Оңтүстік – аграрлы өңір. Ала жаздай кетпені күнге жарқырап егістік алқабында жүрген диқан қоңыр күзде еңбегінің берекесін күтеді. Қырық градус аптаптың астында жүріп өсірген өнімінен кейде шығынға шығып, шақшадай басы шарадай болып жататыны да бар. Себебі, өндірген тауарын алушы аз. Егістік басына барып, екі қолын бір-біріне соғып көрмеген делдалдың тауарын жарты бағасына сұрап қарадай күйдіретіні және бар.
Мұндайда тығырықтан облыс әкімдігі шығарады. Оңтүстікке түрлі мемлекеттерден елшілер келіп жатады. Екі жаққа да тиімді тұстарды айқындап, кәсіпкерлердің басын қосады.
Жақында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Патарадзені қабылдады. Басқосуда екі жаққа да тиімді жобалар талқыланды. Облыс басшысы Оңтүстіктің түрлі саладағы мүмкіндіктерін таратып айтып, егер грузин кәсіпкерлері инвестиция салуға ниет білдірсе, екі мемлекетке де пайдасы болатындығын жеткізді. Негізінен тау-тасты өңірде тұратын Грузияға аграрлы Оңтүстікпен іскерлік байланыста болу тиімдірек. Бұл жайында елші өз ойын білдірді. «Өздеріңізге белгілі, Грузия мен Қазақстан, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы аймақ ретінде танымал өлкелер. Сондықтан, біздің тарап Қазақстанмен арадағы тауар айналымының артуына қызығушылық танытып отыр. Грузияның өнімдері Қазақстанға экспортталып, сәйкесінше, қазақстандық тауарлардың Грузияда импортталуына біз дайынбыз», – деді З.Патарадзе.
Зураб Патарадзе жуық арада Астанада өтетін ауылшаруашылық көрмесіне грузин кәсіпкерлерінің келетіндігін, бұл сапар қазақ-грузин ынтымақтастығын одан әрі нығайтатындығын, екі жаққа да тиімді жобаларда бірлесіп жұмыс жасайтындықтарын мәлімдеді. Мұндай пайдалы кездесулер облыс ауыл шаруашылығының кеңірек қанат жаюына жаңа серпін бермек.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.