Ықылым заманнан қой бағу да ата кәсібіміз болып саналатыны мәлім. Ата-бабаларымыз жөн сұрасқанда «мал-жан аман ба?» деп амандасқан. Төрт түлік малдың ішінен қой малына ерекше көңіл бөлген қазақтың «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген аталы сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек. Қой малы халқымыздың өміріне арқау, қойдың жүні мен терісі кисе киім және баспана болған. Киізбен жабылған үй өте жылы, таза, кеңістігі жайлы. Киіз суықты, ыстықты, суды өткізбейді, тез тұтанып жанбайды, киіз төселген жерге қарақұрт жоламайды. Бұл көшпенді елдің қажетін өтеген. Сондай-ақ, қой етінің өзіндік ерекшелігі де бар. Қазақы қойдың құйрық майын ерітіп ішіп, суық тигенде ем ретінде пайдаланған, суық тиген сәбилерді құйрық маймен сылап емдеген. Қойдың сүті өте майлы, шайға қатық ретінде көп ретте қой сүтін пайдаланған. Осындай құндылығы үшін бүгінде Австралияда, Еуропа елдерінде, Моңғолияда, Қытайда, Канадада қой етінің сапасын жақсартып, көптеп қозы етін экспортқа шығара бастады. Сөйтіп, қой етін көптеп шығарып, сапасы жоғары етпен рынокты қамтамасыз етуге ден қоюда.
Ата кәсібімізді дүниежүзілік стандартқа сай Елбасының агрокешенді дамыту жөнінде алдымызға қойған тапсырмасына сәйкес, «Агробизнес-2020» бағдарламасын басшылыққа ала отырып іс жүзіне асырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы алғанда, республика көлемінде 17 миллионнан астам, Алматы облысында 3 миллионнан астам қой малы бағылуда. Алматы облысында 14 миллион гектар жайылымдық жер бар.
Рас, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда 37 миллионнан астам біркелкілік сақталған отар-отар қой малы болды. Енді өткенді көксемей қой малын өсірудің әлбетте біркелкілігін сақтай отырып тың жолын іздеу керек. Мәселе біртіндеп шешімін тауып та келеді. 2010 жылдан бастап осы саланы дамыту туралы өзіндік ойын қорытып жүрген Ұлттық аграрлық университеттің кафедра меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Төлеухан Садықұлов бастаған танымал ғалымдармен, білікті мамандармен ақылдаса келе, ортақ мүддеге ойымызды тоғыстырдық. Республика дәрежесіндегі қой шаруашылығына тиесілі бірінші «қанатқақты» жоба былай түзілді. Біріншіден, қойды түрі, жасы және беретін төліне қарай бірдейлендіру керек. Екіншіден, бәсекелестікті арттыру уақыт талабы. Үшіншіден әлемдік стандартқа сәйкестендіру қажет. Төртіншіден, өнім сапасын арттырып, өзіндік құнын сақтау, тіпті, арзандатуға қол жеткізу. Сонда жұмыс алға басары хақ. Ол үшін республикамызда қой шаруашылығын біріктіретін палата құру қажет. Палатаның алғашқы жұмысы құрамына кіретін шаруашылықтардағы қой малын сұрыптап, қай бағытта өсіру керектігін белгілеп беру керек. Отарлардағы қошқарлар бөлініп, бағылады. Бұл айтылып отырған жай сөз емес. Кеңестік дәуірдің де жақсы жағын ала отырып, уақыт ағымына сәйкестендіре, шетелдік сан тәжірибеден өткен құралдарды пайдалана, жағрафиялық орналасу ыңғайлылығымызға сай тың қадам жасау деп санаймыз. Кезінде қой малын ұрықтандыру, төл алу, етке өткізудің де өзіндік жүйесі болған. Сондықтан, жаңадан құрылатын палата ережесінде мал азығын дайындау үшін шабындықтар мен жайылымдық жерді ретімен пайдалану да нақтыланған. Ветеринариялық қызмет өз алдына.
Шетелдік инвестормен бірлесе, кеңесе отырып, әуелгі кезекте Жетісу жерінен сыйымдылығы 5 мың бас қой сыятын 3 бордақылау, 3 қой сою пункттерін салу нақтыланды. Бордақылауға кіргізілетін қой малының контингентін жыл бойы 75 мың басқа жеткізіп, жайлаудан түсетін қойды қосқанда алғашқы жылы шетелге шығаратын қой басын 100 мыңға толтыру көзделген. 50 тонналық тоңазытқыш орнату, 3 дана жиырма тонналық автокөлік сатылып алынады. Қой жүнін, терісін өңдеу жұмысына Алматы облысының Райымбек ауданындағы «Қуат ЛТД» және Қаратал, Талғар, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласында тоқтап тұрған өндіріс орындары қосылады.
Қорыта айтқанда, осынау игі қадам алдын ала тиісті орындар назарына ұсынылып, түрлі деңгейдегі кездесулер өткізіліп, мақұлданды. Сөйтіп, барлық мәселе қаражатқа тіреліп тұрған, заманның ағымына сай әрекет еттік. Ғалымдар тарапынан ұсынылған ұсыныс билікте отырған азаматтар тарапынан қолдау тапты. Өйткені, тың қадам жан-жақты дәлелденді. Нәтижесін уақыт атты төреші көрсетеді. Үміт құрғақ сөзге ғана артылған жоқ. Сенім бар.
Тынышбай ДОСЫМБЕКОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
Алматы облысы.