүгінде құрылыс алаңында 7800 адам тер төгуде. Президентіміз айтқандай, бұл жоба – дағдарыс кезінде жаңа жұмыс орындар ашып, кәсіпорындардың тынысын кеңейтуге мүмкіндік беретін жобалардың бірі болмақ. Сондай-ақ, екі тарап меморандумды жүзеге асыру бойынша қолға алынатын шаралардың жоспарын құрды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».