Философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан РЫСҚАЛИЕВПЕН әңгіме
Бүгінгі қазақстандық қоғамға тұлғалар қажет пе? Әрине қажет. Тіпті тұлғалардың қажет дәуірі енді туып отыр десе де болады. Өйткені, жас мемлекеттің алдында тұрған жаңа да тың, күрделі міндеттер тек тұлғалар, олардың түсінігі, ерік-жігері мен іс-қимылы арқылы жүзеге аспақ. Тұлға болмаса өркениетті өмір жоқ. Оған қоса сапалы білім, еселі еңбек, өнікті өнім де болмақ емес. Сондай-ақ тұлға болмаса, ғылым мен мәдениетте, өндірісте бәсекелестік те болмайды.
Бүгінгі егемен елімізде Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан тұлғаны қалыптас-тыруға қажетті барлық шаралар белгіленген. Әрі ол қазір кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асып келеді. Әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық реформалар, “Мәдени мұра”, “Болашақ” бағдарламалары, “Интеллектуалды ұлт” жобасы және интеллектуалды ұрпақ әзірлеуге бағытталған мемлекет гранттары осы пікіріміздің дәлелі. Мұның бәрі тұлғаның жан-жақты қалыптасуына тиісті негіз қалайды. Тұлға деп осындай объективті жағдайларды тиімді пайдаланып, өзін-өзі ұдайы дамытып, жетілдіріп, қамшылап отыратын адамды айтсақ керек.
– Тілекжан Хасенұлы, кешегі кеңес заманының басты бір кемшілігі – тұлғаны көзден таса қылғаны десек, қателеспейтін шығармыз. Марксизм-ленинизм ілімі қоғам дамуының қозғаушы күші – халық бұқарасы деген қағиданы алға қойды. Ал оларға ықпал етіп, жол көрсететін жеке тұлғалардың орны мүлдем ескерілмей қалды. Сіз бұған не дейсіз?
– Кешегі кеңестік кезеңде адам жөнінде, тұлға жөнінде мүлдем айтылмады десек, шындыққа көлеңке түсіріп алғандай болармыз. Айтылмады емес, айтылды. Әйтсе де ол кезде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті жағдайлар болған жоқ. Тіпті керек десеңіз кеңестік қоғамға тұлғаның қажеті де болмады.
Тіпті кеңес дәуірінде адам жөнінде, тұлға жөнінде көп айтылғанымен, ол кезде тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдайлар болған жоқ. Тіпті Кеңес Одағындағы социалистік қоғамға тұлғаның қажеті де болмады. Өйткені, өзіндік ойы, пікірі, қылығы бар тұлға идеологиялық үгіттеуге, икемдеуге көне бермейді. Ол кезде бәрін шешетін жеке тұлға емес, халық бұқарасы болды. Кеңес дәуірінде кең тараған қағида – көптің сөзі қашанда дұрыс дегенге саятын еді.
Тұлға мен бұқараның ара-қатынасын данышпан Абай дөп басқан:
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басымдық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Бұл арада Абайдың “единица” деп тұрғаны жеке тұлға. Оның өз келбеті мен тұғыры бар. Ол не істейтінін, не істеу керек екенін жақсы біледі. Абай өзін артына халқын ерте алатын тұлға деп білді. Тұлға, жетекші болмаса, көпшілік топқа, тобырға, дүрмекке айналып, нөл болып қалар еді. Нөлдер оң шамаға айналу үшін олардың басында тұлға тұруы керек және өздері де тұлғаға айналуы керек. Ынжық, енжар, жалқау адам тұлғаның жайын білмейді, тұлға болғысы да келмейді. Оған тұлға, субъект болғаннан гөрі, көптің бірі болып, көптің ықпалымен жүрген тиімді.
Батыс философы Фридрих Ницшенің пікіріне сүйенсек: тарихтың мәні мен мақсаты қалың бұқараны құрайтын, бір-біріне мүлдем ұқсас адамдарды мыңдап, миллиондап өмірге әкелу емес. Асылдарды, дара тұлғалар мен даналарды баптап өсіру. Бұл меніңше құптауға, құлақ қоюға әбден тұрарлық қағида. Дәл осы философиялық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда адамзат дамуының айшықты белгісі көпшілік, бұқара емес, жалпы жұрттың деңгейінен биік тұрған даралар мен дара тұлғалар болмақ. Осы тұрғыда Ф.Ницше өзінің асқан тұлға (сверхчеловек) туралы ілімін жариялағаны белгілі.
– Ницше дейсіз. Қалай ойлайсыз, өзіңіз мысалға келтіріп отырған осы Ницшенің ілімінде көпшілік пен халық бұқарасын дара тұлғаға, яғни элитаға қарсы қойғысы келетіндей сарын сезіліп қалатындай ма, қалай өзі?
– Иә, бір қарағанда оның көзқарасында осындай өктемшілдік пен астамшылық белгісі байқалып қалатыны да рас. Алайда оның адамзаттың болашағы туралы қам жеуден туған жанайқайында адам баласына ой салар мәселелер де жеткілікті.
– Ендеше, жөн екен. Олай болса, сіздің ойыңызша, сол батыс философы жариялаған асқан тұлға деп аталатын топқа кімдерді кіргізуге болар еді?
– Асқан тұлға деп біз басқаларға ұқсамайтын, сөзімен де, ісімен де басқаларға үлгі бола алатын, дүниедегі барлық ауыртпалық пен жауапкершілікті иығына арта алатын адамды айта аламыз. Асқан тұлға абстрактілі ұғым емес. Мұндай адамдар дүниеде болған, бар және бола бермек. Петр Чаадаев өз отаны – Ресей мен орыс халқы туралы асыра және батыра өткір сын айтқаны тарихтан белгілі. Бұл сын ұлы Пушкиннің сөзімен түйіндесек, бүкіл “Ресейді ұйқыдан оятты”. Сөйтіп, орыстардың ХІХ ғасырда әдебиет, өнер және ғылым саласында суырылып алға шығуына шешуші ықпал етті.
Өрімдей Шоқан біртуар еңбектері және Қашғарияға жасаған қауіпті сапары әрі қайталанбас болмыс-бітімімен орыс халқына, Ресейге, кейін Еуропаға қазақтың қандай халық екенін паш етті. Қалыптасқан тәртіп бойынша Қашғарияға жасаған сәтті сапары үшін Шоқанға бұратана ұлттың өкілі ретінде Әулие Анна орденін беруге болатын еді. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорт Александр ІІ патшаға тап осындай ұсыныс жасаған өтініш жазады.
Патша бұл награданы жеткіліксіз деп тауып, бұйрыққа: “Валиханову Вл...” деген бұрыштама соғады. Мұнысы 25 жасар қазақ саяхатшысы әрі орыс офицері Шоқан Уәлиханов орыстарға берілетін жоғары Владимир орденіне лайық деп есептегені еді. Сондай-ақ Абай өзінің өшпес өлеңдері және өткір Петр Чаадаев секілді өз халқын аяусыз сілкілеген қарасөздері және “мыңмен жалғыз алысқан” қилы тағдырымен қазақ халқына өсіп-жетілудің небір жолдарын көрсетіп берді.
Міне, бұларды асқан тұлға деп тануға әбден болады. Асқан тұлға деп қытай халқына ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында алға басудың қытайлық жолын көрсетіп берген Дэн-Сяопинді жатқызуға болады. Алақандай аралда орналасқан Сингапурдың атын әлемге жайған Ли Куан Ю да – асқан тұлға. Асқан тұлға болудың, еліне, халқына аянбай қызмет етудің, елінің де, өзінің де мерейін өсірудің озық үлгісін біз Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінен де көре аламыз.
Тұлға өзімен ғана емес, елімен, халқымен тұлға. Оған өзін ғана өсіру, өзін ғана қамтамасыз ету аз. Ол елін, халқын өсіруге, жетілдіруге, аяғынан тік тұрғызуға тырысады. Қазір қалада да, ауылда да дәулетті кәсіпкерлер көбейіп келеді. Сөз жоқ, бұл – өте жақсы нышан. Алайда олардың көпшілігін сөздің дәл мағынасындағы тұлға деп атау қиын. Көбісінің өрісі тар. Ұлтжандылығы мен елжандылығы жетіспейді. Мемлекеттік ауқымда ойлауға өрелері жете бермейді. Тек жеке басының қамымен ғана шектеледі.
– Ал әкімдер ше, айталық, облыс әкімдерінің бәрін тұлға деп санай аламыз ба?
– Бұл сұраққа былай деп жауап беруге болады. Атына, затына сай әкімдер, әрине, тұлға болулары керек. Олар өз аудандары мен облыстарына қарасты мәселелерді өздері дербес шешеді. Олар елі үшін, халқы үшін, жері үшін жауап береді. Сондай әкімдер бар. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болып істеген Қырымбек Көшербаевты Ақжайық өңірінің тұрғындары тұлға деп бағалады. Сондай-ақ мен тұлға деп Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовті және Батыс Қазақстан облысының бүгінгі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті айтар едім.
– Тұлға деген ұғым философиялық категорияға жата ма?
– Әрине. Философияның басты нысанасы, зерттейтін мәселесі – адам. Философия адамтанумен айналысады. Адамның тұлғаға айналуы кездейсоқ болмайды. Тұлғаны қоғам және тарихи уақыт туғызады. Қайта өрлеу дәуірінде содай заман туғанын, тұлғаға сұраныс пайда болғанын философтар тез арада байқады да, тұлға ұғымын талдай бастады. Тұлға дегеніміз – субъект. Тұлға басқаларға ұқсамайды. Өзінің кім екенін, қандай екенін, өзінің дүниеге қатынасын білетін адам көптің бірі емес. Ол – тұлға. Оның өз келбеті мен ойы, пікірі мен көзқарасы бар. Ол өзінше әрекет жасайды. Ол басқаның жетегінде жүрмейді, керісінше, соңынан көпшілікті ерте біледі. Өйткені, оның өзіне көшбасшылық тән.
Тұлға – ар-намыстан жаратылған жан. Ол қалай болса солай өмір сүрмейді. Қалай болса солай еңбек етпейді.Ол қай кезде де, қай жерде де өзінің жауапкершілігін жақсы сезінеді. Тұлға болмаса, демократия жоқ. Демократия дегеніміз – тәртіп пен реттілік, жөн-жосық, өзінің емес, өзгенің, бүкіл жұрттың қамын ойлау. Тұлға ұғымының алға шығуы, тұлғалардың қалыптасуы бүгінгі қазақстандық қоғамға тән. Жоғарыда айтылғандай, нарық та, тиімділік те, бәсекелестік те, сөз бен істің ұштасуы да қазіргі заман алып келген оңды өзгерістер. Бүгінгі заманның тағы бір ерекшелігі тұлға секілді сирек кездесетін құбылысты көпшілікке, жалпы жұртқа тән құбылысқа айналдыра алуында.
Мұнсыз қоғам табыстан табысқа жете алмас еді. Осыған қарап дамыған өркениетті елдерде адамдардың бәрі бірдей тұлға болып кеткен екен деген ұғым тумайды. Әрине, бәрінің де тұлға болуға мүмкіндігі бар. Бірақ бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Алайда тұлғалар бар қоғамда бәріне шешуші ықпал ететін бұқара емес, орташа адам емес, сол тұлғалардың өздері екенін де ашық айтатын кез келді. Тұлғаның қалыптасуы ананың, мынаның қалауымен болмайды. Тұлға тек қоғамда ғана тұлға. Демек, тұлға ең алдымен қоғамға керек. Қоғамға тұлғаның пайда болуына қажетті жағдайлар болуы керек дейтініміз де сондықтан.
Тұлға деген ұғымды ұлы Абай, әрине, қолданбайды. Бірақ оның мәнін ашатын ойларға беріледі. Ол, мысалы, адам болудың жолдары туралы ойланып-толғанады. Адам болу үшін өзін-өзі танып, өзін-өзі жүзеге асыру керек. Бұл – адам атына лайық болу керек деген сөз. “Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын”, дейді Абай. Адамның надан болуға қақы жоқ.
– Адам болу үшін, тұлға болу үшін тағы не керек?
– “Талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым” керек. Адам болу үшін дүниеге кірпіш болып қалану керек. Тағы не керек? “Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” керек.
“Адамзатқа не керек?” деген сұрақ қояды да, оған Абай: “Керек іс бозбалаға – талаптылық”, дейді. Оның үстіне “Ақыл керек, ес керек, мінез керек”, деп қосады. Мінезі жоқ, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен адамның қолынан түк те келмейді.
Тұлғаны қолдан жасаудың мүмкін еместігі жөнінде мынандай бір тәмсіл бар. Ағылшын королі Яков І-ге бала кезінде оны тәрбиелеп өсірген күтуші әйел: “Менің баламды джентльмен етіп шығаршы, сенің қолыңнан келеді ғой”, деп өтініш жасайды. Бұған король: “Жоқ, бұл менің қолымнан келмейді. Мен оны граф ете аламын. Ал джентльмен болу — оның өз ісі”, деп жауап береді. Сол сияқты, адамның айналасындағы орта оған қолайлы жағдай туғызып, тұлға болуына ықпал ете алады. Ал тұлға болу не болмау оның өзіне байланысты. Адам ата-анасына, қоғамға, қаласа құдайға да сеніп үміт арта алады. Алайда түптің түбінде адамның тұлға болып шығуы бәрібір оның өзіне байланысты. Сондықтан бүгінгі тұлға туралы толғанысымызды тағы да Абайға жүгініп, оның екі жол өлеңімен түйіндегенді жөн көремін.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
– Тілекжан Хасенұлы, бүгін тұлға ұғымы және оны қалай қалыптастыру жөнінде газет оқырмандарына ой салатындай әңгімелер айтылды ғой деп ойлаймыз. Сол үшін де сізге көп рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.